Табыс көзі – ешкі сүті
Былтыр өңірімізде "Jas Project" жобасы қолға алынғаны белгілі. Облыс бойынша 266 жоба үздік деп танылып, шағын және орта кәсіптер қолға алынды. Осылайша жұмыссыз жастар саны азайды. Міне, бүгінде аталмыш жобаға қатысып қайтарымсыз 1 млн теңге алып кәсібін жандандырып отырған жастар бар. Жаңақорған ауданының тумасы Рахмет Наргиза ешкі сүтін өндіру жобасын жүзеге асырып, кәсібін әрі қарай жандандыруда.
Жоба жетекшісі Жұлдыз Дүйсенбек бала күтімі бойынша демалыста. Қазіргі таңда топтың мүшесі Наргиза Рахмет жоба жұмыстарын жандандырып, кәсіпкерлік бағытында дамытуда. Жалпы жоба бойынша 5 ешкі алынған. Мақсаты ешкі сүтінің емдік қасиеттерін пайдалану арқылы қант диабеті дертіне шалдыққандардың, жүкті және емізулі аналардан, жүрек ауруына шалдыққан жандардың, көзі нашар көретін балалардың денсаулығын нығайтуға бағытталған. Жоба аясында осы санатқа жататын адамдарға 6 ай бойына тегін ешкі сүті таратылған.
Ешкі сүтінің адам денсаулығына пайдасы зор екені рас. Себебі бұны ғалымдар толықтай дәлелдеген. Ешкі сүтінің емдік және аурулардың алдын алуда, әсіресе, анемияда, тағамдық аллергияда, туберкулезде, асқазан, ішек-қарын жолдарының ауруларында, диабетте, диатезде, ағзаның қорғаныс қызметін арттыруда, ағзадан ауыр металдардың тұздары мен радионуклидтерді шығаруда және көздің нашар көруінде пайдалы деген қорытынды жасады. Сондай-ақ ешкі сүтінде кальций, магний, фосфор, марганец, мыс, А, В1, С және Д дәрумендері, аскорбин қышқылы бар. Сиыр сүтіне қарағанда ешкі сүтінде В12 дәруменінің құрамына кіретін кобальттың мөлшері 6 есе көп, ал калийдің жоғары мөлшері жүрек-қантамыр жүйесінің қызметіне оңтайлы әсер етеді. Сиыр сүтіндегі темірге қарағанда ешкі сүтінің темірі жақсы сіңеді, бұл анемияның алдын алуда аса маңызды екенін мамандар алға тартады.
– Ешкі сүтінің пайдасы өте зор. Көптеген аурулардың шипасы осы ешкі сүті. Сондықтан да жоба қабылдарда осыны басты назарға алдық. Ешкі сүтінен құрт, май, қатық, айран дайындаймыз. Олардың да денсаулыққа тигізер пайдасы көп. Балаларды қоректендіруде сиыр сүтіне қарағанда ешкі сүті жарамды келетінін зерттеді. Әрине, бала үшін ана сүтіне жететін тағам жоқ, бірақ жасанды немесе аралас қоректендіруде ешкі сүті ана сүтін алмастыру үшін лайықты және 6 айдан асқан балалар үшін қосымша қорек ретінде пайдалануға болады, – дейді Наргиза Рахмет.
Мөлдір САБЫРЖАН