Сарапшы: Президент сапарының мақсаты — стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеру
ҚР СІМ Америка Департаменті директорының орынбасары Ерлан Құбашев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған ресми сапары туралы пікірімен бөлісті.
«Қазіргі уақытта АҚШ біздің стратегиялық серіктесіміз. Екіжақты және көпжақты өзара қарым-қатынастың барлық бағыттары бойынша қауырт жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұған қоса, халықаралық аренада Қазақстан мен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың абыройы артып келе жатқандықтан, бұл қарым-қатынасты дамытудың қажеттілігі туындап отыр. Ресми сапардың мақсаты - диалогты кеңейту және тереңдету арқылы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеру», - дейді сарапшы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген пікірінде.
Дипломаттың пайымдауынша, сапар қорытындысы сауда-экономикалық серіктестіктің дамуына тың серпін берері анық.
«Бүгінгі таңда АҚШ Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі әрі қазақстандық экономиканың ірі инвесторы. Бұған қоса америкалық бизнес Қазақстанмен бұл байланысты нығайта түсуге мүдделік танытуда. Осыған байланысты сапар барысында инновациялық-технологиялық серіктестікті дамыту бойынша бірқатар бірлескен жобаларға қол қою жоспарланған», - дейді Құбашев.
Дипломат бұған қоса стратегиялық серіктестіктің негізі болатын бірсыпыра бағыттарды атады.
«Бүгінгі таңда екіжақты ынтымақтастық Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ басшысы Дональд Трамптың 2017 жылдың 1 қыркүйегіндегі телефон арқылы сөйлесу кезіндегі келіссөздері аясында өрбіп келеді. Сол тілдесуден кейін стратегиялық серіктестіктің басым бағыттары ретінде қауіпсіздік, ядролық қарусыздандыру, сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестік белгіленген болатын», - дейді сарапшы.