» » Ауылдың айтқыштары

Ауылдың айтқыштары

  "Туфлиді айтсайшы..."
Ардагерді айтулы мерекеде ғана еске алатын халық Ауған соғысына қатысқан Елтай ағамызды да кездесуге шақырыпты. Тартуымыз деп үстіне жаңа кастюм-шалбар кигізіп, өздерінше шат-шадыман болыпты. Әйтсе де аздан соң аяғынан көз алмай отырған ағамызды көрген жұрт жамырасыпты:
 – Аға, не болды, киіміңіз ұнамай қалды ма? – десе көкеміз:
 – Шүберегің жақсы ау, енді туфлиді айтсайшы, – деп тозығы жеткен сүйретпесіне қарапты.
Көлемді бата
Қазақта құда қашанда сыйлы. Көрші ауылдан ат артып құдасы келгенде Жұмабай қарт аз уақытта есі шығып:
  – Балам, үйдегі етті аса бер. Қой сойып, әуре болмаңдар, – деп келініне кеңес беріпті. Асты алға алып, бата қайырар уақытта құдасы қол жайып:
– Қабыл болсын, – деп бетін сипапты.
Жұмабай қарттың жүзі бұзылып:
– Ау құда қысқа қайырдың ғой, – десе қадірлі құрдасы:
– Еттің көлеміне қарай беріп отырмын, – деп қыршанқы тіл қатыпты.
Өлтірмес пара
Ауылдың бір жас жігіті қаза болып, үлкендер қайғыға ортақтасып басу айтыпты. Жиын үстінде тілінің бізі бар Елтай қарт қарап отырмай:
 – Халықтан ұят болды ау! Құдайға пара беріп қойғандай біз әлі жүрміз. Жастар болса ерте кетіп жатыр, – деп көптің көңіліне күлкі ұялатыпты.
Табылған ақыл
Кәрілік келсе, үлкендердің көзі қарауытып, белі бүгілері белгілі жайт. Бірде сарайындағы жүгін жинап келе жатқан әжей ағашқа жығылып, бүйірін ауыртып алады. Жетпістің желкесіне шыққан анасын балалары үйге әкеліп, жатқызып қояды. Түстен кейін жұмыстан келген келіні енесінің жағдайын көріп:
– Апа-ау, ағашқа құлағанша жерге құламадың ба? Сонда бұлай қиналмас едің, – деп еш саспастан ақыл беріпті.
Шыбынның миы
Шіліңгір шілде келсе, шіркейдің көбейері шындық. Әсіресе құжынаған шыбындар Нұрәли ойынының шырқын бұзған. Кенет апасы кішкентайының музыка ойнайтын автоматын шыбынға тақап тұрғанын көріп:
– Ұлым мұның не? – десе, Нұрәли:
– Мазамды алған шыбынның миын ашытып жатырмын, – деп жауап қайтарыпты.
Мен ғой майшелпек
Қашан көрсең ащы суға тойынып жүретін Дүйсен дүкенге үнемі дүдәмәл күйде барады. Оның бұл олқылығын сатушы да өз пайдасына шешуге тырысатын. "Осы не білерсің?" деп қарызын екі есеге арттырып, дәптер бетін қызартып қоятын. Бір күні түн жарымында тағы да дүкеннің есігі қағылады:
– Бұл кім? – деген саудагердің даусын таныған Дүйсен:
– Мен ғой майшелпек, – дейді. Дүйсеннің есін білмесе де қарызының есебін білетінін түсінген сатушының екі беті ұяттан дуылдай түсіпті.
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
17 шілде 2019 ж. 1 217 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031