Дау мұраты – бітім
«Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда делдал, екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға деген мағынаны білдіреді. Медиация тәсілі сот ісіндегі тазалықты, әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы болмақ, яғни екі тарапты қанағаттандыру негізінде жүргізілетін келіссөз рәсімі.
Сотқа жүгінуші тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету, тараптарды татуластыруға қол жеткізу «Медиация туралы» Заңының негізгі мақсаты болып табылады. Бітімге келу, татуласу, бір-біріне кешірім жасау «Жеті жарғы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» секілді заңдардан бастау алады. Дала билігінің дара тұлғалары – Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді дана билер ел арасындағы кез келген дау-дамайды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, жеріміздің тұтастығын сақтауға баса назар аударған.
Біздің ұлттық заңнамамызда медиация институты «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы заңымен реттелген. Заң медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды. Аталмыш рәсім жеке және заңды тұлғалардың қатысуымен болатын азаматтық, еңбек, отбасы және басқа құқық қатынастарынан пайда болатын дауларды өркениетті әрі жедел жолмен реттеуге мүмкіндік береді.«Алдыңа келсе, атаңның да құнын кеш» деген қағиданы басшылыққа алған дарабоз билердің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы.
«Медиация туралы» Заңның 1-бабында оның қолданылу аясы белгіленген, яғни жеке немесе заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын даулар, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар медиацияның қолданылу саласы болып табылады.
Қай уақытта да даудың бітіммен аяқталуы ол үлкен жеңіс. Медиация арқылы бітімге келіп аяқталып жатқан әрбір іс, ол ең алдымен тараптарға тиімді шешім.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының жетекші маманы Жанар Пазылова