» » » БАЛЫҚШЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

БАЛЫҚШЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Өткен санда бар ғұмырын теңізбен байланыстырған балықшы, Күнтуған көкенің ата кәсіп жайлы айтқан әңгімесін жазған едік. Бүгінде Күлмайрам апамен бірге немере-шөбересінің ортасында шаңырақтың ақылманына айналған еңбек адамының теңіздегі тағы бір қызықты оқиғасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Тәуекел
– Ауылда балық болғанмен, тәртіп солай болған соң, амал жоқ, Ақтөбе жаққа қоныс аудардық. Ақеспе жақтан Нарғали Демеуов деген кісі бар, әйтеуір жан-жақтан жиналып, Аралдан алты бригада жолға шыққанбыз. Жазғытұрым уақыт, сондай бір жаймашуақ күні су қатты тасыды. Негізгі баратын жеріміз Ырғыз ауданына қарайтын Байтақ жері, бірақ ол жаққа қарай жол қатынасы әлдеқашан үзілген. Су тасып жатыр ғой енді... Содан Қаракөл деген совхозға тоқтап, сонда біраз күн аялдадық. Сырттан әкелер ас жоқ, я су жоқ. Тек өзіміздің алып бара жатқан азық-түлігімізді талғажау етіп жатырмыз. Елдің маңайын түгел су алып кеткен. Еш амал болмағасын ауылдың маңайын К-700 тракторымен дамбылап жатыр екен. Сондай бір абыржы күні ұзын бойлы, ақшыл өңді келген кісі бригадаларды аралап жүрді. Ол уақытта мен бригадир емеспін. Қалабаев Дүйшенбінің депутат болып тұрған кезі ғой. Сол Дүйшекеңмен әңгімелесіп, «ауылдағы малшылар суға кетіп жатыр, пәлен күн болды азық-түлік барған жоқ. Жол жағдайының түрі мынау. Маған сол жаққа баратын адам тауып бер» деп жайын айтқан ғой. Содан Дүйшекең мені сұрастырыпты. Ол уақытта жаспыз, еш нәрсені қаперге алмай құм ішінде демалып жатқанбыз. Әуелде маған келіп:
‒ Күнтуған-ау, саған бір өтініш бар. Мына ағаң (қазір атын ұмытып қалдым) совхоздың директоры екен. Бізге көмек жаса деп жатыр.
‒ Не көмек керек екен? ‒ деймін орнымнан атып тұрып.
‒ Қайықпен малшы ауылға продукті апарып беру керек екен .
‒ Ау, мен жол білмеймін ғой...

Мәселенің жай-жапсарын білген соң, аяқ асты жолға шығатын болдық. Қасыңа жол білетін екі тәуір жігіт беремін деді жаңағы директор. Содан моторлы қайыққа ұн бар, шай-шекері бар әйтеуір қолда бір дүниенің бәрін салды дейсің...
Мен моторды от алдырдым, ана екеуі жөн сілтеді. Содан жүріп келе жатырмыз. Ол жақта адамдар моторлы қайық мінбейді, рабайда біреуі болмаса көбі теңіз бетінде томардан істелген «жаман» қайықпен» жүре береді. Ау қарап жатыр ма, әлде салып жатыр ма білмеймін, бір балықшының тұсынан өте шықтым. «Енді мына жермен жүресің» деді қасымдағы екеуі. Қарасам жаңағы жерде су сарқырап ағып жатыр. Нағыз тар, қыспақ тұс екен ғой... Ағыс дегенді айтпа, түрі жаман... Содан «тәуекел» деп қайықты ағысқа туралап салдым. Алға бір жүрсейші... Кіттай жылжиды, қайта кейін кетеді. Ай, сол жерде жарты сағаттай айналдым-ау... Қайта ар жағы кең екен, оңай шығып кеттім. Содан тоқтаусыз жүріп келе жатырмыз. Су шамамен аттың сауырынан келеді. Бір уақытта алыстан шопандардың қара үйі де көрінді. Неше күн бойы продукті жоқ, барайын десе жол қатынысы үзілген. Қайықтың дауысын естіген бойда бізге қарай атпен келе жатыр екен ғой. Шыдамы таусылған шопан кішкентай балаларды алдына салып, қайыққа қарай беттеп келеді. Содан «үй қайда?» деп жөн сұрадық. Тасыған сумен бірге ығып кеткен ғой үйдің бәрі. Көрпе-төсек дегенің киіз үйдің төбесінде жүр. Жақын маңнан қара жер көрінбейді. Аз уақыт жағдай сұрасқан соң, қайық толы продуктіні екі жігіт бөліп таратуға кірісті. Осылай бес-алты үйге бардық. Айтпақшы, бірінші үйден шыға берген уақытта суда ығып жүрген бесікті көзім шалған. Кәдімгі баланың бесігі. Сөйтсем жаңағы шопанның үйінікі екен ғой. Қайтып барып, апарып берсем, неше күннен бері таба алмай жүр едік деп қуанып жатыр. Шөптің арасынан байқамаған-ау, сірә?!
Содан күн батқанша қолда бар продуктіні тараттық. Қас қарайды. Бәріне жеткізіп, «ал қайтайық» деп жолға шықтық. Кешкі салқын, қасымдағы екеуі қайықтың ұлтанына етпеттеп жатып алған. Жолды қолмен сілтеп көрсетеді, артық тіл жоқ. Қайтарда ыққа қарай жүрген соң бағанағы сарқырамадан зу етіп өте шықтым. Енді бір қарасам, алдымызда адамдар суға прожектор салып жатыр. Судың бетіне жарқылдап, ойқастап түскен жарықты көріп, «Ойбай-ау, ауылды су алып кеткеннен сау ма?» деймін. Басыма келген алғашқы ой сол болды енді. «Мынау не свет?» деп ана екеуіне айқайлаймын, оларда үн жоқ, тоңған ғой әбден. Содан күндіз шыққан жерімді білем, бардым да бірден жиекке тоқтадым. Жиекке шықсам топан адам жиналып қалыпты, мотордың даусын естіген ғой. Жиек тастай қараңғы. Ол уақытта фонар деген атымен жоқ. «Оу, бұл не, аманшылық па?» дедік қайықтан түсе сала. Менің аяғымда резеңке етік, ана екеуі көйлектерін қолына ұстап, дірілдеп келе жатыр. Манағы директор алдымнан шығып:
‒ Айналайын-ау, келдің ба? Амансың ба? ‒ дейді жан ұшырып.
‒ Иә, келдім, ‒ деймін түк түсінбей. Ана екеуінің пошымын көріп «Күнтуғаннан жандарың артық па, не мынау түрлерің?» деп сөйлеп жүр. Сөйтсем совхоз директорының бұлай қорқуының жөні бар екен ғой. Бағана жолда кетіп бара жатып көрген балықшы кісі «олар деген күн батпай тұрып сарқырамадан аударылып кетті. Енді таппайсыңдар» деген ғой. Біз ол тұстан өтіп кеткеннен кейін бері қарай томар ма, өлген мал ма ыққан. Соны көріп ана кісі «біздің шаруамыз сол жерде-ақ тынды» деп ойлаған. Жаңағы прожекторды «тым болмаса мүрделерін табайық» деп салып жүр екен ғой.
‒ Тұқымың жайылсын, қайдағыны айтпай, қой. Аманбыз, ‒ деп күліп жатырмыз.
Аман келгенімізге қуанған ғой, совхоз директоры «қой сойып жатырмын, қонақасың бар» дейді көңілденіп. Ол уақытта теңге деген жоқ, сомның кезі. Содан алғысын айтып, қолыма 30 сом ұстатты. Қасымдағы балықшылар да мәз болып жүр, қосқа келіп отыз сомды қалтамнан енді шығарғаным сол еді, «темекі аламыз» деген қуанышпен тез таратып әкетті ғой, ‒ деп күледі Күнтуған көке.

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
Әңгіменің соңы.
30 қазан 2020 ж. 781 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930