ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМ ЖҮЙЕЛЕРІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР ТҮСІНДІРІЛДІ
Өңірлік коммуникациялар қызметінде еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Төреахмет Жолымбетов Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттердің орындалуы бойынша баспасөз конференциясын өткізді.Онда сала басшысы зейнетақы төлеу механизмдері мен әлеуметтік төлем жүйелеріндегі өзгерістерге тоқталды.
Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақыны тағайындау механизмі өзгерді. Қазіргі таңда базалық зейнетақы азаматтың еңбек өтіліне және табысына қарамастан баршаға бірдей тағайындалады. Базалық зейнетақыны тағайындаудың жаңа механизмі 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін жинақталған еңбек өтілін және 1998 жылдан кейін жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі кезеңдерін есепке алады.
Облыс бойынша 69,2 мынан астам зейнетақы алушылардың көбейтілген базалық зейнетақы төлемдерінің шешім жобалары уақытылы бекітіліп, шілде айының төлеміне қосылды.
Қазірдің өзінде республика бойынша 2 148 000 зейнеткер үшін төлемдерге қажеттілігі анықталды. Республикалық бюджет комиссиясы бұл мақсатқа 530 млрд теңгеден аса қаржы қарастырып отыр.
Барлық базалық зейнетақы төлемін алушылар тікелей электрондық үкіметтің сервистері арқылы зейнеткердің жаңа базалық зейнетақы төлемінің мөлшері туралы анықтамалар есептерімен таныса алады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өзінің 2018 жылдың 10 қаңтарындағы Жолдауында Үкіметке 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналарға қосымша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы енгізуді тапсырды. Соған сәйкес 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді күтім жасап отырған адамдарға жаңадан ай сайын мемлекеттік жәрдемақы тағайындалатын болады. Жәрдемақының мөлшері күнкөрістің ең төменгі деңгейі яғни осы жылы 29 699 теңгеге тең болады.