ҮЗДІК МУЗЕЙЛІК ЖОБА ‒ 2020
Тарихы тереңде жатқан Қызылорда өңірі бүгінде екі ғасырдай уақытты артқа тастап, Алты Алаштың басын қосып, қаймағы бұзылмаған қазақ халқының қасиетті мекеніне айналып отыр. Міне, осындай киелі мекеннің рухани мұрасын сақтап, насихаттап отырған тарихи-мәдени орындардың бірі – Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі.
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі жергілікті "Qogam TV" телеарнасымен бірлесіп, "Асыл мұра" атты тарихи-тағылымдық жобаны ұйымдастырып келеді. Музей қорындағы құнды экспонаттар коллекциясы және ұлттық мұра болып табылатын қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары "Археология және этнография" ғылыми-зерттеу бөлімі қызметкерлерінің бастамасымен Сыр жұртшылығына ұсынылып келеді.
Мәдениет және өнер саласының қызметкерлері мен ұйымдарының ІІІ республикалық «Рухани қазына – 2020» байқауына Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі "Асыл мұра" тележобасымен қатысты. Еліміздің 50 музейінен байқауға өтінім түскен. 13 музей түрлі номинациямен марапатталған. Музейлер ұсынған жобалар арасында "Асыл мұра" тележобасы озық шығып, "Үздік музейлік онлайн жоба ‒ 2020" номинациясымен марапатталды. 500 мың теңге жүлдені жоба авторы әрі жүргізушісі Әйгерім Сейітбекқызы қанжығасына байлады.