» » БҰЛ – СТУДЕНТ ҮШІН КҮТПЕГЕН ҰСЫНЫС

БҰЛ – СТУДЕНТ ҮШІН КҮТПЕГЕН ҰСЫНЫС

 Сымбат ЖАПБАРБАЕВА,  Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың IV курс студенті :
"Миллион тұратын мектепте жұмыс істеймін
− Астанадағы «Nurorda» мектеп-лицейі Project Basrd Learning оқыту әдісін қолданатын санаулы білім ордасы. Осындай беделді оқу орнына қалай келдіңіз? Мектепте қандай қызмет атқарасыз?
Мектепке  психолог маман ретінде арнайы шақыртумен келдім. Менен бұрын қызмет істеген маман белгілі себептермен басқа жаққа ауысыпты. Қазіргі кезде Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың IV курс студентімін. Мұндай ұсынысты өзім де күтпеген едім. Университетте мамандыққа сай жұмыс істейтін болсаң, сабаққа еркін түрде қатысуға болады. Тек аралық емтиханды уақытылы тапсыру қажет. Сондықтан бұл мүмкіндікке ұстаздарым қарсы болмады. Одан кейін мектеп-лицейдің басшысымен келісім шарт жасадық. Осы уақытқа дейін мектеп қабырғасында жұмыс істемегендіктен, әзірге куратормын. 3 сыныпқа жетекшілік етіп, оқушылардың сабақ үлгерімін бақылау, ата-анасымен байланыс жасау, денсаулығын, тәрбиесін қадағалау менің негізгі міндетіме кіреді. Сол арқылы тәжірибе жинақтап жүрмін.
− 2017-2018 жыл аралығында  «Nurorda» ең мықты мектептердің ішінде 4 орын иелініпті. Бұл жерде қарапайым қазақ балалары оқи ала ма?
− «Nurorda»-да оқушылар ақылы түрде оқиды. Шамамен оқу ақысы 2 – 4 миллион аралығында. Оқушылар мектепте таңертеңгі 8.30-дан кешкі 18.00-ге дейін болады. Мұнда балалар үшін барлық жағдай жасалған. Сондықтан қарапайым қазақ балалары оқиды деп айта алмаймын. Көп жағдайда жоғары мансапты қызметкерлердің, жеке кәсіпкерлердің балалары білім алады.
− Мұнда математика пәніне баса назар аударылады екен...
− Иә, менің сыныбымда «Қызықты математика» және математика пәнінің өзі күнделікті болады.
− Бір қызығы, мектепте домбыра үйрену міндетті пән қатарында. Мектепте сіз байқаған тағы қандай өзгешеліктер бар?
− Мектептегі барлық оқушы домбыра тарта алады. Мен қызметке алғаш келген кезде үйірмелер тоқсандық қорытындысын берген болатын. Сол кезде байқағаным, бірінші сынып оқушыларынан бастап бәрі домбыра шертеді. Сондай-ақ әр үзіліс сайын қоңырау үні ретінде күй ойналады. Тағы бір ерекшелігі, оқушылардың үзіліс уақыты өте қызықты өтеді. Мысалы, 9.00-де сабақ басталады. 40 минуттан соң балалар таңғы асқа барады, одан кейін сабақты қайта жалғастырады. Осы уақыттағы үзілісте оқушылар мектептің орталық алаңына жиналады. Бастауыш сынып оқушыларының бәрі «Қара жорға» биін билейді. Би түрлері күн сайын ауысып отырады, бірақ күн ара «Қара жорғаны» билеп жатқан оқушыларды көресіз. Бидің әрбір қимылын  нақышына келтіре орындайтын ұл-қыздарды көріп еріксіз сүйсінесіз. Бұл − балалардың зерігіп кетпеуі үшін ұйымдастырылған сергіту сағаты. Одан кейінгі 15 минут кітап оқуға арналады. Оқушылармен бірге барлық мектеп қызметкерлері бір сәт кітапқа бас қояды. Мектептен іш пыстырарлық дүние байқамадым. Мұндағы қызметкерлердің бәрі сыпайы, өте мәдениетті. Алғаш келген кезде жылы қабақ танытып, сыйластықпен араласатын ортаға таңырқай қарайтынмын. Құдды бәрі бір үйдің адамдары тәрізді қамқор, бауырмал, жанашыр.
−  Мектепте қазақ тілінің қолдану аясы қандай?
Ана тілінің дәрежесі өте жоғары немесе төмен деп айта алмаймын.Жалпы Астана тұрғындарының көпшілігі тілге шорқақ, басым бөлігі орыс тілді. Ал мектеп-лицейде қазақ тіліне айрықша көңіл бөлінген. Барлық кабинетте қазақ тілін міндетті түрде білу қажет екендігі туралы тақтайшалар ілініп тұрады. Солай бола тұра оқушылар қазақша сөйлеуге қиналады. Сол үшін сабақ уақытынан тыс балалар қазақ тілі курсына барады.
"Intellektym креативті ойлауға үйретеді
− 2016 жылы Астанада өткен байқауда сіздің Intellektym жобаңыз Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің тарапынан қолдау тауып, жобаны барлық мектептерге енгізу жөнінде ұсыныс айтты. Министрдің ұсынысы жүйеге енді ме? Енбесе не кедергі?
− Intellektum ба­лалардың креативті ойлау, жоспарлау, логикалық және шығармашылық тұр­ғы­дан ұтқыр шешім қабылдап, өзін-өзі эмо­ционалды түрде басқара алуына ық­пал ететін жоба. Айғағы, бұл бастама 18 мың ба­лаға зерттеу жүргізу арқылы қабыл­дан­ған. Intellektym республикадағы барлық мектеп, балабақшаға жеке пән ретінде енгізілсін деген пікірге ие болды. Бұл жоба 2014 жылы Nurorda мектебінде тәжірбиеден өткен. Негізгі авторы – Осман Бей деген кісі. Қазіргі кезде мектеп-лицейде жеке пән ретінде және үйірме сағатымен оқытылады. Одан бөлек Астанадағы 15 мектепте қолданылады. Әлемнің ең үздік 32 ойын түрі арқылы балалардың ойлау жүйесін дамытатын жоба осы кезге дейін Қызылордадағы Е.Әуелбеков атындағы №4 облыстық мектеп-интернатында қолға алынды. №3 мектеп-лицейде де жобаны енгізу жұмыстары жүргізілген. Алайда бұл бастаманың жаппай қолданылуына қаржылық қиындықтар әсер етуде. Оған қоса мектеп басшысы мен ата-аналар түсіністік таныту қажет. Осы орайда Қызылорда облысында да Intellektym жобасы қолдау тапса, инклюзивті білім алатын және мүгедек санатындағы балалар үшін  үлкен көмек болар еді.
− Бұл кезге дейін Booksima атты интернет кітап дүкенін ашқаныңыздан хабардармыз. Жалпы бастамаларыңызға кім бағыт береді?
− Booksima арқылы Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың бірінші ғимаратында студенттерге қызмет көрсеттік. Жазба дәптерлерін дайындап, сатып алушыларға сапалы етіп ұсындық, кітапқа тапсырыс берушілердің сұранысына сай еңбек еттік. «Жалпы бастамаларыңа бағыт берген не нәрсе?» деп сұрағаныңыз дұрыс секілді. Себебі мен барлық бастамамды үлкен құлшыныспен, зор сүйіспеншілікпен жасаймын. Сондықтан да ол нәтижелі, сапалы болады. «Сүйікті хоббиді жұмысқа айналдыр. Сонда сен ешқашан жұмыс жасамайтын боласың» деген сөз бар. Ал жұмысыма Қуаныш Дәуренбекұлы, Нұрлан Құлмырза, Жандос Оразмаханов сынды ағайлар мотивация беріп, ақыл қосады.
−Адамның жақсы болуына ортасы әсер етеді. Кейде қасиет, білім, мінез де дос-құрбыға тартып кетеді. Сіз араласатын орта қандай?
− Әрине тұлға ретінде қалыптасуға айналамыздағы адамдардың  ықпалы зор. Әсіресе ата-анадан жырақ жүретін студенттік шақта. Жалпы жасөспірімдердің шешім қабылдауына 70-80% ортасы әсер етеді. «Бір адамның кім екенін білгің келсе, досына қара» деген сөзді үнемі есте ұстаймын. Мен араласатын орта белсенді, адал, білімді жастардан тұрады. Мысалы, менің Алматыда бірге оқыған Гүлімжан есімді құрбым бар. Қазір бірнеше мекеменің басшысы, «Сенім» атты хостелдің иесі. Көбіне екеуміздің ойымыз, мақсатымыз ұштасып отырады. Жолыға қалсақ, «елге пайдалы қандай бастаманы жүзеге асыруға болады?» деген сұрақ төңірегінде ақылдасамыз.
− Белгілі бір жұмысты қолға алмас бұрын дедлайн белгілейсіз бе? Сіздегі тайм-менеджмент жайлы айтып беріңізші?
Жұмыс істеу барысында дедлайн белгілемеймін. Өйткені мен үшін сапа маңызды. Қолға алған бастама тиянақты бітуі үшін уақытты шектемеу қажет. Дедлайнға үлгереміз деп кейде ісіміз шала болуы мүмкін. Тек маңызды жұмыстарды жазба дәптеріме түсіремін. Мәселен апта бойы немесе әр күн сайын атқарылуы тиіс жұмыстар. Бірақ уақытын көрсетпеймін. Ал Nurorda-да бәрі минутпен есептелген.
"Басқалардың өмірін бақылау құрбандықпен тең
− Бәсекеге қалай қабілетті болу сіз үшін қаншалықты маңызды?
− Мен үшін бәсекеде озық болу – ешқашан білімге деген қызығушылықты жоғалтпау. Білім деген – ЖОО-ның немесе магистратураның ережесі емес, адамның өзін дамытуы, өз қабілетін анықтай отырып, жетілдіруі. Жастарда мақсат, жоспар бар. Оларға жетіспейтіні −  сенімділік. «Мүмкін, жобам дұрыс емес шығар», «мен жайлы адамдар жаман ойласа қайтемін?» деген жағымсыз дүниелердің бәрі сенімсіздіктен туындайды. Адам өзіне сенсе, басқаларды да сендіре алады. Ал өзіңді сендіру үшін білімді болу керек. Мен Алматыда жүргенімде қызығушылықпен түрік, араб тілдерін үйрендім, ал Ақтауға барғанда бухгалтерлік курс негіздерін оқыдым, ораторлық шеберлікті  меңгердім. Байқап қарасақ, менің салама қажетті дүниелер емес. Бірақ білім ешқашан артық етпейді, ол кез келген ортада өзіңді еркін сезініп, адамдармен сауатты түрде сұқбаттасуға мүмкіндік береді.
− Сымбаттың біз білмейтін жоспары мен жетістігі қандай? Мәселен, тіл үйренуде...
− Қазақта «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарар» деген мәтел бар. Қазіргі атқарып жүрген жұмыстарымды жариялап, мақтан еткім келмейді. Мұның бәрі жетістік емес, тәжірибе. Жас кезде жаңа дүниелерге талпынуға, үйренуге, бастауға, адамдарға пайдалы дүние жасауға мүмкіндік көп. Мен осындай мүмкіндікті құр жібергім келмейді. Қазіргі кезде бес тіл білемін. Отбасы мен бала психологиясын зерттеуге жете мән берудемін. Өткен жылдың желтоқсан айында «Даму» академиясынан ұсыныс түсті. Арнайы аудиторияға психология, тайм-менеджмент тақырыбында спикер болуымды өтінді. Мен ойлана келе келісімімді бердім. Онлайн түрде сабақ жүргіздім. Тікелей эфирден соң қатысушылардың оң пікірін естідім, жақсы ниеттегі жазбаларын оқыдым. Менің кеңесімді тыңдаушылардың көбі үлкен кісілер еді. Ал мен небары 23 жастамын. Сол кезде адамдарға пайдалы ақпарат пен мотивация бере алғаныма қатты қуандым. Мүмкін ең үлкен жетістік осы болар...
− Әлемде ақпараттық ревоюцияның бағыты басым. Cіз әлеуметтік желідегі ақпаратқа қалай сараптама жүргізесіз?
− Әлеуметтік желіде таралған жаңалықтарды мүлде қарамаймын. Себебі ғаламтордағы ақпаратқа сенбеймін. Әншілердің, танымал адамдардың парақшасына да тіркелмеймін. Көбіне өз парақшамда пайдалы кітаптардың тізімін немесе адамдарға қажет деген ақпараттармен ғана бөлісемін. Менің энергиямды, уақытымды алатындықтан ақпараттарды тек сараптап оқуға тырысамын. Бұл – маңызды дүние. Мәселен, жағымсыз ақпарат елеусіз болғанымен, ол біздің миымызға орнығып қалады. Кейін ойлау жүйемізге әсер етеді. Басқалардың өмірін бақылау өз өміріңді құрбандыққа шалумен бірдей. Бос уақытымда Өркен Кенжебек, Данияр Жігітбек, Тимур Бектұр сынды блогерлердің жазбасын оқимын. Көбіне шет ел психологтарының кеңесіне көз жүгіртемін.
− Сөз арасында Алматыда, Ақтауда оқыдым деп айттыңыз. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ға келмес бұрын бірнеше оқу орнын бітірген болдыңыз ғой...
− Алдымен Алматыда «Темір жол көлігіндегі автоматика және телемеханиканы басқару» мамандығы бойынша колледж білімін алдым. Оқу орнын үздік бітірдім. Одан соң Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетіне оқуға түстім. Осылай педагогика факультетінің  студенті атандым. Ол жақта студенттік парламенттің белсенді мүшесі болдым. Алайда Ақтау Қызылордадан алыс болған соң ата-анам қалаға келуімді қалады. 2 курс оқып жүрген кезімде Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ға ауыстым. Бірақ мұнда қоғамдық жұмыстарға араласпадым, тек Петропавл, Алматы, Павлодар қалаларына барып әртүрлі курстарға қатысып жүрдім. 3 курсқа көшкен кезде ғана жеке жұмысымды бастауға шешім қабылдадым.
−Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИН
15 ақпан 2019 ж. 606 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031