ТҰЛҒА ҚАЛАЙ ТОБЫРҒА АЙНАЛАДЫ?
Әдетте өмірдегі барлық таңдауды өзіміз жасағандай сезінеміз және көпшілікпен бірге шешім қабылдау қауіпсіз көрінеді. Алайда бұл ойдың қате екенін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеп, құбылысқа «тобырлық сана» деп атау берген. Расында кез келген тұлға жұршылықтың әсерінен жеке пікіріне емес, интуицияға көбірек ерік береді, бірақ оны өзі байқамайды. Айталық, тағам түрін таңдағанда басқалар жоғары бағалаған өнімді сатып алу немесе елдің бәрі киетін, трендтегі түсініксіз модаға еліктеу қалыпты құбылыс. Алайда, тұлға үшін аса қауіпті. Лид университетінің ғалымдары тобырлық санаға қатысты мынадай тәжірибе жасап көріпті.
Мамандар жеке тұлғаның тобыр арасында психологиялық өзгеріске қалай ұшырайтынын таңертеңгі және кешкі уақытта зерттеп, жаяу жүргіншілер жолына күнделікті бақылау жасаған. Жолды кесіп өту барысында жалғыз жүрген жолаушы топпен келе жатқан жүргіншіге қарағанда екі есе аз қауіпсіз болған, яғни барынша сақ ойлана білген. Ал өзін «абайлап жүрмін» деп есептейтін жүргінші тобырмен бірге бағдаршамның қызыл түсі жанған сәтте көшенің қарама-қарсы бетіне өтіп кеткен. Бұл «басқалар да жолдан өтіп жатыр» деген ойдың сананы жаулап, көзсіз тәуекелге бастауы екені анық. Бұл оқиғаны дәрігер Джолиан Фариа «индивидтің тобырлық санадағы жағдайы» деп бағалаған және тәжірибені «адамның өзін-өзі сақтау инстинкті тобыр ішінде ұмытылып қалады» деп қорытындылаған. Кейбір деректерге сүйенсек, әйелдерге қарағанда ер кісілер тобыр ішінде өз пікірін жиі жоғалтады, яғни көпшіліктің жасағанын айна қатесіз қайталайды екен.
Тағы бір мысал, атақты суретші Леонардо до Винчидің Мона Лиза туындысына байланысты. Анықтап қарасаңыз, 4 жыл салынған Мона Лизаның көрікті келбетінде қиғаш қас байқалмайды, себебі XIV-XV ғасырда қасы жоқ қыздар ең әдемі бойжеткен саналған. Ал осыдан 10-15 жыл бұрын бір сызықты жіңішке қас сәнге еніп, арулардың бәрі қасын сол пішінге келтірді және бұл құбылыс көпшілік үшін қалыпты жағдайға айналды. Биылғы трендте татуажбен әрленген қалың қас тартымды деп есептеледі. Үш кезеңнен де тобырлық сананың үстемдігін аңғарамыз, елдің бәрін еліттірген сән бастапқыда мінсіз, ерекше көрінеді де, жеке тұлғаның анализ жасайтын ақылы бірте-бірте жоғала бастайды. Тіпті сұлулардың санасында «бұл өзгеріс не үшін қажет?» деген сауал туындаса да, ми оған «барлық адам солай жасап жатыр» деп жауап береді. Оның зардабы келесі сәндік үлгі шыққанда ғана сезіледі, себебі топпен бірге жасаған қателік қауіпті болса да, сол мезетте керемет көрінеді.
P.S. Көптің дегеніне көніп, айдауында жүрген тұлға ұзаққа бармай тобырдың қалыбына түседі. Қалыпқа салынған адам оқшау ой, алабөтен пікірден айырылып, өзі ғана түсінетін қоғамдық ақпаратты ғана қабылдайды. Тобырды басқару да, бақылау да оңай. Бұл туралы Абайдың отыз жетінші қара сөзінде жазылған: «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал».
Гүлдана ЖҰМАДИН