Бермуд үшбұрышы

Бермуд үшбұрышы – Атлант мұхитындағы жүздеген кемелер мен ұшақтар жоғалып кеткен тылсым аумақ. Оның шекарасы Майями, Бермуд аралдары мен Пуэрто-Рико арасында жатыр. Бұл аумақ кемелердің қозғалысына өте қауіпті, себебі циклондар мен теңіз дауылдары жиі болады.
1918 жылы АҚШ-тың әскери-әуе күштері үшін жасалған Циклоп (USS Cyclops) атты кемесі Бермуд үшбұрышы аумағында жоғалып кетті. Кемеде экипаж мүшелері мен жалпы жолаушылар саны 306 адам болған. Германияның сүңгуір қайығының шабуылы нәтижесінде немесе теңіз дауылынан батқан болуы мүмкін делінді. Алайда әлі күнге дейін нақты жоғалу себебі анықталмады.
1944 жылы америкалық Рубикон атты кеме Бермуд үшбұрышы аумағынан табылды. Бірақ ішінде жалғыз қарауыл иттен басқа тірі жан жоқ еді. Рубикон кемесінің 300-ден астам экипажы із-түссіз жоғалды. 1872 жылы Гибралтар бұғазына жақын жерден табылған «Мария Целеста» кемесі, 1840 жылы табылған «Розалия» кемесі, 1850 жылы табылған «Свеаборд» кемесі де дәл «Рубикон» кемесі секілді экипажсыз табылды. Зерттеулерге сәйкес инфрадыбыс әсерінен экипаж мүшелерінің үрейі ұшып, галлюцинация басталып, нәтижесінде олар суға секіріп кетуі мүмкін екен.
1945 жылы торпедамен жарақталған америкалық «Эвенджер» атты 5 соғыс ұшағы және оның артынан жіберілген құтқарушы ұшақтар жоғалып кетті. Көп ұзамай 1965 жылы 6 маусым күні 10 экипаж мүшесі болған С-119 ұшағы да жоғалып кетті. Нақты жоғалған жері мен уақыты белгісіз, ал оларды іздеу жұмыстары ешқандай нәтиже бермеді.
1973 жылы «Анита» атты жүк кемесі із-түссіз кетті. Бұл аумақта соңғы рет батып кеткен – америкалық «Эль-Фаро» кемесі. 2015 жылдың қазан айында аталмыш кеме теңіз дауылынан жолығып, 33 экипаж мүшесі ажал құшты. Жалпы Бермуд аумағында ХХ ғасырдың ішінде жүзден астам ірі кемелер мен ұшақтар апатқа ұшырады.
Бүгінгі таңға дейін әртүрлі болжамдар айтылып келеді. Солардың ішінде ғылыми тұрғыдан көп екпін берілетіні – су астынан метан газының шығуы, шарлама толқындар мен инфрадыбыс. Одан бөлек өзге ғаламшарлықтардың немесе ежелгі Атлантида тұрғындарының адамдарды ұрлауы мүмкін деген мистикалық болжамдар да кездеседі. Бірақ бірде-бірі әлі расталған жоқ.
Қасиетті Құрандағы хабарлардан Алланың жаратылыстарын төртке бөлуге болады: періштелер, жындар, адамдар, жануарлар. Бұлардың өзін сипатына қарай физикалық және метафизикалық деп екіге бөлуге болады. Періштелер мен жындар метафизикалық болса, адамдар мен жануарлар физикалық болады. Ғылым метафизикалық құбылыстарды мифология санатына жатқызады. Сондықтан оның ғылыми тұрғыдан еш салмағы жоқ.
Дегенмен «Метафизикалық әлемнің Бермуд үшбұрышына қатысы бар ма?» деген сұрақ туындайды. Мысалы 1945 жылы жоғалған «Эвенджер» ұшағымен соңғы радиобайланыс кезінде мына сөздер жазылған: «Біз бағыттан адастық. Жер мүлдем көрінбейді. Батыстың қайда екенін білмейміз. Біз ештеңені түсінбей жатырмыз. Олар бізге ұқсас екен. Ақ суға кіріп барамыз. Біз өліп барамыз. Артымнан ермеңдер. Олар құдды Ғаламшар келімсектері секілді көрінеді». Демек экипаж мүшелері қандай да бір метафизикалық жаратылыстарды көрген болуы мүмкін.
Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ібілістің тағы теңіздің үстінде орналасқан және сол жерден адамдардың арасына бүлік шығару үшін өзінің әскерлерін жібереді және қайсысы көп бүлік шығарса, сол ең жақсысы болып есептеледі»,деп айтқан. (Сахих Муслим, №5031)
Жындар әлемінің бары және олардың адамдарға келтіретін зияны Құранмен расталады. Жоғарыдағы хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ібілістің тағы судың үстінде екенін нақты хабарлап отыр. Алайда қай судың үстінде, қай теңізде, қай мұхитта екені айтылмағандықтан, ол жағы белгісіз күйінде қалды. Алайда оны анықтау үшін жындар әлеміне қатысты басқа хадиске жүгіну керек.

Әбу Хурайра (Алла оған разы болсын) жеткізген хабарда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер сендердің қайсыбірің күншуақта отырсаң және көлеңке көтеріліп, оның денесінің бір бөлігі күннің шуағында, ал бір бөлігі көлеңкеде қалса, онда (бұл орыннан) тұрсын», деп айтқан. (Имам Әбу Дауд, № 4821)
Сондай-ақ басқа бір хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) күннің шуағы мен көлеңкенің арасында отыруға тыйым салады және: «бұл шайтанның отыратын орны» деп айтқаны жеткізіледі. (Имам Ахмад, № 9571)
Жоғарыдағы хадистен шайтанның барзақтың үстінде отыратыны айғақталады. Барзақ қазақ тілінде аралық немесе кедергі, бөгеу деген мағыналарды білдіреді. Яғни екі нәрсенің тоғысқан жері барзақ саналады. Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді:
Рахман сүресі, 19-20 аят: «Ол (Алла) бір-бірімен шектесетін екі теңізді қосты. Олардың арасында (бір-біріне) өте алмайтын бөгет бар». (55:19-20)
Алла Өзінің кітабында теңіздерге де барзақ орнатқанын хабарлады. Жалпы жер бетінде сулары бір-бірімен қосылмайтын 16 жер бар. Олардың төртеуі ірі мұхит пен теңізде, қалғандары кішігірім өзен мен көлдерде орналасқан. Ең ірі төртеуі: Солтүстік теңіз бен Балтық теңізі, Жерорта теңізі мен Атлант мұхиты, Кариб теңізі мен Атлант мұхиты, Суринам өзені мен Атлант мұхитының қиылысатын шекарасы.
Осылардың ішінде тек Кариб теңізі мен Атлант мұхитының қиылысатын шекарасы дәлме-дәл Бермуд үшбұрышының орналасқан жеріне түседі. Демек Бермуд үшбұрышының маңайында жүрген тылсым құбылыстардың мәні – Ібілістің тағы сол жерде орналасқанын меңзейді. Алайда ақиқат тек Аллаға мәлім!
Нәжм сүресі, 1-5 аят: «Батып бара жатқан жұлдыздарға серт. Жолдастарың (Мұхаммед) адаспады да, ауытқымады. Ол (Мұхаммед) өз ойынан ешнәрсе қосып айтпайды. Оның айтқаны Алладан көкейіне салынған уахи ғана. Оған оны өте күшті (Жәбрейіл) үйретті». (53:1-5).


21 қараша 2020 ж. 1 086 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031