ӘЗІЛ

  Жарықтық, әкеміз Нұрмахан қожа (1900-1975) әзіл, қалжың дегенді түсінбей-ақ кетті. Бәлки, түсінгісі де келмеді-ау?! Балам: "Ойнап сұрақ бергенге, шындап жауап беріңдер" ‒ деп отырады. Ол сөздің байыбына да бара бермейміз...

      1973 жыл. Мектепті бітірген соң кезекпен ауыл ақсақалдарынан бір мал сойып бата алатын кәдеміз бар. Кезек біздің үйде. Ауыл ақсақалдарын түгел шақырып, шай-суын беріп болып, үлкен асқа үзіліс жасап, үлкен кісілер намаз оқуға ыңғайланып, дәрет алуға сыртқа шығып жатыр. Әкем де сол кісілерге ілесті. Сол кезде әңгімені Құлыс Әжібай нағашым алды-ау! Ол кісінің отырған жері ойран-топыр күлкі. Сөзіне сүйеу болып Жанай ақсақал қосылды. Бұл екі кісі отырған жер ‒ мереке думан. Өзім де бұл кісілердің әңгімесін тез жаттаймын...

Жанай ақсақал:

 ‒ Әй, Әжібай! Осы қожа, сенің жездең. Ішің жарылып бара жатса, қазір келгесін әзіл айтып көрсей. Не дер екен? Тыңдайық, ‒ деді. Онда Әжекең:

‒ Әй, әй... Жәке! Мені қанды ауызға итермелеме. Қожаға әзіл айтып өле алмай жүрмін бе?! Өзің айт, ‒ деп жатыр. "Осы кісілер бірдеңені бүлдіріп алмасай кетті", ‒ деп отырмын. Сырттағы кісілер де ішке кіріп жайғасты. Төрде Сәт молла, Молдабай молла, Машарап молла бастаған үлкен кісілер. Әкем сол кісілердің ортасында таспиғын тартып бар екені, жоқ екені белгісіз отыратын әдетіне басып, өзімен-өзі отыр. Біздің әкем келгеннен бағанағы әңгімелер тыйылып, тыныштық орнады. Өзім жағалай қолға су құя бастадым. Әкем сол кісілерге тоқтау салып, айт-айтпа деп жатқан кезін көрген емеспін. Ол кісілердің өз әдебі солай қалыптасқан.
Сол әдепті бұзып Әжекең:

‒ Оу, Қожеке?! ‒ деп, дауыстауы сол еді, қапыл отырған әкем:
‒ "Жау қырылып қалды ғой!?" ‒ деп, аузына бірінші түсетін үйреншікті сөзін айтып, шошып кетті. Оған жұрт та күліп жатыр. Біздің әкемнің онымен де шаруасы жоқ, бар зейінін Әжекеңе бұрып:

‒ Ләббай, Әжеке, тыңдап отырмын! ‒ деді.

‒ Ал, тыңдасаңыз, сізден сұрағымыз бар.  Ел болғасын құда-жекжат, нағашы-жиен, жезделі-балдызды туыстығымыз болады. Ортамызда әзіл-қалжың сөзіміз бірге жүреді. Оны айтайын десек, үлкен кісілер "қожекеңнің" алдында әзіл айтпаңдар деп тоқтау салып қойды. Біздің ішіміз жарылып бара жатыр. Бұның рауаяты қалай болады? Соны білгіміз келеді? ‒ деп тоқтады.
Әкем сұрақты толық түсініп, еңсесін көтеріп жайланыңқырап отырып, таспиғын тартып үндемей қалды. Бұл кісінің қадесі сол, жедеғабыл жауап бермейтін-ді. Әлден соң, уақытта әкеміз:

‒ Әжеке! ‒ деді.

Жұрт та барлық назарын әкемізге аударды.
‒ Я, Қожеке тыңдап отырмын. Айта беріңіз, ‒ деді Әжекең.
‒ Айтса. "Ә" дегеннен кейін, "зіл" деген сөз тұр-ау! Сол сөз адамның басына кемдік әкеледі. Айтқан әзілге сыпайының сырты риза болғанымен "зілі" ішінде қалады. Сол зіл, "налаға" айналса ұрпағыңа кесірі тиеді. "Наланың" түбі "қарғысқа" ұшыратады.

Біреудің "наласынан","қарғысынан" сақта дейтініміз сол. "Әзіл ‒ апат келтіреді" деп, атам қазақ соны айтса керек. Олай болса әзіл, қалабай-қалжың әңгіме жасы келген адамға жарасымсыз, шайтанның желігі болып шығады ғой. Біз білген жер, Әжеке осыла-ай! Ақиқатын Алла біледі!? ‒ деп тоқтады. Жұрт ойланып, үнсіз қалды.

Әжібай нағашым, сылқылдап күліп:

‒ Ой, жарықтық, Қожекем-ай! Жанай екеуміздің ермегімізді де құрттыңыз-ау! ‒ деп, көпшігіне шынтақтап жантая кетті. "Жезделі", "балдызды" екі кісінің әңгімесі осылай аяқталды.

Ақ күмістей ұзын сұлу сақалын саусағымен салалап, Сәт молла:
‒ Екеуіңіздің де сыбағаңыз толық болды-ау! ‒ деп, қолын жууға оңтайланды... Соңғы адамның қолына су құйып болғанша, осы әңгімені ойға "олжа қылып" алып шықтым.
 Әңгіме жырау  Алмас Алматовтың facebook парақшасынан алынды
15 маусым 2019 ж. 1 058 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031