Тазалық тілден, кім оны білген?
Төрт жастағы қыз жерге қоқыс тастап жатыр. Әпкесі "ауланы ластауға болмайды" десе, "тастай берейінші, бәрібір Айымның мамасы тазалап алады ғой" дейді. Иә, мұндай жағдай жиілеп кетті. "Қала тазалығының" қызметкерлері көшені тазартып кете салысымен қоқысты тастай салатынымыз жасырын емес. Бастысы, айналамызда бейнетаспаға жазылмаса болғаны...
Көшеде естіген әңгімеге ойландым. Балалардың түсінігі көше тазалаушының жұмысын біліп-ақ тұр. Дегенмен ластауға болмайтынын аңғарып тұрған жоқ.
Жақында "Қамбашқа" бардым. Шынын айтсам, алғаш көруім. Бұрын-сонды жолым түспепті. Алғаш барған соң жан-жағыңның бәріне көз жүгіртесің ғой. Менде дәл солай айналама зер салдым. Жалға берілетін үйлер, асханалар жұмыс істемейді екен. Маусым аяқталған соң олар да өз жұмысын аяқтапты. Бірақ көлдің айналасы қоқыстан көз ашпай тұр. Қайда барсаңыз да, сыраның бос қалған құтысы, ұшып жүрген пакеттер. Құдды адамның барлығы қоқысты арнайы төгіп кеткендей әсер аласыз...
Тазалық тәрбиеден бастау алады. Егер сіз тілі шықпаған балаға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін үйретсеңіз, әп-сәтте ақылды болып шыға келеді. Ал егер оның көзінше өзіңіз де "ешкім жоқ қой-дың" кебін киіп, қоқысты далаға тастай салсаңыз, бала көргенін істейтіні анық.
– Аға, қоқыс тастайтын жәшік қайда? – дейді 5 жастағы Нұрдәулет. Сонда ағасының жауабының түрі: – Айналада адам жоқ, тастай берсеңші. Неге біз "біреу көріп қоймасыншы" деп өмір сүреміз?
Жалпы қала тазалығына көңіліңіз тола ма? деген сауал жиі қойылады. Әрине, қызметкерлердің жұмысына көңіліміз толады. Тазалағанды бәз біреулер шашып кететіні болмаса. Орталықта бозбала мен бойжеткенді жиі кездестіресіз. Қолдарында пістеуік. Әр жерге қабығын шашып-ақ кетеді. Үлкен кісілердің "қарақтарым-ау пакетке салсаңдаршы" деген сөзін құлаққа да ілмейді. "Апа-у сіз жинамайсыз ғой, несіне қиналасыз", – дейді 16 жас шамасындағы жігіт. Қазіргі таңда біреуге бір нәрсе айт не, айтпа не болып қалды. Егер сөзден нәтиже шықпаса "қоя ғой" дейсің. Осындай жастар келесі ұрпаққа қалай тазалықты үйретпек? Бар-болғаны қоқысты арнайы жәшікке салу керегін үйрете алмай жүрміз. Болашағына жоспар құрудың, өз аяғымен тұрып, азамат болуға жетелеудің басқа қандай амалы бар?
Сіз бір жерге барғанда алдымен тазалығына мұқият қарайтыныңыз жасырын емес. Тағам әкелерде де асханаға бас сұққыңыз келеді. Мақсат –аспазшыны көз қиығымен бір шолу. Міне, тазалықты осылай назарға аламыз да, өзіміз қаланы таза ұстау керегіне зер салмаймыз. Егер таза қалада өмір сүргіміз келсе, тазалықты өзімізден бастаған жөн шығар. Жерге қоқыс тастаудан бұрын жердегі қоқысты алуға ұмтылсақ, біз де таза қалада тұрмас па едік?!
Мөлдір САБЫРЖАН