ТАТУЛЫҚТЫҢ БӘРІ ДЕ ТҮСІНУДЕН
«Бірлігі күшті ел азбайтынын» бүкіл әлемге үлгі еткен бауырмал халықпыз. Келген мейманға құшақ ашып, ел басына күн туғанда өзге деп бөлінбей, өзекке тартатын қонақжай қалпымыз тағы бар. Сосын да болар төрткүл дүние қазақ елін қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықтың мекені деп таниды. Осыдан 23 жыл бұрын Тұңғыш Президент Жарлығымен бекітілген бірлік мерекесі бүгінде бейбітшілік пен тыныштықтың символына айналды. Айтулы күні ұлты өзбек болса да, қазақ елін бәрінен артық көретін Зиёда Әлімовамен тілдестік.
− Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Қазіргі таңда жүзі басқа болса да жүрегі бір, түрі басқа болса да тілегі бір жандар достық пен татулықты тірек етіп, еліміздің барлық саласында еңбек етуде. Қазақ жұртының мінезі де сайын даласындай жомарт, себебі тағдыр тоғыстырған өзге ұлт өкіліне құшағын жайып, дархан пейіл көрсету екінің бірінің қолынан келмейді.
Мен бүгінде Қазанғап атындағы қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжінде қаржыгер мамандығы бойынша білім алудамын. Оқу орнында мерекеге орай түрлі іс-шаралар мен барлық ұлт өкілдерінің басын біріктірген конференция, мерекелік жиын өткізілуде. Сонымен қатар «Жаңғыру жолы» қоғамдық ұйымының мүшесі ретінде Достық үйіндегі «Жастар қозғалысы» белсенділерімен мейрамды жыл сайын ерекше көңіл-күймен атап өтеміз. Жалпы Ассамблеяның бүгінгі таңда атқарып жатқан жұмыстары бізге қуаныш, болашаққа деген сенім ұялатады. Менің қазақтар арасында өз бауырымдай көретін адал достарым көп, біз ұлтына, тілі мен түр-түсіне қарамастан тату тұратын бір отбасы секілдіміз. Қазақтың белгілі ақыны Қадыр Мырза Әлидің мынадай сөзі бар «Татулықтың бәрі де түсінуден, тыныштықтың бәрі де қанағаттан» дейді. Біз бір-бірімізді қолдап, әр бастамаға демеу көрсетіп, түсіністік танытқан сайын бірілігіміз нығайып, берекеміз артатыны даусыз.
Мен осы айтулы мерекеде еліміздегі барлық ұлт пен ұлыс өкілдеріне бақ пен береке тілеймін! Осындай тәуелсіз елдегі мамыражай тірлігіміз мәңгі болсын! Төбесі бүтін, іргесі берік, бейбіт елдің қашанда төңірегі тыныш болғай!
Гүлдана ЖҰМАДИН