Біздің таңдауымыз – адалдық
Сыбайлас жемқорлық – заман ағымымен бірге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай келе жатқан кеселдің бірі. Бұл жағдай дамушы елдердегідей біздің де жас мемлекетімізге орасан зор нұқсан келтіріп отыр.
Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күресу туралы арнайы заң қабылданған, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық, бірақ мәселе әлі де толық шешімін тапқан жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер мен түрлі шаралар әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік таныту қажет. Жыл басынан бері Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің қолдауымен облыстық білім басқармасымен бірлескен «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасы аясында «Абылай хан» атындағы жоғары колледжінде ұстаздармен дөңгелек үстел өткізіліп, студенттермен тәрбие сағаттары, арнайы мамандармен кездесулер ұйымдастырылды. Белсенді студенттер бастамасымен «Саналы ұрпақ» клубы құрылып, «Біз адалдықты таңдаймыз» атты клуб мүшелерінің флеш-мобы мен марафон-эстафетасы өткізілді.
Мемлекетіміздің әрбір азаматы ҚР Контитуциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Біздің мекемемізде сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Ұжымның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дертке қарсы жұмылып, ел мүддесіне үлес қоса береміз.
Б.ӘБДІБЕКОВ,
Абылай хан атындағы жоғары
колледжі директорының тәрбие
ісі жөніндегі орынбасары