» » ҰЛТТЫҚ АСХАНАСЫ ҰЛЫҚТАЛМАЙТЫН ҚАЛА

ҰЛТТЫҚ АСХАНАСЫ ҰЛЫҚТАЛМАЙТЫН ҚАЛА

  Америкада "Work and travel" бағдарламасы арқылы жұмыс істеп жүрген жерлестеріміз көп-ақ. Иә, америкада еңбектеніп нәпақа тауып жүрген жастардың айтуынша, бір ғана Калифорния, Техас секілді штаттарда онға жуық өзбек асханасы жұмыс істейтін көрінеді. Мұхиттың арғы жағалауында жүрген жастар ұлттық тағамды сағынғанда сол мейрамханалардан табылады екен. Бұл бір ғана мысал. Алысқа бармай-ақ өзіміздің шаһарды  шолып шықсаңыз. Бірде-бір ұлттық тағамды ұсынатын мейрамхананы кезіктермейсіз. Жалпы бұл оқылықтың сыры неде? Оқырмандар үшін таразылап көрсек.
Ақзия ШЕРАЛИЕВА:
– Ұлттық тағамдарымыз дегенде ет, қуырдақ, қарын бөртпе, мипалау, сірне, бауырсақ, құрт, ірімшік, жент, қымыз, қымыран, қазы-қарта, жал-жая деп шұбырта жөнелеміз. Бірақ осы ұлттық тағамдарымызды жарқыратып, насихаттай алмай жүрміз. Әлем халқын біріктірген  ЭКСПО көрмесі кезінде қонақтар қазақтың тағамын сүйсіне жеп, не ішіп кетті дей алмаймыз. Өзім дегенде өгіз қара күшім деген тәмсіл бар. Осы сөзді өзімізге келгенде дұрыс қолдана алмай жүрміз. Кәріс, үнді, шығыс, дүнген асханасы қазір басып озды. Қазір қалада не көп асхана, кафе, мейрамхана көп. Соның ішінде шығыс асханасын іздесеңіз "Узбечка" секілді өзге ұлттың ас мәзірін дәріптейтін мейрамханалар жетерлік. Ұлттық ас мәзіріне негізделген бірлі-жарым тамақ ішетін орындар болмаса, қазақтың ұлттық тағам түрлерін көп кездестірмейміз. Бұрын ұлттық тағам жегісі келгендер "Құлагер" аялдамасының маңындағы "Кездесуден" табылушы еді. Сонда ұлттық тағамның түр-түрін әзірлейтін. Етті де тапсырыс бергісі келсе, "Кездесуге" келетін.  Кейіннен "Кездесуге" келмейтіндер көбейіп, қызметін тоқтатты.  Бұл желіні ауылдың азаматы іске қосқан еді. 
Серікхан ЖҮЗЕЕВ:
– Ұлттық тағам – ұлтымыздың келбетін айшықтайтын негізгі құндылықтардың бірі. Бірақ біз соны әлі күнге дейін ұлықтай алмай келеміз. Бұл тұрғыда қазақтар кәсіпке қырсыз деуге болмайды. Небір үлкен мейрамханалар мен асханалар желісін өрге дөңгелетіп жүрген азаматтар баршылық. Меніңше, біздің кәсіпкерлерде ұлтжандылық қасиет төмен. Бағзыдан сақталған тағам түрлерін осы заманға ыңғайлап қоғамға түрлі тәсілмен ұсынуға болады емес пе?! Иә, шынында форманы өзгерту керек. Заманға бейімдеп ұсыну қажет. Оның барлығы кәсіпкердің қолынан келетін нәрсе. Оны тек ұлтқа деген жанашырлығы бар адам ғана жасай алады. Қызылорданың өзінде көптеген мейрамханалардың атауынан ақ сол кәсіпкердің ұлтжандылығының қандай деңгейде екенін көруге болады.
Гаухар ОМАРОВА:
– Оңтүстік туристер тартуға ең қолайлы аймақ дейміз. Мақтанғанда аспанға лақтыратын бөркіміз қайта түспейді. Сонда үнемі шекесінен қарайтын шетелдіктердің өзі «е, қазақтарда мынадай тамақтар бар екен ғой» деп таң қалатын ұлттық тамағымыз қайсы? «Бесбармақ» деймісіз. Келісеміз. Бірақ оның жаймасы, тұздығы қандай? Қамыры қалың, бетінде кеуіп кеткен бірер түйір сиыр не қой еті бар тағамды «мынау біздің мақтанышымыз» деп қонақтарға көрсете аламыз ба? Әлде олардың алдына құда ретінде бас қоямыз ба? Қалың қазақ шоғырланған біздің өңірде ұлттық асхана неге жоқ? Толып жатқан кәріс асханасы, үнді, өзбек, дүнген одан қалды түрік мейрамханаларына қашанғы бара бермекпіз? Елде үздік болған кәсіпкерлер қайда?  Ұлт мұраты үшін ұлттық тағам ұсынатын асхана неге ашпасқа? Иә, мұндай асханаға келушілер аз болуы мүмкін. Дегенмен бірте-бірте тұтынушы қалыптасады емес пе?! Сондықтан ұмыт болмай тұрғанда ұлттық тағамымызды жас буынға көрсетіп, дәріптеуіміз керек.  
Нұрлан БАЙБОСЫНОВ:
Негізінен бізде ұлттық тағамдар ұмыт болып бара жатыр. Денсаулыққа пайдасы мол ұлттық тағамдарды іздеп жүріп, әрең табамыз. Соның өзі санаулы жерде ғана сатылады. Менің ойымша, бұған себеп – түрлі тағамдардың, соның ішінде басқа елден келген астың көбеюі. Бірақ бұл тағамдардың пайдасынан зияны басым екенін зерттеушілердің өзі дәлелдеп отыр. Мәселен, барлық дүкендерде сатылатын американдықтардың жылдам әзірленетін гамбургер, чизбургер, хот-дог секілді тағамдары денсаулыққа өте зиян. Адамның тез толысуына себепші болады. "Фаст-фуд" тағамдарын кез келген дүкеннен табуға болады. Осының салдарынан ұлттық тағамды ұсынатын мейрамханалар тұтынушыларын азайтып, жабылуға себепкер болып отыр. Мысалы, қала орталығынан ашылған "Qurmet" асханасы жұмысын бастағанда қуанған едік. Өкінішке қарай, ұлттық тағамды ұсынатын "Qurmet-тің" ғұмыры ұзақ болмады. Ұлттық тағамдарымыз жойылып кетпесін десек, өндіру технологиясын арттыруымыз қажет.
Ұлттық асхана ашамыз десек, ұлттық тағам түрлерін көптеп табуға болатынына көзіміз жетіп отыр. Ұйғыр, өзбек, кәріс асханасына телміртпей, ұлттық асхана ашу – қазақтың өз қолында. Ұлттық тағам өзге елдің асханасымен бәсекелестікке жарайды. Ең бастысы, көзін таба білсек болғаны…
ЕрасылШӘРІБЕК
27 наурыз 2019 ж. 1 258 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031