» » » Кісі ұялар сөз айтпас...

Кісі ұялар сөз айтпас...

   Ән өнері – халықтың әлеуметтік-тұрмыстық, тарихи-дәстүрлік салт-санасын бүгінге жеткізуші ең үлкен күштің бірі. Қазақтың музыкалық болмысы да шеберлік деңгейі мен құрылымдық ерекшелігі жағынан жауһар мұра саналады. Естайдың есті, Мұсаның мұңлы әні талай жүректі жылатса, Біржан салдың сырлы әуені қаншама көңілді жұбатты. Мөлдір махаббатты шығармасының өзегіне айналдырған Шәмші әлемі, тіпті, бөлек. Міне, осындай ұлы өнердің өкілдері өміршең туындыны дүниеге әкеліп, ел мерейін көтергені мәлім. Ал бүгінгі эстраданың жай-күйі қай деңгейде? Соңғы үрдістегі жалаң әуен мен мағынасыз сөздер ән қадірін кетірген жоқ па? Елдің көңілі ауған әуендердің мән-мазмұны қаншалықты құнды? Осы сауалға жауап іздеп көрейік.
Шынымен, әнге құштар қазақ қай кезде де әуенге сөздің қабысуын ерекше назарға алған. Қазіргі әндерге қарасақ, мәтіннің басы мен соңы ұйқаспай, қазақ тілі нормасына қайшы өрескел қателіктер өріп жүр. Тіпті, «Зың-зың», «Опмай-опмай» секілді жарытып сөз қатарына қосуға келмейтін буындар да ән ішінен табылуда. Сұраныс болмаса туындының таралмасы тағы бар. Мүмкін тыңдаушының деңгейі сол шама шығар. Әйтпесе қазақтан сөз артылып па? «Сөз түзелді, Тыңдаушы, сен де түзел» деген Абайдың ескертпесіне де ғасыр толды. Түзеліп, салмақты сөздің мәнін білетін қоғам әлі қалыптаспағаны ма?
«Қазақ даласы ән салып тұрған» дәуірден бүгінге дейін біршама ұғым ескірді, түсінік көнерді. Алайда тәуелсіздікке дейін музыкалық туныдыларда мәтін солғындығы байқалмайтын. Бірнеше буынның жүрегіне жол тауып, классикалық шығарма қатарына қосылған Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Ескендір Хасанғалиевтің орындауында шырқалған әндер айтылар ойы мен шырқалған әуені біртұтас туынды еді. Бұл олқылық жаңа ғасырдағы жаңарған құндылықтармен қазақ қоғамына енген ерсі әрекеттің біріне айналды десек артық емес. Сондықтан болар, сөздің парқы, ойдың салмағы кемшін түсіп жатқан кей әндерді естіп, көңілің май ішкендей болады. Көбісі әдепке жат, оғаш, «белден төмен» ұғымдарды өнерге балап, сөз арасына кірістіріп жүр. Күнделікті өмірде астары теріс тәрбиеге жетелейтін әндерді кездестірсек те, «ұят екеннен» әрі аспай, таралуына тосқауыл қойып жатқандар аз. Бір мысал келтіре кетейік:
Соңғы кезде тыңдарманы көбейіп, танымал болған әндердің қатарында Argonya мен Бейбіт Қорғанның «Кірмей қала ма деп қорқамын», Argonya-ның «Оның бәрін бүйту керек еді», Әділет Жауғашардың «Науат» секілді мағынасы екіұшты «хиттер» бар.
Енді 2RAP атты әншінің орындауындағы «Сары қыз» деген мына әнге назар аударып көріңізші:
– Әне, қара!
Оң жақта бір қыз тұр.
Барлық еркектің назарын бұрғызды.
Мына қыз барлығын тұрғызды.
Орнынан тұрғызды, – дейді. Бұдан соң:
– Бері кел, кел, кел!
Мен саған тиіспейм,
Жай ғана мойныңнан сенің иіскейм.
Жо-жоқ, асықпа, сары қыз,
Бірінші кездесуде мен сүйіспейм, – деп әрі жалғастырады. Бұл не деген сорақылық? Ән деп айтудың өзі жиіркенішті. Өкінішке қарай, бүгінгі күйіміз міне, осындай.
Қарап отырсақ, бұл әуендердің өнерге қатысы шамалы. Қазан-ошақ пен ауыл арасында айтылатын арзан сөз бен таным деңгейі бірден сезіледі. Аз уақыттағы талқыға түсер мәселеге айналғанымен, өміршең шығарма деп айту қиын. Сондықтан тыңдарман жадында сақталмайтын жеңіл ермекті тыю – кезек күттірмейтін әрекет. Ұлт болмысы мен тәрбие бағытына бейжай қарамайтын әрбір азамат өнер атаулының да ең сапалы туындысын тұтыну керек. Себебі өнер өркениет пен қоғамды қалыптастыратын басты фактор.
Қазіргі әннің сөзіне ғана өкпе айту аздық етеді. Әуені де сынға тағуға сұранып тұр. Ел арасында тойдың әні, жеке ән деп бөлу бұрыннан барын білетінбіз. Алайда соңғы уақытта жеке әннің сарыны да той жырына ұқсап кеткен секілді. Билеуге қолайлы, ойнақы ырғаққа құрылған әндер қатары көбейді. Әрине, елдің қуанышы мен мерейі тасыған ортада ондай шығармаға да орын бар шығар. Бірақ, ол қазақ тілді тыңдарман тұтынатын ән әлемнің жарымынан астамын қамтымауы тиіс. Бұл жерде мәселе талғам не бағыт ерекшелігінде емес, шығарманың сапасында.
Кейбір музыка мамандары жастардың дарақы, жалаң ырғаққа құмартуын батыс мәдениетіндегі хип-хоп үрдісінің белең алғанымен түсіндіреді. Бас-аяғы бірнеше нотадан тұратын сандырақты ән көше мәдениетінің жемісі болғандықтан, белгілі бір талап, қағида сақтала бермейді. Арнайы музыкалық білімі жоқ, сауаты таяз жастар бұл бағыттағы әндердің аясын кеңейтті десек болады. Осылайша ауладағы шығарманы киелі сахнаға шығарып, танымалдыққа жетуді мақсат тұтқандар саны артты. Әуенді әрлеу шеберлігін қоспағанда, дауыс ырғағы, сөздердің дұрыс айтылуы секілді қарапайым ұстанымды елей бермейді. Ал біздің өткен ғасырдағы көше әнінің өзінде ерек сезім, бөлек әуез бар еді. Сол ән мәдениетінен айырылып бара жатқандаймыз.
Қазақ ән атаулыға етене жақын. Өз жанынан туған бекзат өнерге байыппен қарап, жөнсіз ел алдына шығара бермейді. Жұрт көңіліне жағу үшін бар күшін салып, маржандай ерекшеленуге тырысады. Тек қара басының жай-күйін емес, ел мүддесін де қабыстыра білді. Қазақ даласында өнерімен көпшіліктің мұң-мұқтажын жеткізіп, мерейін тасытып, мәртебесін асырды. Ғашықтық күйдің өзін астарлы мағына, нәзік иірімдер арқылы сайын далаға таратып, таза жауһар ұсынғаны белгілі. Сондықтан ән мәдениеті ерте қалыптасқан өркениетті ұлттың өкілі ретінде шырқалар ән, айтылар сөзге сақтықпен қарап, шығарманың мән-маңызына ерекше көңіл бөлген дұрыс секілді.
А.БІТІМБАЙ
04 қазан 2020 ж. 462 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031