Журналистен кәсіпкерге...
Бүгінде білім алған мамандығынан кәсіпке бет бұрғандар қарасы қалың. Бұл дегеніңіз кәсіпкерлікке мемлекеттің қолдауының дәлелі. Сонымен бірге кәсіпте табыс көзінің көптігі. Ал біздің кейіпкеріміз ешқандайда мемлекеттің қолдауын алмаған, өз қаражатымен кәсіп ашқан. Бүгінгі кейіпкеріміз журналистикадан кәсіпкерге бет бұрған ‒ Айжан Ахметова.
Жаңақорған ауданының тумасы. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың түлегі. Журналист мамандығын қызыл дипломмен тәмамдаған. Қазіргі таңда Елорданың хақ төрінен "Айжан" сән салонын ашқан.
‒ ҚР премьер министрінің баспасөз-қызметінде қызмет атқардым. Әрине мамандығым мақтанышым. Ол жерде көптеген тәжірибе жинақтадым. Бала күтіміне байланысты демалыста жеке кәсіпкер болуға шешім қабылдадым. Оның басты себебі отбасыма, қыздарыма көп көңіл бөлгім келді. Қыздарымды биге, қосымша сабақтарға қатыстырғым келді, - дейді кәсіпкер.
Айжан Сыр елінен Елордаға арман қуып келген. Дастан есімді жігітпен отау құрды. Екі қыздың анасы. Ата-енесімен бір шаңырақта тұрады. Ол үй шаруасына, бала-шағаға, жұмысына уақыт тауып, келіндік міндетін абыроймен атқарып жүр. Нұр-Сұлтаннан кәсіп ашу кез-келгеннің қолынан келмейді. Ал кейіпкеріміз бұл істі дөңгелетіп әкетті. "Айжан" сұлулық салоны бүгінде халық сұранысына ие, көптеген қызмет түрлерін көрсетеді.
‒ Бұл менің бір жыл бұрын ашқан алғашқы кәсібім. Бас қаладан кәсіп ашу әрине оңай емес. Тәуекелге келіп бастауыма жолдасымның ықпалы зор болды. Бала күтіміне байланысты демалыста отырып іздендім. Курстарға қатыстым. Өзіме жақын істі таңдауды дұрыс деп шештім. Егер өз саланды сүйсен қиын тұсы болмайды,- дейді Айжан Ахметова.
Иә, қандай шешім қабылдаса да алдымен жүрек қалауы керек. Сонымен бірге өз ісінің шебері болса кәсіпті дөңгелетіп әкетеді. Елорданың сол жағалауынан ашылған сән салоны халыққа қол жетімді. Бағасы да тиімді.
‒ Сол жағалаудан, орталықтан ашуға жүрексінгенім рас. Біздің басты талап ‒ келушілердің көңілінен шығу. Әр қызметкер келушілермен сыпайы сөйлеседі. Егер салон қызметін пайдаланушы екі-үш қызмет түрін пайдаланса келесіге жеңілдік көрсетіледі. Санитарлық-гигенаны сақтай отырып, тұтынушы көңілінен шығып отырмыз, ‒ дейді салон иесі.
"Айжан" сұлулық салонында шаш қию, бояу, маникюр, педикюр, кірпік жалғау, бет әрлеу, массаж, татуаж т.б қызмет түрлерін көрсетеді. Салон сапаға жұмыс істейді. Айжан өзі басы-қасында жүреді, қадағалайды. Ал бағасы халыққа қол жетімді.
‒ Ақшаға қызығып, бағаны асқақтатпаймыз. Біріншіден ашылғанымызға не бәрі бір жыл болды. Екіншіден қарапайым халыққа қолжетімді болған кезде ғана біз кәсіптің нәсібін көреміз деп ойлаймын, ‒ дейді ол.
Салонда 5 адам жұмыс істейді. Айжан болашақта салонды жандандыруды көздейді. Демек Елордадан "Айжан" салоны көбеймек. Сонымен қатар бір саламен тоқтап қалмай өзге де саланы меңгермек. "Қазір заман біреудің қолына қарап отыратын заман емес. Сондықтан Алла қаласа мені тек кәсіпкер ретінде танымайсыздар. Басқа да кәсіптен бой көрсетсем деген жоспарым бар" дейді әңгіме барысында. Кейіпкерімізден екі қаланың қайсысы ыстық деп сұрадық. Әрине туған жердің орны ерекше екенін білеміз. Десе де Елорда арман қала. "Әрине туған жер ыстық. Өсіп-өндім. Топырағына аунап, суын іштім. "Қыз мақсаты кету" болған соң, туған жерден жырақта жүрмін. Маған екі қала да ыстық. Өйткені Сыр елінде ата-анам, бауырларым бар. Ал Нұр-Сұлтан менің арман қуып келген, арманымның орындалуына себепкер болған қалам. Және осында жүрегімнің жартысын, қыздарымның әкесін кезіктірген киелі мекен. Сол үшін де ерекше" дейді.
Айжанмен кездескенде көлік жүргізіп келді. Бұрын-сонды көлігі барын білетінмін. Десе де үлкен қалада оңай үйреніп кету қиын шығар дегенмін. Бірақ қатты ұнатқан, қызығып істеген іске ештеңе де кедергі келтірмесін ұқтым. Айжанның басты арманын орындаған бас қала қалған арманында орындайтыны анық. Сондықтан кейіпкерімізге сәттілік тілейміз.
Мөлдір САБЫРЖАН