ҚОҢЫЗ ЖЕП, САУЫҚТЫМ...
2012 жылдары жеңіл автокөлігіммен Қарағанды қаласына жақындай бергенде жол апатына ұшырап, қары мен жаңбыры аралас күздің суық өкпегінен кеудеме қатты суық тигізіп алып, біраз бейнет көрген едім. Алматының №12 ауруханасында 20 күндей емделіп, ЦЕФ-3 антибиотигінің арқасында өкпеме беріш болып қатып қалған іріңнен әзер арылсам да (Осумкованный плеврит) көктем мен күзде өкпемнен көрешекті көріп келемін. Биыл көктемде өкпеме тағы да суық тигізіп алсам керек, қатты жөтеліп аудандық ауруханаға түстім тұратын қаламда. Ауруханада екі жұма жатсам да жөтелім кетпеді. Дәрігерімнен «ЦЕФ-3 дәрісінен екі-үш күннің ішінде шауып кетуші едім, бұл жолы неғып айықпай қойдым?» деген сұрағыма «Біз сізге қытайдың антибиотигі ЦЕФ-3 дәрісін беріп жатырмыз» деді. Менің таң қалғанымды көріп «Тендерден біздің Авицена арзан дәрілерді ұтып алады» – деп жауап берді дәрігерім.
Жөтелден айықпаған бетімде Ержан Тұрғымбаев бауырыммен кездесуге Киев қаласына жүріп кеттім. Киевте қатты жөтелден өліп қала жаздаған соң, қайтар жолда Алматыда түсіп қалдым самолеттен. Жан тәтті ғой, 2013 жылы Көк базардан «медведка» деген жапырақтан жазылып кеткенім есіме түскені. Көк базарға барып дәрі шөп сататын жерді тауып алып «медведка» деген жапырақты іздестірсем дәрі шөп сатушы Надежда Айсаева деген жас келіншек «Медведка деген жапырақ емес, кәдуелгі қоңыз» – деп мені шошытып жібергені. «Әй, жарайды, өлсем осы қоңызынан өлейін» – деп, әлгі кептірілген сары қоңызды үгеттіріп, 60 грамын 12 мың теңгеге сатып алдым. Әлгі келіншек қоңызды балмен қалай араластырып, неше күн қолдану керектігін қағазға жазып беріп, «бұл дәріні бірінші күні ішкенде денеңіздің қызуы қатты көтеріледі, одан қорықпаңыз» деді жымиып. Шынында да балға араласқан қоңыздың ұнтағын жеген күні түнге қарай денемнің қызуы 39,5-ке дейін көтерілді. Алланың кереметі-ай, үшінші күні жөтелім сап басылып, денем жеңілденіп кеткені! Надяның: – Мың да бір ауруға дауа болатын дәрі. Ағзаңызды тазалайды, жасартады. Жүрек ауырса да, бүйректе тұз, өтте тас болса, бауырыңыз сыздаса, асқазанда жара болса, өкпедегі құрт пен кох таяқшаларынан да түк қалдырмайды – дегені шын болды. Интернеттен іздестіріп көріп едім, мынаған тап болдым: Кәсіби халық емшісі, Шығыс медицинасын меңгерген Әсеткүл қажы Сариева былай деп жазыпты: «Бұзаубас (Медведка) – улы жәндік. Бірақ бүкіл денесі дәрі. Жаз бен күзде оны ұстап алып, қайнап тұрған суға салып өлтіріп, кептіреді. Оны ұнтақтап, күніне үш рет қайнаған сумен ішсе, бауыр қатаюына, жеңіл дәрежеде ішке у жиналғанда, несеп азаю ауруына ем. Қара андыз бен бір бұзаубасты ұнтақтап, қайнаған сумен ішсе, ішкі ағзалардың қызметін реттейді. Ал екі дана бұзаубас, жасыл бұршақ өркенінен жарым кило, ақ бұршақтан екі мысқалды қосып, жаншып, шырынын ішсе, буын қызметтерін жақсартып, қол-аяққа қуат береді. Бүйрек қабынып, ісінсе, несеп жолында тас байланса, алты дана бұзаубасты қақтап, кептіріп, талқандап, үшке бөліп, дәрілік сары арақпен күніне үш рет ішсе, ем болады». Осы жолы 07.09.19 жылғы Алматыда өтетін Құрылтайға барғанда Көк базарға әдейілеп барып әлгі Надя деген келіншекке соғып, миымда ісік бар екенін, қан қысымым бірде түсіп кетіп, біресе қатты көтеріліп кететінін айтып шағымдандым. Надя жымиып тұрып «Оның да емі бар. Қазір көзіңізше балқарағайдың бүршігі мен басқа да емдік шөптер қосылған сұйықтықты жасап беремін, соны күніне тамақ алдынан жарты сағат бұрын асхана қасығымен таңертең, кешке екі мезгіл ішсеңіз құлындай шауып кетесіз» дегені. Қуанып кетіп әлгі сұйықтықтың 1 литрін 10 мың теңгеге сатып алдым. Керемет-ай! Бір ай ішкеннен кейін қан қысымым бұрынғыдай ойнамайтын болып, қалпына келді.
Қуаныш МҰҚТАЙ ақын, қоғам қайраткері
Конец переписки
Введите сообщение...