КӨЛІК ІШІНДЕГІ ОЙЛАР
Такси де отырмыз. Жолай екі жігіт мінгесті. Барар жер қаланың келесі шеті. Екі жас жігіттің бірі көршісін түртіп, әңгімесін айта бастады.
– Осы сенбі туған күнімді жасамақшымын.
– Құтты болсын, ал не жоспарың бар?!
– Жоспарды қайдам, құдайға шүкір, кредит алатын жасқа да жеттім...
Таксист мырс етті. Мен тығылып ештеңе демедім. Не дейін, өзімде де несие бар. Банкке «байлаулы баспақ» деген осы ма еді?!
Саған жүрім берсін, Сағатбек!
Сонау «Западтан» жұмыс орныма дейін аттай 40 минут уақыт жүріп келуге тура келеді. Таңғы уақытта жұмысқа асыққан жұртпен бірге тығылысып, әзер дегенде сыйысып келеміз. Бір қызығы, кей жастар, автобусқа бас сұға салып, жайлы орын іздейді.
– Ойй, бос орын жоқ, келесісін күтейік, – дейді танауы желбіреген тәлпіш студент қыз,
– Иәә, сөйтейікші, – дейді бетін баттастыра бояған қасындағысы.
Есіме Сағатбек түсті. Аяғы бар болса да, астамшылыққа баратын осындайлардың қасында Қуанышбайдың ұлы абайсыз болған апаттан арбаға таңылса да, өжеттілікпен өмір сүруде. Қайсар ұлдың қасында олар неге «шүкір» демейді?! Өнерімен елді таң қалдырып, қайырымдылық іс жасайтын осы бауырыма мен тәнтімін. Саған жүрім берсін, Сағатбек! Тәңірден тілерім сол ғана.
Баланың бәрі «нербіней»
– Бүгінгінің баласының бәрі нервный, – деді автобуста баласын жұбата алмаған орта жастағы келіншек. Себебі сол, 3-4 жастағы ұл бала «ұялы телефонды бере қоймадың» деп қоғамдық көлікті басына көшірген еді.
Менің есіме оқыған әлдененің түсе кеткені. Бүгінгі медицинада құрсақтағы баланың сыртқы дыбысты тез қабылдайтыны әлдеқашан дәлелденіп қойған. Сонда іштегі енді қалыптасып келе жатқан бала мінезіне сырттағы үн мен әуен айтарлықтай әсер етеді екен. Бұрынғыдай бесік жырын айтып, күмбірлете күй тартып, ән салған заманың келмеске кетті ғой. Үлкен әжелеріміз жас келіндерді жинап, бой жаздырып, алақотан отырғыза ән салдыру да тегін емес еді. Олар ән шырқаған көңілден ауру қашатынын білген әрі сол «ішінде көжесі бар» келіннен мінезді, текті ұрпақ туады деп сенген. Солай болды да.
Бүгінде жас ананың тыңдайтыны жарықшақ, тарсұл-тұрсыл бірдеңе. Жұлқынған ырғақ, оның үстіне тұрмыстағы айқай-шу, тыстағы тарсыл әлі дүниеге келмеген балаға әсер етіп жатыр. Осыдан соң, бала жүйкесі туыла сала шаршамай қайтсін?! Шыны керек, мінезі кең бала аз екенін сізде мойындайсыз ғой...
Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...
Бүгінде туыстар арасында емес, көшедегі танымайтын қаймана қазақтан «бауырым» деген сөзді жиі естіп қаламыз. Бұл қаратпа сөзді естісеңіз, шынымен де жағымды, жарасымды әрі жылы емес пе?!
Көнекөздердің айтуынша, әу баста құрсақта жаратылған балада жүрек болмайды екен. Керекті қорегін кіндік ішегі арқылы анасының бауырынан тартып алады. Осы кезде еске шешеміздің «бауыр етім – балам» деп еміренгені еске түседі. Міне, осылай нәресте анасының бауыр етінен қоректеніп өседі де қан айдайтын ет-жүрегі кейін пайда болатын көрінеді. Қазақтың жақсы көретін адамын «бауырым» дейтіні осыдан шығар.
Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп... Абайдан асып не айта аламыз?!
Жақсы да, жаман да бір төмпешік
Көзі тірісінде өз моласын өзі салдырып қоятындар көп емес, бірақ, бар. Тіпті, артымда ешкімім жоқ дейтіндей емес, өсіп-өнген шаңырақ болса да мәңгілік жатар орнын қарайтып қойғандар жетерлік. Осы дұрыс па?
Бала күнімде артында тұяғы жоқ, Құдай қосқан қосағы ілгеріректе қайтқан жетім шал болды. Өзіне арнап төрт құлақты бейітті қам кірпіштен өріп, басын қарайтқанын естігенмін. Ниетінің түзу екені соншалық, бір жылға жетпей демі таусылып, өзі де сол мекеніне жайғасқан.
Шынында да ауылда артында ізі жоқ адамды ел болып жабылып жерлейтіні анық. Қалалық жерде жиған-тергеніңді өкіметке апарып берсең, сен өлген соң келісім-шарт жасасып алуға да болады. Ондай арнайы бөлім де бар. Ал жұрт тынышта өз көрін өзі дайындатып, зәулім мазар салудың не қажеті бар? Өзіне өлім тілеу ме? Тіпті, солай жасатқанның өзінде сол көрге өзінен бұрын ұрпағы түспесіне кім кепіл?! Ондай жағдайлардың болғанын да естігенбіз. Кейбір тойынғандар осындай мақтанышпен мазаратын көтеріп жүр. Бұндайды не деуші еді? Мұрнынан есекқұрт, жо-жоқ, түйеқұрт түскендік деп айтамыз ба?! Жақсы да, жаман да бір төмпешік емес пе?!
Мысықтың жүйріктігі...
Ескі базардың жанындағы аялдамада автобус біткен кемі 10 минут тұратын шығар. Сонда сізде байқайтын шығарсыз, өзбек әлде тәжіктің жас жігіттері «учеуи юуз тенгә» деп көлік ішіне кіріп, исін бұрқырата тандыр нан сатып жүреді. Ұялы телефон немесе тұрмыстық техника жөндейтін орындарда да кәріс не орыс ағайынды көп байқайсың. Ау, неге олар қазақ азаматтары емес? Қазаққа қара жұмыс пен таксист болу ғана бұйырып тұр ма?! Бұл біздің жалқаулығымыз ба, әлде аңқаулығымыз ба?
Байқайсыз ба, пайдасы жоқ мамандықты оқып алып, жұмыс жоқ деп қол қусыру бізде көп. Оқысам болды деген түсінікті жою керек. Жоғары білімді деген атақ бізге қаншалықты керек?! Құр атаққұмарлыққа әуестенгеннен гөрі қарапайым өмірге керек, заманға ыңғайлы кәсіпті игерген дұрыс шығар. Түсініксіз саланы меңгеріп, артынан сенделіп жүрмесімізге кім кепіл?! Бұл жерде мамандыққа мән беру керек те сияқты.
Намыстанамын дейсіз бе? Намысшыл екенсің деп ауызға ешкім де нан салмайтынын менен де жақсы білесіз ғой. Құр менмендік пен жалған көкіректік кімге керек?! Мысықтың жүйріктігі ет сақтаулы қоймаға дейін екенін ұмытпаңыз...
Ержан СОЙЫРҚАС