» » МҰҒАЛІМ ПОРТФОЛИОСЫ

МҰҒАЛІМ ПОРТФОЛИОСЫ

   XXI ғасыр барлық сала маманының кәсіби білікті, жан-жақты білімді болуын талап етеді. Әсіресе мемлекеттің болашағы – мектеп оқушысына тәрбие беретін ұстаздың жауапкершілігі екі есе ауыр. Қалалық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанат Қамитбекованың  айтуынша, ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес (2010 жылдың 7 желтоқсанындағы №1118 Президент жарлығымен бекітілді) педагог кадрлардың біліктілігін арттыру мәселесі тез арада шешуді талап етеді. Осы міндетті жүзеге асыру үшін педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесіне 2018 жылдың сәуір айынан бастап өзгерістер енгізілген.
Мұғалімдердің күні бойы дамыл таппай, түрлі байқау мен олимпиаданың жанынан табылатыны көпке мәлім. Әсіресе ұстаз біліктілігін арттыруда сертификаттың алар орны ерекше. Осы орайда мұғалімдер үшін «құнды» қағаздың маңызын сала  мамандарымен бірге талқыладық.
 
Сертификат беру – бизнес емес
Азамат САНДЫБАЙ, мұғалім:
− Мұғалімдердің біліктілігін арттыру жөнінде 2018 жылдың 24 мамырында бекітілген БҒМ-нің бұйрығы бар. Ол жерде 200-ден астам халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық ұстаздар мен оқушыларға арналған пәндік олимпиадалардың тізімі көрсетілген. Егер сертификат, диплом, алғасхаттар осы тізімде көрсетілген орталықтан алынса, ол заңды болып есептеледі. Айта кетейік, тізімдегі байқаулар мен олимпиадалардың басым көпшілігі қаражатқа негізделмеген, яғни тегін. Ал ақылы сертификаттың құнын қаншалықты болатынынан өз басым бейхабармын. Бірақ байқау ұйымдастырып, сертификат беру табыс көзі болып саналмайды. Себебі сертификатты тек бір ғана мекеме бермейді, оны бірнеше орталықтан алуға болады.
Жалпы сертификат тағайындауды бизнес емес, мұғалім біліктілігін арттыруға арналған тиімді тәсіл деп қараған жөн. Мысалы, мектепте 30 жыл қызмет етіп, ешқандай байқауға қатыспай-ақ сабақ беріп жүрген ұстаздар бар. Бірақ ол жоғары санаттағы ұстаз болып есептелмейді. Ал келесі бір мұғалім небәрі 10 жыл қызмет етсе де, олимпиада мен түрлі шараларда белсенділік танытып, жоғары дәрежелі лауазымға ие болады. Қай салада болмасын кәсіби маман атану ізденісті қажет етеді. Сертификат жинақтаудың да басты мақсаты осы, мұғалім қазіргідей ақпараттың жылдам тарайтын уақытында оқушыға жаңа дүние ұсынып, білімін кеңейтіп отыру қажет. Сертификат мұғалім портфолиосының жетістіктіктермен толығуына ықпал етеді, осындай өз саласында жан-жақты білім жинақтаған жоғары санатты мұғалімнің еңбекақысына 25%  − 40%-ға дейін төлемақы қосылады. Бұл  − ұстаздарға берілген тағы бір мүмкіндік деп есептеймін.
Рұқсат қағазына мән беру керек
 
Нұргүл ЖАҚСЫЛЫҚОВА,  мұғалім:
Мұғалім портфолиосын жинақтауда сертификаттың маңызды орын алатыны рас. Қандай да бір сертификатты алмас бұрын оның Білім және ғылым министрлігінен алынған рұқсат қағазының бар-жоғына назар аударған дұрыс. Жалпы ұстаздарға арналған сертификат мектеп басшылығы тарапынан бекітілмейді. Қазіргі кезде белгілі бір конкурс, олимпиадаға қатысу ақылы негізде жүргізіледі. Кей жағдайда байқаудың бағасын қалтамыз көтермей, оқушыны да қатыстыра алмайтын кездер де болады. Егер осындай ақылы негіздегі байқаулар 1000-3000 теңге көлемінен аспаса, мұғалім оқушыны ата-ананың көмегінсіз-ақ конкурсқа қатыстырар еді. Ал арнайы білім жетілдіру курсынан берілген сертификаттың мұғалім үшін маңызы жоғары. Облыстық сертификатты «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының ұйымдастыруымен өткізілетін конференция, бейнесабақ конкурсына қатысып алуға болады. Сондай-ақ облыстық білім басқармасы ұйымдастырған семинар, тренингтен беріледі.
Үстіміздегі жылдың 26 наурыз күні қаламыздағы №253 мектепте Бейбітшілік әлемі Халықаралық Қазақ Шығармашылық Бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен зияткерлік турнирге 1 сынып оқушысы Алина Қаржаубаеваны қатыстырдым. Нәтижесінде оқушым I орын иегері атанып, дипломмен марапатталды. Ұстазы ретінде маған да марапаттау қағазы мен төсбелгі берілді. Оған қоса шәкіртіммен бірге 3 мамыр күні Алматы және Дубай қаласында ұйымдастырылатын халықаралық өнер фестивальіне және ғылыми конференцияға шақырту алдық.
       
1593
       Ләйла АСЫЛОВА, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының курстан кейінгі қолдау және инновацияларды енгізу лабораториясының PR SMM маманы
− «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы – Қызылорда облысы бойынша білім берудегі әдістемелік жұмысты қамтамасыз етіп, инновациялық процестерді жүзеге асыратын білім беру ұйымы. Орталықтың бүгінгі басты бағыты білім беру жүйесін жаңарту аясындағы курстар өткізу болып отыр. Мұнда оқушының алған білімін өмірде қолдана алуына, яғни, функционалдық сауаттылықты дамытуға бағытталған оқу бағдарламалары пайдаланылады. Оқу үрдісіне жаңартылған білім мазмұнын енгізу елімізде Назарбаев зияткерлік мектептерінен бастау алды. Қазіргі уақытта бұл тәжірибе жалпы білім беру мектептеріне таратылуда. Осыған орай институт базасында 2016-2019 жылдар аралығында арнайы білім беру жүйесін жаңарту аясында 12237 педагог біліктілігін арттырды. Сонымен қатар, 2018-2019 жылдар аралығында дәстүрлі қысқа мерзімді курстар барысында 1593 тыңдаушы біліктілігін арттырды. Біліктілікті арттыру курсы мұғалімге тек сертификат берумен шектелмейді, ол ұстаздың кәсіби тұрғыдан дамуына, әдістемелік тұрғыдан шеберлігін арттыруға, өзінің педагогикалық қызметіне сыни тұрғыдан талдау жасауға, рефлексиялық мәдениетін қалыптастыруға көмек береді. Сонымен қатар, педагогтарды аттестаттаудың жаңа ережесіне сәйкес біліктілік санаттарын иелену үшін  мұғалімнің біліктілігін жүйелі түрде арттырып отыруы міндетті түрде талап етіледі. ҚР «Білім туралы» заңы бойынша педагог қызметкер 5 жылда 1 рет біліктілігін арттыру қажет. Айта кетейік, педагогтардың біліктілігін арттыруы туралы «Өрлеу» біліктілік арттыру ұлттық орталығы мен Педагогикалық  шеберлік орталығы берген сертификаттар ғана аттестаттау кезінде есепке алынады. Өйткені соңғы кездері Алматы қаласы және Түркістан облысынан көптеген ЖШС мекемелер аудандарда ақылы негізде біліктілік арттыру курсын өткізуде. Мұндай курстардан мұғалімге ешқандай пайда келмейтіні белгілі.
Жалпы, біліктілік арттыру курстарынан сертификат алу мен курс аясында алған білімді оқу үрдісінде пайдалану екі бөлек дүние. Сол үшін орталықта курстан өткен тыңдаушының алған білімін оқу үрдісінде қалай қолданып жүргенін анықтап, кемшін тұстарын жөндеп, дұрыс бағыттау үшін әртүрлі шеберлік сыныбы, оқыту семинары, дөңгелек үстел және конференциялар ұйымдастырылады.
P.S. Әдетте белгілі бір ұйымнан конкурсқа немесе қашықтықтан өтетін байқауларға қатысуға мұғалімге шақырту келгенде, міндетті түрде жарнапұл көрсетілетіні белгілі. Әрине тегін өткізілетін байқаулардың бар екенін жоққа шығармаймыз. Әйтсе де әдеттегі төлем құны 1000-5000 теңге аралығында, кейде республикалық байқауларда бақ сынау жарнапұлы – 5000-15000 теңге аралығында, ал халықаралық деңгейдегі жарыстардың жарнапұлы 150000 теңгеге дейін шарықтап кететінін педагогтар жақсы біледі. Алайда педагогтардың портфолиосы үшін маңызды саналатын байқауларды жиі өткізетін мекемелердің өзі жарнапұл жайлы жақ ашқысы келмегеніне қарағанда бұл не деген құпиялылық деп бас шайқамасқа әддің жоқ.
Гүлдана ЖҰМАДИН
07 мамыр 2019 ж. 1 818 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031