» » ЕРТЕГІ ҚАЛАЙ ТАРИХҚА АЙНАЛДЫ?

ЕРТЕГІ ҚАЛАЙ ТАРИХҚА АЙНАЛДЫ?

  Біздің әз Жәнібек қан майданда арпалысып жүргенде Мәскеу князі III Иван идеологиямен айналысты. Бірақ мұны княздың өзі емес, Филофей  деген шіркеу қызметшісі тындырды. Әлгі діндар мынадай ертегі ойлап тапқан.  Ақырзаман болғанша әлемде үш Рим болады екен. Бірінші Рим – “мәңгілік қала”. Бірақ оның түбіне Еділ бастаған ғұндар жетті. Демек мәңгілік емес. Екінші Рим – Константинополь. Мұны да көшпенді Осман түріктері құлатты. Демек бұл да мәңгілік емес. Сенесіз бе, үшінші Рим деген де бар екен. Алдыңғы екі Рим енді түсінікті. Екеуі де империялық дәуірдің жемісі. Ал үшінші Рим ше?
Сөйтсек «үшінші Рим» – Мәскеу екен. Филофейдің айтуынша, бұл ақырзаманға дейін тұратын соңғы Рим. Бірақ бұл ертегіге кім сенеді? Еуропада Вена, Париж, Лондон секілді «алыптар» тұрғанда солтүстікте қар басып жатқан Мәскеуді “үшінші Рим” деп жариялау есі дұрыс адамның ісі ме? Оны қоя берші, екі күннің бірінде Қазан мен Үлкен Ордадан таяқ жеп, Қырымға салық төлеп отырған Мәскеу қалайша мұндай дәрежені иеленбек?
Жақсы, бұл саяси жағдай делік. Ал сол кездегі Мәскеудің экономикасы, әлеуметтік жағдайы, былайша айтқанда өмір сүру деңгейі Еуропадағы Вена, Лондон, Парижбен салыстыруға келе ме? Сөйтсек, ертегіні де дұрыстап айта білсең, одан тарих жасауға болады екен.
Бұл ертегіге Мәскеудің мұжықтарын сендіру үшін III Иван Византияның соңғы императоры Константин XI Палеологтың туысы София Палеологты қатын етіп алуы керек. Бұл расында тамаша идея болатын. Осыдан 19 жыл бұрын Осман сұлтаны II Мехмед әлемдегі ең берік қамал Константинопольді жермен-жексен етіп, 1000 жыл өмір сүрген Византияны құрдымға жіберген еді ғой. Міне, содан бері император әулетінен шыққан София Палеолог грек аралдарында қашып-пысып жан сақтап жүрген. III Иван үшін халқына үміт сыйлар идеология, ал қуғында жүрген Софияға паналайтын мекен керек болды. София дегеніміз болашақ Иван Грозныйдың әжесі. Ертегінің соңын әдемі жабу үшін Псково-Печерский шіркеуі салынды. Осымен іс бітті. Енді Мәскеу тұрғындары өздерін «Римде» тұрып жатқандай сезінуі керек.
Анау айтқандай, керемет дүние бола қойған жоқ. Алайда енді әрбір мұжықтың жүрегінде «мен III Римде» өмір сүріп жатырмын» деген асқақ сезім пайда болды. Ал III Иван халқының көңіліндегі қылды дөп баса білді. Екі күннің бірінде өрімдей орыс жігіттерін Кафа базарында топырлатып құлдыққа сатып жатқан осындай ауыр кезде князь ең алдымен олардың санасын, өзгелерден артық екенін, татарлардан да басқа халықтар, жаңа әлемнің бар екенін сезіндірді. Осыған дейін жауынгерлердің қорасын тазалап келген мұжықтардың намысын оята білді. Бұл – нағыз идеология болатын. Шындап келгенде, Мәскеуде алып құрылыстар, бақытты өмір, Париж, Вена, Лондондағыдай жайлы тіршілік болған жоқ. Сол баяғы сұрықсыз тірлік. Бірақ ең бастысы олардың жүрек түкпірінде алаудың ұшқыны жанды. «Үшінші Рим» деген жоқ және ол болған да емес. Бірақ әрбір мәскеулік «үшінші Римді» өз жүрегінде тұрғызды.
Біз де Астананы «Әлемдік қала» деп ресми жариялайық. Бұл ісімізге кезінде орыстарға қалай күлсе, бізге де солай күлер. Түгел Қазақстан сыйып кететін Мехико (21 млн.), Токионы (13 млн.) дәл қазір басып озатын  қуатымыз жоқ. Бірақ Мәскеудің өзі сондай мүшкіл хәлде өзін «үшінші» Рим деп жариялады ғой. Дәл қазір болмағанымен, әйтеуір бір күні біз де жетерміз.
«Көпбалалы анаға 16 мың теңге көп» деп халықты ашындыра бергенше, III Иван секілді «пайдалы ертегі» айтқанымыз, онсыз да қайғыдан қан жұтып отырған халықтың сәл де болса рухын көтеріп, басынан сыйпағанымыз дұрыс сияқты.
Рысбек РАМАЗАНҰЛЫ
15 ақпан 2019 ж. 384 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031