Сыр сақшыларының мақтанышы
Ержан Абдуллаев – елімізде талай спорт саңлақтарын дайындаған. Ол Қармақшы аудандық спорт мектебінің түлегі. Дзюдо және самбо күресінен ҚР-ның спорт шебері, полиция аға лейтенанты.
«Әке балаға сыншы» демекші, әкесі Ержанның қайтпас мінезі мен дене бітімінің күреске бейімділігін байқап бірінші сыныпта-ақ күреске апарады. Сол уақыттан боз кілемде басталған қажырлы еңбек пен төккен тер өз нәтижесін беріп, Ержан додаларда топ жара бастады. 2007 жылы самбодан ҚР чемпионы атанып, ұлттық құрама сапында Азия чемпионатында ІІІ орынға қол жеткізеді. Ал 2009 жылы дзюдодан өткен ел біріншілігінде қарсыластарының барлығынан үстем түсіп, Ливанда болған Азия чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар дзюдодан 2013 және 2014 жылғы ел чемпионатының жүлдегері атанды.
Балалық арманы Ержанды ішкі істер департаментіне жетеледі. Е.Абдуллаев әрқашан тепсе темір үзетін қайратты, жүрегінде оты бар батыл қызметкерлерден құралған Жылдам қимылдайтын арнайы жасаққа бағытталды. Қырағылық пен төзімділікті және әрдайым арнайы машықтарды дамытуды қажет ететін қызметте жүрген Ержан спорттық бабын жоғалтпады. 2015 жылы жекпе-жек сайысынан ҚР ІІМ чемпионатында ІІ орын иеленсе, 2017 жылы АҚШ-та да өткен Бүкіләлемдік полицейлер мен өрт сөндірушілер арасында өткен әлем чемпионатында ел намысын қорғап, дзюдодан ІІІ орынды, греплинг күресінен ІІ орынды жеңіп алды. Сондай-ақ самбодан былтыр ел чемпионатында топ жарса, осы жылы Алматы қаласында дзюдодан өткізілген «Конфедерация кубогінде» командалық ІІІ орынға қол жеткізді.
Қызметте сауатты, адал, мінезі салмақты Ержан қазіргі таңда Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы. Ол өзінің тікелей міндетімен қатар бос уақытында соңынан ерген жас қызметкерлер үшін тәжірибесімен бөлісіп, боз кілемдегі күрестің қыр-сырын үйретуден жалыққан емес.