Легионер

Кездесу төреші Рахымбаевтың нұсқауымен басталысымен қасқырлар шабуылға ден қойды. Ойынның 31 минутында Тигран Барсегянға қарсы айып алаңында тәртіп бұзылып, бас төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Пенальтиды армениялық легионер сәтті орындап, командасын алға шығарды. Арада 6 минут өткен соң Иван Антипов есепті теңестіріп, ойынды шиеленістіре түсті. Кездесудің бірінші жартысы аяқталар тұста Думан Нәрзілдаевтың шірене берген пасына Тигран Барсегян бірінші жетіп, "Қайсарды" қайта алға шығарды. Ойынның екінші жартысында Дулуб бапкер алаңға тыңнан жаңа ойыншыларын шығарып, әуселесін байқап көрді. Матчтың 52 минутында Тигран Барсегян таблодағы есепті еселеп, Қазақстан біріншілігіндегі алғашқы хет-тригын орындады. Тигранның үшінші салған добынан кейін, таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. Қорытынды есеп 1-3! Бұл кездесу премьер лигадағы екінші айналымның соңғы туры болды. Енді ел клубтары үшінші айналымда бір реттен кездесіп, жүлдегерлерді анықтайтын болады. Қасқырлар үшінші кезеңнің алғашқы ойынында "Шахтерге" қонаққа барса, 10 қарашада Қызылордада "Оқжетпесті" қабылдап, маусымды қорытындылайды.
Ерасыл ШӘРІБЕК