ХАЛЫҚТЫҢ БАЛАСЫ
Жаңақорғанның халқы ашық жарқын келеді. Қаншама рет іс-сапармен жолымыз түскенде аңғардық. Әсіресе халыққа болысып жүретін жастарын көрсеңіз, қызыға қарайсыз. Ауданға кірген бойда алдымыздан шыққан бір топ адамнан "Серік Бақытұлы есімді жігітті қайдан табуға болады?" деп жөн сұрадық. "Ол жігіт білеміз. Серік – Бақыттың баласы емес, халықтың ұлы. "Кәусар" көтерме заттар дүкеніне барыңыздар" деп бағыттады.
Серік Бақытұлы – жаңақорғандық белсенді жас, әрі кәсіпкер. Серікті халық айтқан дүкеннен таптық. Бір тапсырысты қабылдап, екіншісін жүк көлігіне тиеп жөнелтіп жатыр екен. Қызу тіршілігіне қарамастан бізді жайдары қарсы алды. Сол баяғы аузын ашса жүрегі көрінген ақжарқын қалпынан таймапты. Серік дүкенінде тұрғындарға қажет ұн, шемішке май, тұз, күріш, жем т.б. заттарды көтерме бағада сатады. Сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетіп, халықтың ықыласына бөленіп отыр. Дүкенінде 15 адам тұрақты жұмыс істейді.
Серіктің әлеуметтік желідегі парақшасына кірсеңіз, жүрек жылиды. Онда ол өз жеке басының мәселесін емес, әркез аудан тұрғындарының тұрмыстық проблемаларын орынды көтеріп отырады. Ауыз су, жол, жарық секілді коммуналдық мәселелердің шешілуіне алғашқылардың бірі болып күш салады. Мұнан бөлек 10 отбасыға қысқы отын, 2 отбасыға газ кіргізуге қолдау білдіргелі отыр.
"Күнде таңертең қарындасымды мектепке апарамын. Сонда байқағаным балалар жұқа киінген, етіктері де тозған, тоңып дірдектеп тұрады. Ата-анасының бәрін бірдей киіндіруге жағдайы жетпей жатқан шығар деп қолдан келгенше жәрдемдесейік дедім. "100 игі іс" деп ат қойып әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының жүз баласына жәрдемдесуді жөн көрдік. Аудан халқы және менің парақшамдағы оқырмандар қолдай жөнелді Мектеп басшыларынан балалардың тізімін алып, оларды жылы киіммен қамтамассыз етудеміз", − дейді Серік.
Жуырда Серік бір топ ауданның белсенді жастарымен бірге үйсіз-күйсіз жүрген қарияны тамақтандырып, жуындырып, жылы киімдер әперіп қамқорлық танытты. «Қыстың көзі қырауда далада үсіп қалар» деп әлгі қарияны мемлекеттік мекемелерден жөн сұрап, қалаға арнайы оңалту орталығына әкеліп орналастырды. Әр қазақ менің жалғызым деп қаңғып қалған азаматқа қолдау білдіруі елдің ерекше ықыласын тудырды.
Серік – іскер жігіт. Мен онымен Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да бірге оқыдым. Ешқандай мәдени шарадан қалыс қалмайтын белсенді жастарының бірі болды. «Ұлағат ұландары» қоғамдық бірлестігінің мүшесі ретінде сөз сайысына қатысып, озық ойын ортаға салатын. Балалар лагеріне де тәлімгер болып барып, өзінің жоғары ұйымдастырушылығын көрсетті.
Қазір де белсенділігі арта түскен. Ол жетекшілік ететін "Дара" продюсерлік орталығы ауданда түрлі мәдени-көпшілік іс шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып жүр.
Кейіпкеріміз – үйінің үлкені. Өзінен кейінгі қарындастарына қамқор болып, ата-анасының тірегі болып өсті. Содан да болар айналасына қамқорлық жасауға асық. Өзі де шаңырақ көтеріп, жуырда әке атанды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет бойында отбасынан қалыптасса керек. Серіктің айналасындағы адамдарға мейірімі төгіліп тұр.
Серік − жоғары білімді азамат. Педагогика ғылымдарының магистрі. "Аудандық мәслихатқа депутат болып сайланғым келеді. Халық үшін жасалатын игі шараларға құжат жүзінде кіріскім келеді. Тұрғындар мәселесін шешуде жай адамнан гөрі депутаттың мүмкіндігі мол ғой",−деп алға қойған мақсатымен бөлісті. Ауданда халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп, оның шешімін табуына атсалысып жүрген белсенді жасқа жуырда аудан әкімі Сұлтан Мақашов «Жаңа толқын» жастар сыйлығын табыс етті. Аудан басшылығы жастардың идеялары мен ұсыныстарын шет қалдырмай, белсенді жастарды қолдайтынын білдірді. Ал біз досымыздың биік белестерді бағындыратынына сенімдіміз.
Гүлбану МАҚАЖАН