Ұстазым менің, ұстазым!
Мектеп– құрметке лайық орын. Неге? Себебі,бұл– үлкен өмірге дайындайтын керемет мекен. Жаңа таныстық, үлкен өмірге қадам басар баспалдақ. Біз жақсы мен жаманды айыруды, қателік жасап қайталамауды да, достарды таңдауды, өзіңді тануды да осы мектеп табалдырығынан бастаймыз.
Ал, мұғалім – мектептің жүрегі. Ғалымды да, шахтерды да бас идерген ұстаздың міндеті жауапты. Олар бізге тек кітап бетіндегі жазуды ғана үйретіп қоймай, өзінің өмірлік ақыл кеңесін де санамызға құйып отырады.
Әсіресе, кешегі пандемия кезінде біз мектептің тек білім биігіне жетелейтін орын ғана емес, қажетті құндылықтарды бойға сіңіруге, «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығуға» жол ашатын рухани ошақ екенін сезіндік. Ұстаз қадірін ұғындық. Ата-аналарымыз да мұғалімді түсіне бастады. Өйткені, олар өздерін ұстаздың орнына қойып көрді. Шыдамдылық пен төзімділікті талап ететін саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген ұстаздың бір күні бір күніне ұқсамайтынына көз жеткізді. Расымен, «Адам тәрбиелеу – ұлы міндет» десек, ол міндетті атқарып жүрген де ұстаз қауымы. Бұрындары алыстан ат арытып келген баланы бірінші ұстазына сәлем беруге жіберуінің де басты себебі де осында деп білемін.
Осы сәтті пайдалана отырып, қатарластарымды жаңа оқу жылымен құттықтаймын! Өзімнің сынып жетекшім Жадыра Азнабаеваға да ерекше алғыс айтқым келеді.
Іңкәр Қартаңбаева,
№218 орта мектебінің оқушысы,
«Тіл – майдан» Жас журналистер клубының мүшесі