ӨТКЕНГЕ ӨКІНБЕЙ, БОЛАШАҚҚА қадам ЖАСАҒАН АБЗАЛ
Мейір Махмұдов:
ӨТКЕНГЕ ӨКІНБЕЙ, БОЛАШАҚҚА қадам ЖАСАҒАН АБЗАЛ
14-мамыр. Жергілікті полициясы қызметінің қос қызметкері үшін ұмытылмас күн. Қызмет бабында жүріп, қасықтап жинаған абыройына сол күні нұқсан келді. Лейтенант Мейір мен әріптесі капитан Олжастың қызметтік көлікте көз шырымын алған видеосы желіде желдей есті. Рас, бізде жұрт секілді инстаграм мен фейсбуктен көрдік. Алғашында байыбына бармай кінәлі санағандар көп болды. Соның салдарынан қос азамат жұмыссыз қалды. Отбасының тірегі саналған экс полицейдің бүгінгі ахуалы қалай? Біз зерделеп көрген едік. Ендеше кінәлі саналған Мейір Махмұдовтың айтқанын айна қатесіз оқырманға жеткізуді құп көрдік.Мамырда кірдім, мамырда шықтым
Бозбаланың барлығы әскери қызметкер болғысы келетін жасырын емес. Біздің де арманымыз сол болды. Арманға жету үшін оқыдық, біршама сатыдан өттік. 2015 жылы 7 мамырда Мейір Махмұдовтың арманы орындалып, тәртіп сақшысы болды. Қызметті сүйгеніміздің арқасында жаздың аптап ыстығын, қыстың сары шұнақ аязын сезінбейтінбіз. Тіпті кейде жұмысты отбасыдан биік қойған кездер де кездесті. Дегенмен ер жігіттің басына не келіп, не кетпес демекші, бізде де бір сынақ туындап, араға 5 жыл салып қызметтен кетіп жатырмын.
Түнгі ауысымда барлығы демалады
Болған жағдайды басынан баяндайын. 2019 жылы қазан айының 5-інен бастап жергілікті полиция яғни тәртіп сақшылары 3 ауысымнан екі ауысымға көшті. Бұл дегеніміз жол сақшылары 12 сағаттан қызмет атқаруы тиіс дегенді білдіреді. Еңбек кодексіне жүгінсек қызметкер 8 сағаттан әрі жұмыс істемеуі тиіс. Бірақ басшылықтың бекіткен тапсырмасын бұлжытпадық. Көбінде түнгі ауысымда болғандықтан кейде шаршайтынымыз жасырын емес. Мамырдың 13-інен 14-іне қарағанда кезекті жұмысымызға кірістік. Таңғы 7-ге дейін Титов, Шанхай мөлтек аудандарының тәртібін бақылап, 2 хаттама толтырып, рапорт жазып, жұмысымызды тәмамдап тынығып отырғанбыз. Таңғы 8-00 шамасында көзіміз ілініп кетіпті. Құдай аян бергендей, өздігімнен оянып кеттім. Рельс жағасында бір кісіні көзім шалып қалды. Сөйтсем әлгі видеоны түсірген адам екен. Іштей үрей болғанын жасырмаймын. 9-дар шамасында ішкі бөлімнен қоңырау соғып, келуімізді өтінді. Қателік кеткенін қоңыраудан-ақ түсіндім. Шынтуайтына келсек, таңертеңгілік уақытта 15-20 минут мызғып алатынымыз бар. Әрине, жұмысты тиянақтап, ауысымды тапсырар сәтте болатын жайт. Бұл – түнгі ауысымдағы барлық қызметкердің басынан өтетін жағдай.
Тәртіптік кеңеспен келіспейміз
14 мамырда Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полковник Пазылхан Нәлібаевтың қабылдауында болдық. Олжас екеуміз кінәмізді толық мойындадық. Аздаған диалогтан кейін кабинеттен шығуымызды өтінді. Ойымда қатаң сөгіс немесе резервке қоятын шығар деген жаза тұр. Себебі Олжастың қызмет атқарған 14 жылында және менің 5 жылдық еңбек өтілімімде мүлде ескерту болмаған. Санаулы сәттерден кейін жанымызғаҚызылорда қаласының полиция басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Ермек Құдайбергенов келіп, екі таңдауды ұсынды. Біріншісі, қызметтен босатылу, екіншісі, өз еркімен арыз жазып, жұмыстан кету. Мұндай ұсынысқа аң-таң болдық. Олжас екеуміз амал жоқтан алғашқысын таңдадық. Өйткені шағым көрсетуге мүмкіндігіміз барын білдік. Осылайша облыстық полиция департаментінің басшысы, полковник Бектөре Сұлтан біздің оқиғаға нүктесін қойып, қызметтен қуды. Бір қызығы, біздің оқиғадан кейін бұрынғы үш ауысым қызметі қайта жанданыпты. Бәлкім 12 сағаттық жүйенің заңсыз екенін басшылық енді ұққан болар.
Әріптестерім қолдау білдірді
Сол күннен бастап құқықтық кеңестер алып, адвокаттың көмегіне жүгіндік. Қызметтің ыстық-суығын қатар көрген әріптестеріме алғыс айтамын. Ішінара қаражат жинап, адвокаттың қаржысын төлеп беруді құп көріпті. Әріптестерімнің нұсқауымен білікті адвокат Мейрамбек Даубалаев бірге жұмыс істеп, сотқа шағымдандық. Жалпы құзырлы органдардың барлығына жүгіндік. Келетін жауап бір сарында. Сондықтан бар үмітіміз сотта. Айтпақшы Ішкі істер министрлігіне де жазбаша өтініш жолдағанбыз. 15 күн өтсе де бір жауап келмегені қынжылтады.
Үмітім сөнген жоқ
Әр істің бір қайыры болары сөзсіз. Егер соттың жауабы оңтайлы болып, резервке өтсек қандай қиын жұмысты тапсырса да орындауға ниеттімін. Өйткені бұл қызмет – менің сүйіп таңдаған мамандығым. Мейлі Арал, мейлі Қазалы секілді аудандарға жіберсе де сонда қызмет істеуге дайынмын. Сондықтан мендегі үміт сөнген жоқ.
Қызмет бабындағы суреттерімді
көргім келмейді
Жазылған дүние мерзімді басылымды айшықтап тұру үшін суреттің рөлі басым. Сондықтан кейіпкерден қызмет бабындағы бір сыпыра суреттерін сұраған едік. Алайда сурет альбомын ақтарған Мейір «қызмет бабындағы суреттерімді көргім келмейді» деп қысқа қайырды. Бұл да бір Мейірдің мамандыққа деген адалдығы болса керек.
Өзге жұмысқа құлқым жоқ
Бір айдан аса уақыт болды үйдемін. Әзірге өзге жұмысқа құлқым жоқ. Отбасымның асыраушысы болған соң мен үшін оңай тимейтіні анық. Соттың шешімі шыққан соң бір-ақ қимылдаймын деген шешім қабылдадым. Өткенге өкінбей, болашаққа қадам жасағанымыз абзал. Егерде сүйген іске оралмасақ, қол жайып қалмаспыз.
Ерасыл ШӘРІБЕК