Министр кімдерге мұғалім болуға тыйым салынатынын айтты
Психикалық және мінез-құлық ауытқуы бар адамдарға педагогикалық қызметпен айналысуға тыйым салынады. Бұл норма "Педагог мәртебесі" туралы заң жобасында қарастырылған.
Үкіметтің кезекті отырысында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов "Педагог мәртебесі" туралы заң жобасын таныстырды. Құжатта мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптар да күшейтілмек.
"Қолданыстағы шектеулерден бөлек, психикалық және мінез-құлықтық ауытқуы бар, әрекетке жарамсыздығына байланысты дәрігердің бақылауында тұрған адамдарға педагогикалық қызметпен айналысуға тыйым салынатын болады", - деді Аймағамбетов.
Сондай-ақ, айтуынша, 2021 жылдың 1 қаңтарындан бастап университет түлектері педагог біліктілігіне сәйкестілігін растайды.
Заң жобасында педагогтің жүктемесін азайтуға қатысты жекелеген нормалар көзделген.
"Мұғалімнің кәсіби функциясына кірмейтін міндеттерді жүктеуге, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салынады. Мұғалімдерді өзіне тән емес функцияларға және артық есеп беруге шақыртқаны, тартқаны үшін 20-дан 120 АЕК-ке дейін айыппұл салынады", - деді министр.