ҰЛТТЫҚ БОЛМЫС
Қазақ елі – өзге ұлттың өкілін бауырына басып, қажет кезінде көмегін аямаған дархан мінезді халық. Біздің елімізде «тұлғаның ұлттық қадір-қасиеті», «абырой», «ұлттық намыс» деген түсінік бар. Мұндай сөздердің басқа елде де қолданыста екеніне шүбә жоқ. Десек те сан мыңдаған жыл бойы өз жетімі мен жесірін айтпағанда, басқа елден паналап келген жарымжан жанға сая болған қазақтың бұл мінезін көпшілік қайталай алмайды.
Адам адамзаттық биікке көтеріліп, соның үдесінен шығуы үшін талай тер төгіп, еңбек ету керек. Ондай биікке жоғарылау үшін әр қазақ ұлттық болмысын берік қалап, іргесі мықты, шаңырағы биік ел үшін қызмет ету қажет. Қазағын соңынан ерте білген, сол жолда бары мен жанын аямаған Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, ХалелДосмұхамедұлы өзінің алға қойған мақсат-мұратынан айныған жоқ. Өз елінің тілі мен діні, ділі мен салт-дәстүрі аяқ асты болмауын жан жүрегімен қалап, соның жолында қарақан басын күйттемеген асылдардың есіл еңбегін жалғастыру – бізге парыз.
Біз, оқытушылар, қолдан келгенше балаға балабақша табалдырығынан бастап, мектеп, орта және жоғары оқу орынында білім бере жүріп, ұлттық тәрбие беруге ұмтыламыз. Ұлттық тәрбие феноменінің үш құрамдас бөлігі: ұлттық қадір-қасиет, ұлттық мақтаныш пен ұлттық ар-ождан болатын болса, біз оны жас ұрпақ бойында қалыптастыруға міндеттіміз.
Айдынгүл ТӨЛЕБАЕВА,
Қорқыт ата атындағы
ҚМУ оқытушысы