Бітімгершілік берекені арттырады
Сырдария аудандық соты мен аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Сырдария ауданы әкімдігінің мәжіліс залында онлайн режимде өткен жиында Билер кеңесінің атқарған жұмыстары талқыланды.
Іс-шараға Қызылорда облыстық Билер кеңесінің төрағасы З. Нұрсейтов, Сырдария аудандық сотының төрағасы Р. Алдамбергенов, судья А.Мизанбаев, Сырдария ауданы бойынша Билер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев пен мүшелері М.Елеусінов, К.Мұстафаев, аудан бойынша 13 ауылдық округтің Билер кеңесінің мүшелері, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстары бөлімінің басшысы Д. Әлшеров, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Е.Әбілдаев, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сырдария ауданы бойынша этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы, кеңес хатшысы А.Мейрамбеков және жергілікті «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі А.Маратқызы «Skype» байланыс жүйесі арқылы онлайн режимде қатысты.
Сот төрағасы Р.Алдамбергенов қазіргі таңда елімізде дауларды соттан тыс реттеуге баса маңыз берілгенін, соның бір айғағы ескіні жаңғырта отырып, кез келген дауды өршітпей, тез бітірудің тың тәсілдерін жетілдіру қажеттілігіне байланысты ауданымызда 2019 жылы Билер кеңесі құрылып, жұмыс жасап, тәжірибе қалыптастырғанын айтып өтті.
Қазіргі қоғамда Билер кеңесі азаматтық дау-дамайларды шешіп, істі сотқа дейін жеткізбей әрекет ете алатынын, Сырдария ауданы бойынша Билер кеңесінің мүшелерінің тәжірибесі мол, ел ал¬дында жүрген беделді азаматтар екенін айтты.
Статистикалық деректерге сай аудандық сотта 2020 жылдың 6 айында 270 азаматтық іс аяқталып, оның 112-і (41,5%) татуласу, 39 (14,4%) азаматтық іс медиатордың қатысуымен аяқталған.
Бұл жерде айта кететін жағдай татуласу рәсімімен аяқталған 112 азаматтық істің 108-і билер кеңесінің қатысуымен қаралған.
Қызылорда облыстық Билер кеңесінің төрағасы З.Нұрсейтов өз сөзінде Билер институты өңірдегі қоғамдық келісімді қамтамасыз етіп, қоғамдағы дауды сотқа дейін шешу мен азайтуды мақсат ететінін, бітімгерлік-адамдар арасындағы сыйластықты, татулық пен берекені, елдің тұтастығын сақтаудағы ең ұтымды тәсіл екенін жеткізді.
Билерге татуласу рәсімін жүргізу қағидалары мен әдістемесін, дауларды шешудегі Билердің рөлін түсіндіріп, өткен ғасырлардағы билер мен ақсақалдардың дауларды шешу жолдары мен билер институтының құрылу тарихы туралы айтып берді.
Іс-шарада сөз алған Сырдария ауданы бойынша Билер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев бекітілген кесте бойынша сотқа дейін қандай істер санатында тараптармен кездесіп жатқандығын, алда қандай жоспарлар тұрғанын айтып, аталған жұмысты жетілдіру бойынша ұсыныстарын білдірді.
Сонымен қатар, Билер кеңесінің төрағасы мен мүшелері дауларды сотқа дейін татуластыру рәсімдері арқылы шешілуіне барынша ат салысатынын, халық арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп және жастарға отбасын сақтап қалу мен бала тәрбиесі жөнінде өмірлік ақыл-кеңестерін беріп жатқандарын сөз етіп, бұл бағыттағы жұмыстар жандандырылып жалғасын табатынын айтты.
Шара соңында қатысушылар Билер кеңесі жұмысының ұйымдастырылуына қатысты мәселелерін талқылап, өз ұсыныс пікірлерін білдірді.
Сырдария аудандық сотының баспасөз қызметі