"Тойға дейін бе, кейін бе әркім өзі біледі": Қазақстандық жұлдыздар жүкті болып тұрмысқа шығу туралы
Өнер жұлдыздары жүкті болып тұрмысқа шығу туралы өз ойларын білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Өз ойым» бағдарламасына сілтеме жасап.
Әншілер қыз баланың жүкті болып тұрмысқа шығуына қатысты пікірлерін айтып берді. Шахизада қыз баланың тәрбиесі анасына тікелей байланысты екенін айтты.
«Отбасында анасы дұрыстап тәрбиелегені дұрыс», - дейді Шахизада.
Бұл сұрақты естігенде ыңғайсызданып қалған Қуандық Рахым адал некені қолдайтынын жасырмады.
«Құдай сақтасын. Менікі кәдімгі өзім жоспарлағандай болатын шығар деп ойлаймын. Кәдімгідей ақ некемен, адал түрде, некесі қиылып жасалған дүние дұрыс қой», - деп айтты Қуандық Рахым.
Ал Әли Оқапов үшін бұл мәселе айтарлықтай ұятты көрінбеді. Әркім өзі біледі дейді әнші.
«Махаббат болса және ата-анасы қарсы болмаса болды. Тойға дейін бе, тойдан кейін бе оны әр адам өзі шешеді», - деген пікірде Әли Оқапов.
Әлидің сөзін Жазира Байырбекова да қолдап шықты. Өнер жұлдызының айтуынша, әркім маңдайына жазғанды көреді.
«Қолдаймын деп те, қолдамаймын деп те айта алмаймын. Әркімнің тағдыры әртүрлі. Сондықтан да, әркімге бақ әртүрлі жолмен келеді», - дейді Жазира Байырбекова.