ТАБИҒАТ ТАЗАРМАЙ ТҰР
Пандемия кезінде көлік қозғалысы едәуір азайып, атмосфералық ауа біршама уақыт тазарды десек те, қоршаған ортаның ластану көрсеткіші жақсармаған. БҰҰ UNCTAD (ЮНЛТАД) Сауда және даму жөніндегі конференциясының директоры Памела Коук-Гамильтон осы мәселеге қатты алаңдайтынын айтты.
‒ Індет таралмай тұрып та табиғатты пластик қалдықтарымен ластаудан планетамызға қауіп көп еді. Ал пандемия тұсында ауа газдан тазарғанымен, табиғат тазалығы сын көтермейтін күйде, ‒ дейді Памела Коук-Гамильтон. Мамандардың пікірінше, қашықтан қызмет көрсету форматына ауысып, оқшауланған адамдар тапсырыс арқылы тауарлар мен тағамдарды жиі алдыртады. Тапсырыстың көп жағдайда пластик ыдыстар арқылы жеткізілетінін ескерсек, қоршаған ортаға тасталатын қоқыстың салмағы мен зардабын цифрды сөйлетпей-ақ сезінуге болады.
Ал БҰҰ сарапшыларының зерттеуіне сүйенсек, пластмасса қалдықтарынан табиғатқа тиетін залал 40 млрд долларды құрайды. «Grand View Research» консалтинг компаниясы жүргізген есепке қарағанда бір рет қолданылатын медициналық бетперде саны былтыр 800 млн болса, биыл оның саны 166 млрд данаға артқан. Аталған ұйым осы бетперделердің көшеде шашылып жатуының да айналаға зияны көп болатынын алға тартты.