Отбасы құны
Жалын құшағында қалған ғимарат лаулап жанып жатыр. Ішінде әйеліңіз бен балаңыз қалды. Бір рет басыңызды бәйгеге тігіп, біреуін ғана құтқара аласыз. Қайсысын бірінші алып шығар едіңіз? Осы сұраққа жауап берген ер-азаматтардың 99,99 пайызы баламды құтқарамын деп жауап берген. Неге? «Ол әлі бала ғой. Бейкүнә сәби. Қорғансыз. Көмекке әуелі сол мұқтаж деп ойлаймын» деген сияқты уәж көбісінікі.
Ақиқатында, әйеліңді өрт құшағында қалдырып, әуелі балаңды құтқару мың бір пәленің – баланың басына түскен мың бір бақытсыздықтың басы екен. Ол алдымен анасыз қалды. Жетім қалды. Әке ешқашан шешенің орнын баса алмайды. Жақсы, өзің екінші рет үйлендің. Өгей шеше өз шешесіндей бола ала ма? Балаң өмір бақи анасының аялы алақанын аңсап өтеді. Өгей шешенің өктемдігі де оған өзің тартқызған тағдырдың ауыр азабы болмақ. Балаңның бақытсыздығы осылай балалап кете береді. Жетпіс жеңге жиылып, жалғыз шешедей бола алмайтын мына жалған жетім көңілге ешқашан жұбаныш болған емес. Балаңды өрттен құтқарып, өз қолыңмен өмірдің өртіне тастағаныңды сезе алуың да беймүмкін. Ащы шындық осы.
Әлеуметтік желіден жеткен осы сұрақты жүзден аса адам жұмыс істейтін мекемедегі бір жігіт айна-қатесіз әріптестеріне жеткізеді. Арнайы шылым шегетін фоеге жиналған үлкенді-кішілі жігіттер даурығып, ақыр аяғы даулы диспутқа ұласады. Тек зейнет жасынан әлдеқашан асқан, бірақ сыйлы себеппен әлі күнге дейін жұмыс істеп келе жатқан бір үлкен кісі: «Мен әйелімді құтқарамын», – деді шылымын ерніне қайта қыстыра, көк түтінге көмілген жүзін сәл қисайтып. Жігіттер жапа-тармағай соған қарасты. Бала ше? Бұл не деген тасжүрек, қатынқұмар өзі деп жаға ұстады. Ол былай дейді: «Шүкір, үш ұл өсіріп, екі қыз асырап жеткіздім. Немерелер сүйдім. Ұлдарым бір-бір келіншегін құшақтап өз-өзімен кетті. Қыздарым да тұрмыста. Олардың бөлек тұратыны айдан анық. Бірі де қасымда қалған жоқ. Қазір даңғарадай үйде әйеліміз екеуміз тұрамыз. Балаларым аптасына бір рет қоңырау шалса қуаныш, айына екі рет телефон соқса жұбаныш. Немерелерім анда-санда келіп, маңдайынан иіскетіп тұрады. Сол да жеткілікті. Осы жасымда көзімнің анық жеткені, әйеліңнен жақын адам жоқ екен. Басыңа қандай қиын іс түссе де қасыңда қалатын жалғыз сол ғана». Бұл сөзге егде еркектер ойланып қалғанмен жас пен жасамыстың біразының аузында бір сөз – бауыр етің балаңды құтқармау адамшылық шеңберіне сыймайды. Бойдақтардың үні бәсеңдеу шықты. Пікірталасқа басы бүтін араласып кетпегеніне қарағанда әсілі әне-міне үйленем деп жүрген сүйген қызын өрт құшағында қалай қалдырам деп дал болса керек. Кадр бөліміндегілер жұмыс уақытында жұмыс үстелінде болу керек екенін ескерткен соң тарасты бәрі. Бірақ күні бойы шылым шегу үзілістерінде бұл тақырып тоқтаған жоқ. Әрқайсысы әйелін өртте қалдыратын өз шындығын ақтап әлек.
Дені дұрыс еркек әйелі аман болса, тағы да бала туып беретінін бағамдау керек емес пе?! Бәлкім біздің отбасы құндылығын сезінбейтініміз, тіпті көмекке сол мұқтаж ғой деп сылтау қылған – соны адамшылық шеңберіне сыйдырғымыз келген баланың өзін де, көзін де жәудіретіп тастап кетуге бейімділігіміз – қысылтаяң шақта, сан мың мәселе жан алқымнан алғанда ажырасуға асығып тұратынымыз содан шығар. Бұл – әлеуметтанушылардың тұжырымы. Өрттен құтқара алмаған махаббаттың алдында отбасы деген ұғым да дәрменсіз, құны да көк тиын.
P.S. Сыр тартып көргім келді. Бір жағынан шынымен де қызық болды. Диванда футбол көріп жатқан күйеуімнің қасына бардым.
– Сұрақ қойсам бола ма?
– Сұра.
– Егер өрт шықса, оның ішінде мен және балаларымыздың бірі қалса, қайсысымызды құтқарар едіңіз?
– Қайдағыны айтпашы.
– Онда тұрған не бар? Жай ғана сұрақ қой.
– Екеуіңді де алып шығам.
– Жоқ. Біреумізді ғана құтқара аласыз. Басқа мүмкіндік жоқ. Бір кірдің де шықтың. Қайтып кіре алмайсыз. Төбесі опырылып ортасына түседі, – дедім бастырмалатып.
– Құдай сақтасын! – деп маған ошарыла қарады.
Менің шындап жауап күтіп отырғанымды байқады ма, ойланып қалды. – Сені алып шығамын.
– Рас па? – дедім таң қалғанымды жасыра алмай.
– Рас. Неге таң қалдың?
– Білмеймін...
Ж. САҒИДА