» » БҰЛ РОБОТ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК

БҰЛ РОБОТ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК

«Әмбебап зерттеуші роботтың» ең басты артықшылығы − адам баласының аяғы тимейтін жерлерге барып, зерттеу жүргізе алатынында. Бұл жоба облыстық білім басқармасы мен «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен Болашақ университетінде өткен робототехникадан аймақтық іріктеу чемпионатында бас жүлдені иеленген. Жоба авторлары Бейбарыс Раушанбек пен Темірлан Хамза бізге жаңа роботтың технологиясы мен мүмкіндігін айтып берді.
Бейбарыс РАУШАНБЕК, Қалтай Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназияның 11 сынып оқушысы:
Датчиктің көмегі көп
− Робототехникалық чемпионат екі бөлімді қамтыды, алғашқыда «KazRoboproject – 2019» жобасы бойынша көрме ұйымдастырылды. Сол кезеңде Темірлан Хамза екеуміз «Әмбебап зерттеуші роботтың» жобасын қорғап, бас жүлдені иемдендік. Ал келесі кезең  «KazRobosport» спорттық робототехникалар жарысына арналды, мен бұл айналымда «биатлон» сайысына қатысып жеңімпаз атандым. «Әмбебап зерттеуші роботты» құрастыру үш айға созылды, оны дайындау барысында шынжыр табанды жол таңдамайтын көлік механизмін таңдадық. Себебі бастапқыда роботты әртүрлі жолда кедергісіз жүре алу қажет деп жоспарлағанбыз. Робот толығымен 3D принтер арқылы құйылған, ал электроникасы италияндық Arduino uno микропроцессорының көмегімен жасалған. Біз сол арқылы роботқа түрлі датчиктер орнаттық. Атап айтсақ, робот «ДНТ 11» датчигі арқылы температура мен ылғалдылықты анықтайды, «MQ – 4» датчигімен газ мөлшерін есептейді, ал «НС – SR04» ультрадыбысты көру датчигінің көмегімен жолындағы кедергіден қиындықсыз өтеді. Сонымен қатар роботты алыстан басқару үшін «ESP8266» деп аталатын wi-fi модулін қолдандық, сол жерде  жинақталған ақпаратты сұйық кристалды дисплей арқылы көруге болады.
Бұл жобадан бөлек осы кезге дейін «Қолғанат дрон», «Дауыспен басқарылатын роботқол» сынды жобалар дайындағанмын. Аймақтық іріктеу чемпионаты бізге тың тәжірибе мен мол мүмкіндік сыйлады. Ол жерден өзіміз қатарлы оқушылардың жобаларына куә болдық, соның ішінен «Ақылды ауылдың прототипі» жобасы ерекше ұнады.
Темірлан ХАМЗА, Қалтай Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназияның 11 сынып оқушысы:
Робот радиацияны елемейді
− Әмбебап зерттеуші робот арнайы бағдарлама бойынша жұмыс істейді, сонымен қоса жердің ылғалдылығы мен құнарлығына, ауа температурасы мен  тазалығына зерттеу жүргізе алады.  Жобаның басты артықшылығы робот толықтай автономды режимде құрастырылған, әзірге айтарлықтай кемшілік жоқ. Дегенмен болашақта  жобаны одан әрі жетілдіретін боламыз. Робот негізі өзге ғаламшарды зерттеуге бағытталған, бірақ жер бетіндегі кез келген орынға бару мүмкіндігіне де ие. Мысалы Семей полигонындағы радиация адам денсаулығына қауіпті, енді ол жерге әмбебап зерттеуші робот көмегімен толықтай зерттеу жүргізуге болады. Бізге роботты жасау технологиясын Оқушылар сарайындағы робототехника үйірмесінің жетекшісі Раушанбек Сариев үйреткен болатын. Роботтан өзге былтыр «Ақылды үй» жобасын жасап шығардым, сол арқылы облыстық іріктеуден өтіп, республикалық жарысқа жолдама алдым. «Ақылды үй»  жобасы адам өмірін жеңілдетуге арналған, мысалы сыртқы есігі өзі ашылып, жабылады. Жарық автоматтандырылған, өсімдіктерді өзі суарып, баптай алатын мүмкіндіктірге ие.
Айта кетейік, биыл іріктеу турына аймақ бойынша 336 оқушы қатысты. Бұл көрсеткіш робототехника ғасырында жастардың жаңа салаға бейімделіп, ақпараттық технологияны жетік меңгергенін аңғартады. Осындай жүйріктер жиылған мәреде маңдайы жарқыраған қос түлек әмбебап зерттеуші роботтың арқасында Болашақ университетінің грантын жеңіп алды.
Гүлдана ЖҰМАДИН
19 сәуір 2019 ж. 667 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031