» » » Абайдың рөлін сомдаған Айдос

Абайдың рөлін сомдаған Айдос

  Айдос Кеңесбекұлы бала кезден-ақ өнерге жақын болып өсті. Ол 1982 жылы 11 наурызда Қызылорда қаласында қарапайым көп балалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Темірбай Кеңесбек – тау-кен инженері, анасы Бақыткүл Мұхиятдинова №253 қазақ орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен.
Отбасында 5 баланың үлкені, үйдің тұңғышы ретінде Айдостың жауапкершілік жүгі аз болған жоқ. Іні-қарындастарына жастайынан қамқор болып өсті. Ата-анасы үнемі қызметте болғандықтан, кішкентай күнінен-ақ бауырларына бас-көз болды. Олармен бірге концерт қойып, өзі диктор, сценарист, режиссер болып, өзі қойған қойылымдарда рөлдерді ойнап, ер жетті.
«Қазіргі күні бауырларымның бәрі өз кәсібінің нәсібін көріп отырған абыройлы мамандар», – дейді Айдос әңгіме барысында.
Тете өскен інісі – Айбек – бүгінде құрылыс жұмыстары саласындағы жеке кәсіпкер. Қарындасы – Әйгерім – №10216-Д әскери бөлімінде радиотелеграфист. Ал, Айкен – Шымкент қалалық ювеналды полиция басқармасында аға инспектор, полиция капитаны, Айкенже – Қарағанды қаласындағы профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көп профильді облыстық медициналық орталығында «Терапия» бөлімінде аға медбике болып еңбек етуде. «Қарындастарымның барлығы бүгінде отбасылы, ендігі кезек інімізді үйлендіру»,– дейді Айдос Кеңесбекұлы.
«1989 жылы №7 мектеп табалдырығын аттап, 1 сыныпқа бардым. Оқушы кезімде де әдеттегідей мектептің түрлі қоғамдық-мерекелік іс-шараларына белсене араласатынмын. Мектептегі ұстаздарым – қазақ тілі пәнінің мұғалімі Бибіхатша, тарих пәнінен беретін Алтынай апайлар біліммен сусындауыма және әдебиетке, өнерге жақын болуыма ықпал етті. 3 сыныпты бітірісімен, мектептегі үздік біліміме сәйкес 4 сыныпты аттап, 1992 жылы Қызылорда облыстық дарынды балалар мектебінде араб тілін тереңдетіп оқытатын 5 сыныпта оқыдым. Осы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта араб тілінен дәріс берген Орманова Зоя апайымның тәлім-тәрбиесін көп көрдім. Ол үнемі менің әдебиет пен өнерге жақындау болуына қолдау білдірді. Осылайша бала кезімнен Абай атамыздың өлеңдерін оқуды дәстүрге айналдырдым. Мектеп қабырғасында Абай Құнанбаевқа арналған мектепшілік апталық іс-шара кезінде сахналық қойылым ұйымдастырылып, Абай атамыздың кішкентай бала кезіндегі рөлін де сомдаудың сәті түсті. Бала болсам да осы сәт мәңгі есімде қалыпты... Осы ретте интернатты 1999 жылы тәмамдап, сол жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Тарих және құқық пәндерінің мұғалімі» мамандығына оқуға түстім. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң Қызылорда қаласы №187 М.Шоқай атындағы орта мектепке мұғалім болып қызметке қабылдандым. Аталмыш мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болдым. Ал, 2007-2008 жылдары «Болашақ» университетінің колледжінде «Жалпы пәндердің білім беру кафедрасында» оқытушы болып қызмет атқардым. Білім беру саласында қызмет атқару кезінде мектепте, колледжде ұйымдастырылған түрлі іс-шараларға белсене араластым.
Білім саласындағы еңбек өтілімді ауыстырып, Сырдария ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы, аға инженері лауазымдарында еңбек еттім. Сөйтіп Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, Қызылорда облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою бөлімінің аға инженері болдым. Осы кезеңде түрлі құтқару операцияларына қатысып, Қызылорда облысы әкімі Қ.Көшербаевтың алғыс хатымен марапатталдым. Қызылорда облысы ТЖД Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызмет басқармасының жедел кезекшісі болдым. Сондай-ақ Қызылорда облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ Кәсіби даярлық мектебінде жас мамандарға білім беріп, оқытушылық қызметін атқардым. Жалағаш ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы болдым», – дейді ол еңбек жолы жөнінде.
Иә, Айдос қызмет атқару кезінде еткен еңбегі еленіп, түрлі марапаттарға да ие болды.
Бүгінгі таңда Айдос Кеңесбекұлы Қызылорда облысы ТЖД Кадр саясаты бөлімінің бас маманы лауазымында азаматтық қорғау майоры арнайы атағымен қызмет атқаруда.
Айдос қызметте ғана абыройлы емес, отбасында да тәлімді әке, сүйікті отағасы. Отбасында үш кесте тігер мен ата жолын жалғар ат ұстардың әкесі. Бос уақытында әдеби кітаптарды оқуға да уақыт табады. Әрбір әсерлі сәтін өлеңмен өрнектейтін қасиеті бар. Жігітке жеті өнер де аз демекші, нақышына келтіріп ән салу, салтанатты іс-шараларда диктор болу, жеңіл атлетика мен футбол ойнау секілді хоббилері де жеткілікті.
Биылғы азаматтық қорғау органдарына 25 жыл толуына орай Айдостың қаламынан туған жүрекжарды «Құтқарушыларды құттықтау» атты өлеңін көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік:

Армысың Қазақстан – Ұлы Отаным,
Арайлап атсын әрбір құба таңың.
Төтенше жағдайлардан сақта,
Құдай,
Себебі жайлы өмірді ұнатамын.
Болады қиындығы әр саланың,
Мен бірақ қиындыққа қарсы ағамын.
Қоғамның құтқара алсам мен өмірін,
Бір сәтке басылады шаршағаным.
Тірлікте тілсіз жаумен күресемін,
Қоғамды құтқара алсам шын өсемін.
Өзі де құр қалмайды жақсылықтан,
Өзгеге бар жақсыны тілесе кім!
Тілеймін қандастардың амандығын,
Құтқару адамдарды мамандығым.
«Төрінен көрінші»,-деп әрбір
шыңның,
Менімен мақтанады анам бүгін!
Бірлікпен, татулықпен, берекемен,
Жетейік мерекеге-мерекеден.
Құрметті әріптестер, баршаңызды,
Айтулы құттықтаймын мерекемен!

Айгүл НҰРМАНОВА,
Қызылорда облысы
ТЖД бас маманы
15 қазан 2020 ж. 367 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031