ТӘТТІ МАХАББАТЫҢ АЩЫ ТАЯҒЫ
Елде жарияланған төтенше жағдай әр пендеге сынақ болғаны жасырын емес. Ел үкіметі вирусты қалай еңсереміз деп бас қатырса, ал халық ертеңгі күніміз не болады екен деген үреймен күн кешті. Дегенмен әр нәрседен «қайыр» күткен халықпыз. Рас, пандемияның артықшылықтары да бар. Қоғамда осы күнге дейін айтылмаған, айтылса да мән берілмей жүрген мәселелер көтерілді. Көпшілік жұмыссыз қалдық десе, енді бірі үй жағдайында жұмыс істеуге мәжбүр болды. Бір отбасы азық-түлікті артығымен сақтап, ертеңіне қамданса, енді бірі ұрыс-керіспен таң атырды. Бұған дәлел – елдегі төтенше жағдай кезінде отбасындағы ұрыс-керіс 25%-ға артқан. Нәтижесінде елімізде ажырасқан жұптар саны да көбейген. Қызылорда қалалық АХАЖ бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылдың І тоқсанында 799 жұп некеге отырса, 2020 жылдың 8 айында ажырасуға 1495 арыз түскен. Оның 1350 ісі аяқталып, 833-сі қанағаттандырылған.
Байқағаныңыздай, ажырасқандар саны артып барады. Елімізде күн сайын 150 отбасының шаңырағы шайқалады. Ал бір жылда 400-ге жуық әйел үйдегі ұрыс-керіс үстінде кесірінен қаза тапса, балалардың 75 пайызы психологиялық және күш қолдану салдарынан зардап шегеді. Ал статистикалық мәліметке сүйенсек, әрбір үшінші отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық болады, әрбір жетінші әйел экономикалық зорлық-зомбылыққа ұшыраса, әрбір алтыншы әйел физикалық зорлық-зомбылықты бастан кешіреді екен. Осы тұста тұрмыстық зорлық-зомбылық неден туындайтынын нақтылаған жөн сияқты. «Әйелді – бастан» деп, қас-қабақпен-ақ бәрін өз орнына қоя білген қазақтың әйелге деген құрметі ерекше болған. Алайда, бүгінгі қоғамда ерлі-зайыптылардың арасындағы кикілжіңнің соңы ерінің әйеліне қол көтеруіне дейін барады. Әйелдерге қысым көрсету неге жиіледі? Осы тақырып аясында пікірлерді топтастырып, мамандар кеңесіне жүгіндік.
– Өмірде бұрын-соңды орын алмаған жағдай болды. Барлығымыз жұмыс деп күйбең тірліктен ары аса алмадық. Отбасы құндылығы, бала тәрбиесі жайына қалған еді. Осы тұста Алла Тағала әр отбасы бір-бірімен болуын, қарым-қатынасын жақсартуын қалаған сияқты. Әр нәрсеге екі жақты қарау керек. Жақсы тұсы, балалар үйде білім алып, ата-ана тікелей бала тәрбиесіне жіті мән берді. Ал өкінішке қарай, кейбір отбасында кикілжіңнің артқаны жасырын емес. «Төтенше жағдай бәле болды, күйеуім үйде байланып отыр. Үйде болмағаны жақсы еді» деп хабарласатын келіншектер жиіледі. Барынша түсіндірме жұмысын жүргізіп, аналарды сабырға шақырдық. Өмір мен өлім арасында арпалысқан адамдардың өмірін көру арқылы да көп отбасылар бас амандығын тілеп, сабырға келді. Біздің қоғамда еркек қол көтерсе, әйел шыдап, отбасын сақтап қалу керек деген түсінік қалыптасқан. Ананы да түсінуге болады. Оның 4 немесе 5 баласы болуы мүмкін. Ана бәріне үлгеру керек. Бірақ оның жағдайын ойлап жатқан кім бар?! Сондықтан әйел ішіндегі мәселелерін шығармай, күйзеліске түседі. Салдарынан отбасының құты қашады. Осы тұста психолог маманына жүгінудің пайдасы зор, – дейді психолог Нәзира Аймаханова.
Американдық әлеуметтанушы Констанция Аронс әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасатынын есептеп, дәлелдеген. АҚШ-тың өзінде жыл сайын 1 миллион отбасы ажырасады. Ал ажырасудағы басты себеп те ердің әйеліне қол жұмсауынан болады дейді.
Бұрын әйелдердің басым көпшілігі ерлердің қол жұмсауын қалыпты құбылыс деп санаса, қазіргі заманауи қоғамда әйелдер құқығы, бостандығы, бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда жоғарылаған. Бірақ бірін-бірін сүйіп қосылған жұптардың неге мұндай әрекетке баратыны ақылға сыймайды.
– Отбасын құрғаныма 6 жылдан асты. Бастапқы үйленген жылдары бақытты ғұмыр кештік. Кейіннен күйеуімнің мінез-құлқы өзгере бастады. Тез ашуланады, тамақ ұнамаса немесе уақытында дайын болмаса жұдырық ала жөнеледі. Ішіп келген күндері «ұл туа алмайсың» деп тепкінің астында қалатынмын. Алғашқы рет қол жұмсағанда еркек қой, «кім күйеуінен таяқ жемейді» деп ренжімедім. Бұл жағдай жиіленген сайын, ажырасқым келді. Бірақ қыздарыма әке керек. Олар әкесіз өссе, ертең тұрмыс құрғанда «анам да әкесіз мені өсірген» деп ажырасуға бейім бола ма деп қорқамын. Одан қалды қайда баратынымды да білмеймін. Ата-анамды жерге қаратпайын деп осылай күн кешудемін. Мүмкін ұл тусам жағдайым өзгеретін шығар деген үміт те бар, – дейді қала тұрғыны Мақпал есімді азаматша.
– 26 жасымда өзім жақсы танитын Созақ ауданының жігітіне тұрмысқа шықтым. Енем мазасыздау болып, арамызға түсе берді. Жалғыз баласы болған соң, менімен әзілдесіп, көңіл бөлгенін қызғанды-ау демін. Кейін мені жамандап, жала жауып, айдап салуды шығарды. Содан күйеуім «анамды неге сыйламайсың» деп ұратын күйге жетті. Денем ісіп, көгеріп жұмысқа баруға ұялатынмын. Ал енем керісінше, тілі жаман деп жұртқа жамандайтын болды. Анама хабарласып «Бұлай өмір сүре алмаймын, ажырасамын» деп қанша айтсам да, келісім бермеді. «Сабыр ет, шыда. Ағайын-туысқа не деймін» деп менің бақытымнан ел-жұрттың сөзін жоғары қойды. 4 жылдаң соң күйеуімнің таяғы, енемнің ащы тілі, одан арада бала болмаған соң ажырасуға шешім қабылдадым. Сөйтіп, анама айтпай, Алматыда тұратын туыс әпкеме барып, аяққа тұрдым. 9 айдан соң жолдасым «қайта қосылайық» деп кешірім сұрап келді. Көңілімнің суығаны соншалық қайта қосылуға келіспедім. Кейін өз-өзіме келіп күйзелістен шыққан соң, әйел болған соң ана болуды армандап, өзімнен 9 жас үлкен қызылордалық азаматқа тұрмысқа шықтым. Шүкір, қазіргі жолдасымның түсінігі мол, ағамдай қамқор. Бірақ шаңырақ көтергенімізге 3 жылдан асса да, әлі де перзент сүйе алмадық. Дәрігерлер отбасындағы көрген зорлық-зомбылық, күйзелістің әсерінен балалы болуыңыз екіталай деп шығарып салды. Ендігі үмітім – жасанды жолмен ұрықтандыру әдісіне жүгініп, нәрестелі болу. Алла сәтін салса, барлық қиындықты еңсеруге болады. Әйел мықты болса, шаңырығы шайқалмайды, – деді Қ есімді азаматша.
Кейіпкерлер өмірінен байқағанымыздай, ерлер арасында әйелге қол жұмсау қалыпты жағдай деген түсінік қалыптасқан. Негізі барлығы адамның санасына байланысты. Еркек әйелге неге қол жұмсайды?
Мүмкін жарыңыз бала кезде әкесінен немесе қатарластарынан әлімжеттік көріп, мазаққа қалып, бойындағы ашу-ыза есейгенді шығып, күштілігін әйелін ұрып-соғу арқылы көрсетуі мүмкін. Сондықтан кез келген мәселеде бір жақты ғана қарамау керек.
– «Басқа пәле тілден», демекші кей жағдайда әйелдердің шектен шығатын кездері болады. Жолдасын «Пәленшенің күйеуі күректеп ақша табады» деп кемітеді. Сөйтіп еркектің намысына тиіп ызыландырады. Қазір «қой» деп бір айтқанда тілді алатын әйел жоқ. Сондықтан әйел таяқ жесе, өзінен деп ойлаймын. Арын, намысын, отбасының тыныштығын жоғары қоятын отанасы ешқашан еріне қарсы шықпайды. Мұндай әйел – еркектің бағы. Ері жұмыстан шаршап келгенде, күлімдеп, асын тоса қойса, еркек себепсіз қол көтермейді ғой! – дейді қала тұрғыны Нұрлан Әбуов.
«Әйел – қабырғаң» деген тәмсіл айтқан ғұламаларымыз «оны түзеймін деп, сындырып алудан» сақтандырған. Ислам дінінде әйелді ұру былай тұрсын, күйеуінің оған ренжуі де дұрыс саналмаған.
– Алла Елшісі (с.а.у) былай деді «Сендерге әйелдеріңе жақсы қарым-қатынас жасауды өсиет етемін. Ақиқатында, олар қабырғадан жаратылған. Ал қабырғаның ең қисық жері – оның жоғарғы бөлігі. Оны түзетемін десеңдер, сындырып аласыңдар, ал сол күйінде қалдырсаңдар, ол түзелмейді». Бұл сөздердің мәні мынада: әйеліңмен «ол түзеліп кетеді» деп үміттенбей өмір сүру, оның «қисықтығына» қарамастан, онымен бірге болу. Жас жұбайлар үйленген сәттен бастап отбасылық өмірге аяқ басады. Бір-бірімен жақын танысады, екеуінің бір-біріне үйренісу кезеңі басталады. Түсінуді қажет ететін және Алла Елшісі (с.у.а) айтып кеткен бірінші нәрсе – еркекке үнемі әйелді түзету керек сияқты көрініп тұрады. Сол себепті, бұл мәселеде орта жолды ұстану қажетін білуге тиіспіз. Әйел күйеуінің ыңғайына жығылуы керек, ер де әйеліне әрдайым соны меңзеп, ұғындырып отыруы тиіс. Бірақ шектен шықпаған жөн. Кемшіліктерге сабырлық танытып, жүйкеңізге тиетін кейбір нәрселерге көндігіп, оларды қабыл ала білу қажет. Отбасы болған соң «ыдыс-аяқ сылдырламай» тұрмайды. Сондықтан кез келген отбасында ұрыс-керіс болады. Бұрын отбасында орын алған жанжалдар сыртқа айтылмай, отбасында сақталып шешімін табатын. Қазір бәрі жария жасағанды жөн санайды. Жақсылықты айтсаң көбейеді, жамандық та солай. Сондықтан отбасы мәселелері отбасында, сол әулетте шешімін тапса игі. Әйелге қол жұмсауға мүлде болмайды. Қатты ашуланған жағдайдың өзінде үйден шығып кетіп, ашуды жеңу қажет, – деді ҚМДБ «Шариғат және пәтуа» бөлімінің Қызылорда облысы бойынша өкілі Жеңіс Әбибулаұлы.
ДАМЫҒАН ЕЛДЕР ДЕ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ КӨБЕЙГЕН
Мәселен, Қытай елі індетті бірінші болып еңсергенімен, басқа бір әлеуметтік мәселеге тап болды. Елде ажырасуға өтініш білдіргендердің қатары күрт көбейген. Мысалы, Дачжоу қаласында 300-ге жуық жұп осындай өтініш жазған. Тіпті некені тіркейтін мекемелер ерлі-зайыптылардың ажырасу туралы құжатын қабылдауға үлгермей қалған. Бұл қытайлық қала үшін рекордтық көрсеткіш саналады. АХАЖ қызметкерлерінің айтуынша, карантин салдарынан ұзақ уақыт бойы бір кеңістікте қамалып отырған жұптар ұсақ-түйекке бола жанжалдасып, араларында кикілжің туындайды екен. Ал Францияда карантин жарияланғалы зорлық-зомбылық, күш көрсету фактілері 30%-ға көбейген. Бұл тек ресми дерек ғана. Агрессорлардың қысымынан қорқып, құқық қорғаушыларға хабарласа алмай отырған әйелдердің қатары бұдан да көп болуы мүмкін. Euronews дерегі бойынша, Парижде бұл көрсеткіш 36%-ға артқан. Карантин кезіндегі зорлық-зомбылықтың күрт өршуін мамандар екі фактормен байланыстырады. Біріншісі, қоғамдағы қарбаластық, тұрақсыздық болса, екіншісі – іркілген экономика салдары, яғни қаржы мәселесі.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, қоғамнан оқшаулану, адамдармен қарым-қатынастың сап тыйылуы, жұмысты онлайн атқару сияқты факторлардың әсерінен кейбір адамдарда күйгелектік, мазасыздық, көңіл-күйдің түсуі, жабырқау, ашушаңдық байқалуы мүмкін. Оның үстіне қозғалыстың күрт азаюы да эмоционалдық күйге кері әсер етеді екен.
– Алғаш карантин енгізілген кезде психологтарға жүгіну 3-4 есе артты. Психологиялық көмек сұрап, түнде жылап телефон шалатындар көбейді. Олардың көбі үйдегі жанжал мен зорлық-зомбылық, зәбір көрсетуге шағымданатын. Осы уақытқа дейін ұрыс-керіс болмаған отбасыларға қарап, «бұрын бір-бірін дұрыс танымаған ба?» деген ой келеді. Әр әйелдің өз болмысы болады. Оның екінші жартысы өзі сияқты болмауы қажет. Егерде әйел өзіне сәйкес келетін ерді таңдаса, екеуінің өмірге көзқарасы бір болып, бірін-бірі жалықтырып жібереді. Нақтырақ айтсақ, отбасын құратын жұптардың бірінде бар қасиет екіншісінде болмауы керек. Неге десеңіз, олар бойларында жоқ қасиеті арқылы бірін-бірі толықтырып, бір-біріне тәуелді екенін сезіну керек. Осындай психологиялық мағлұматтарды зерттеп, танысып отбасын құру маңызды. Қазір кәсіп ашатын болсақ, сол саланы зерттеп, ертең жүргізе аламын ба, нәтижесі қалай болады деп барынша зерттейміз. Неге осы отбасын құрарда осындай зерттеулер жүргізбеске?! Бұл әсіресе қыз балаға қажет дүние. Бірақ қыздар отбасы құрарда отырып қаламын немесе ерте қарым-қатынасқа түсіп қою нәтижесінде тұрмыс құруға асығады, – дейді Сабира Насипова «Бітім» медиация орталығының психолог маманы.
Карантин жағдайы елімізге үлкен сынақ болды. "Ауруын жасырған өледі" дейді, байқалмай келген нәрселер сыртқа шықты. Енді не істеу керек? Мамандар пікірі ажырасудың алдын алу үшін жастарға қарым-қатынасты дұрыс құруды үйрету керек дегенге саяды. Көптеген жастар өмірлік серігін таңдағанда, өткінші сезімге бой алдырып, оның жан-дүниесіне үңілмей, сыртқы факторларға қарап қана бағалайтыны жасырын емес. Салдарынан отбасы шырқы бұзылады. Ал ұрыс-керіске жиі тап болатын әйелдердің көпшілігі ажырасуға ниетті емес. Өйткені ажырасқан ерлердің әйелге қарағанда қайта некеге тұру мүмкіндігі жоғары. Алайда ажырасқан ерлер сол күйінше үйленбей қалса, жалғыздықта ғұмыр кешеді. Ал әйелдерге ажырасқан соң қайта некеге тұру шамамен 10-15 жылдай керек екен.
Қазіргі әйелдер бұрынғыдай қазан-ошақтың айналасында емес. Жұмысын да істейді, баласын оқытып, тәрбиелейді, үй шаруасына да үлгереді. Жан-жақты қарбаласта әйелдің жүйкесі сыр беруі мүмкін. Осындайда нәзік жандыларға ер азаматының жылы сөзі мен қолдауы жетіспейтін сыңайлы.
Айгүл ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ