» » ЖҰМЫС ІЗДЕП САНДАЛДЫ, "БОС ОРЫН" ДЕП АЛДАДЫ

ЖҰМЫС ІЗДЕП САНДАЛДЫ, "БОС ОРЫН" ДЕП АЛДАДЫ

  – Алло, саламатсыз ба?
– Сантехник керек депсіз? Мекен-жайыңызды айтыңызшы?
– Иә, жарнама бердік. Скаткова 107 мекен-жайына келіп осы нөмірге қайта қоңырау соғып жіберіңіз.
         Ауылдан келген інім осы қарқынмен әлеуметтік желіде жарияланған жарнамалардың барлығына қоңырау соғып шықты. Қоймаға жұмысшы, әкімші, кеңседе хатшы қажет деген түрлі жарнамаға хабарласты. Бір қызығы жарнамалардың басым бөлігі "Скаткова 107" мекен-жайына келуді сұраған.  Аталған мекен-жайға барса, "сізді үш күн өзіміз оқытамыз. Оқуды аяқтаған соң белгілі болады" деп жүйелік маркетинг екендерін айтқан. Бұл жүйелік маркетинг қандай өнім сатумен айналысады? Елімізде ресми тіркелгені рас болса өздерін неге жасырын ұстайды? Үш күн бойы не оқытады? деген сұрақтар көбейеді. Жасырын ұстанымдары жоқ, ашық қызмет көрсететін мекеме болса неге мекен-жайын жиі өзгертеді. Мұны зерттеп жатқан ешкім жоқ.
         Мәселен жұмыссызға "жоғары жалақымен жұмыс береміз" деп шақыратын Қытайдан келген "Тяньши" компаниясы дәрілік заттар сататынын ғана жазған. Бірақ күн сайын қаншама адамды оқытқанмен, олардың қаншасы жұмысқа орналасқанын жарияламайды. Компанияның аймақтағы филиалы ретінде "Satu.kz" сайтына "Tiens Кызылорда"  деп тіркелгенімен өздері көрсететін қызметтер туралы бірде бір ақпарат жазбаған.
"Жарнама бойынша көрсетілген мекен-жайға бардым. Үш күн оқисыз. Компанияның нақты немен айналысатынын үшінші күнгі оқуда толық түсіндіреміз", – деді. Екі күн бойы табысын еселеген жандар, мол жалақы туралы айтып әбден қызықтырды. Жүйелік маркетингтің бәрі белгілі бір пирамидаға тіркеледі. Уақытты босқа құрттым-ау деп өкініп қалдым", – дейді қала тұрғыны Закира Мақсатқызы.
         Жұмыссыздарға арналған сенімді ақпарат көзі жоқ. Қалада жұмыссыздарға арналған жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылады. Алайда өз мамандығына сай жұмыс таппай жүрген Бақыт есімді тұрғын жәрмеңкелердің де "сценарий бойынша" өтетінін айтады.
Бақыт Ержанұлы, қала тұрғыны:
– Жәрмеңке болады дегенді естісем болды, барып қатысатынмын. Ұйымдастырушылар түрлі мекемені жәрмеңкеге қатыстыру үшін өтініш айтып алып келеді. Олар бос орындарын көрсетіп, әңгімелесу жүргізеді. Жұмыспен қамту бөлімінен жолдама алып барғаныңмен түрлі сылтау тауып, жұмысқа алмайды. Тіпті сол мекемеде бос орын жоғын біліп шыққан кездерім де болды. Жолдама берген соң жұмысқа тұрдың ба, жоқ па деп бақылап жатқан ешкім тағы да жоқ. Салың суға кетіп салбырап қайтасың, – деп ренішін білдірді.
Егер сіз Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне жұмыссыз ретінде тіркелуге барсаңыз, сізді дереу тіркемейді. "Сізді алам деп отырған жұмыс беруші бар ма" деп сұрайды немесе қоғамдық жұмысқа жіберетіндерін айтады.  Мысалы, 10 жылдық тәжірибесі бар экономисті жұмыссыз ретінде тіркеп, нақты жұмыс беруші ұсына алмайды. Қоғамдық жұмысқа бару да білікті маманға тиімсіз. Себебі мекемеде бос жұмыс орындарының сенімді базасы жоқ. Тіпті қауқарлы мемлекеттік мекемеде де бос жұмыс орны бар-жоғы туралы шынайы ақпарат жинақталмаған. Жұмыссыз ретінде тіркемеудің себебі "жұмыссыз ретінде базаға тіркелсе, бірақ жұмыс табылмаса аймақтағы жұмыссыздардың саны артып кете ме" деп үрейлене ме деген ойға келдік.
         Қолына диплом алған соң жұмыс таппай мемлекеттік "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған" бағдарламасына қатысушылардың саны артуда. Бағдарлама аясында 29-ға дейінгі жастар мамандығына сай мекемеге "Жастар тәжірибесі" бойынша 6 ай мерзімге уақытша жұмысқа қабылданады. Осы уақыт аралығында оған жалақыны мемлекет төлейді. Жұмыс беруші мекеме оны әрі қарай алып қала ма, жоқ па тағы белгісіз. Жас маманды салаға бейімдеп алып қалуға ниетті мекеме басшылары да жоқ. Осы жерде өз ұсынысымызды айтып кетсек. Мемлекеттік бағдарлама аясында тәжірибеден өткен барлық жасты тұрақты жұмысқа алуды жұмыс берушіге міндеттеу керек. Әйтпесе 6 айдан соң олар басым бөлігі қайтадан жұмыссыздар қатарына қосылары сөзсіз.
         Біздің қаламызда жеке жұмыс іздеу агенттіктері де жоқ. Сенімді ақпарат болмаған соң сеңделіп жүргендер де азаймай отыр.  Жұмыспен қамтуды бір жүйеге келтірмеген соң жемқорлық та жең ұшынан жалғаса бермек.
 Қаракөз ҚЫПШАҚ
26 шілде 2019 ж. 443 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031