Журналистер жүлдесі
Өткен аптада қызылордалық қаламгерлер кәсіби мереке қарсаңында шаһардағы 278 орта мектепте шағын футболдан сынға түсті. Қалам мен қағазды бір сәт доп пен алаңға айырбастаған журналистер жарыстың көркін қыздырды. Халық пен биліктің алтын көпірі саналатын мамандық иелері спорттан да бейхабар емесін байқатты. Жарысқа 6 команда топтасып, қала әкімінің бас бәйгесін сарапқа салды. А тобында "Qyzylorda", "Қаламгер", "Қоғам ТВ" командалары шеберлік байқасса, В тобында "Сыр Медиа", "Жас тілшілер" және "Меншікті тілшілер" топтасып, жартылай финал жолдамасына талас жүргізді. Алғашқы топтан "Qyzylorda" және "Қаламгер" В тобынан "Жас тілшілер мен "Сыр Медиа" командалары ақтық сынға тайталасты. Тартысты өткен турнирде «Qyzylorda» телеарнасының командасы бас жүлдені жеңіп алса, ІІ орын «Жас тілшілерге» бұйырды. Үздік үштіктен «Сыр Медиа» ЖШС командасы көрінді. Турнирде «Үздік қорғаушы» номинациясымен – Елдос Жүсіп, «Үздік қақпашы» – Жомарт Бакарамов, «Үздік шабуылшы» – Әділбек Жақанов, «Үздік ойыншы» – Нұрлыбек Нұрмаханов марапатталды.