» » » ТӘУЕЛСІЗДІК ҺӘМ ШАБЫТ

ТӘУЕЛСІЗДІК ҺӘМ ШАБЫТ

   ТӘУЕЛСІЗБІН
Тәуелсізбін, әу бастан еркін өскем,
Жалтақтамай қараймын жарық күнге.
Жүрегімнен зар заман дерті көшкен,
Жанарымның жасымен ағып бірге.
Ақ пейілмен ешкімді жат көрмедім,
Құшағыма келмеді кім сағалап?
Анық түскен "мөріндей ақ теңгенің",
Өткеніме айтамын мың салауат.
Сәтте осынау жарасқан жаңа сәнім,
Демес қазақ: "сұраймын жолды кімнен?"..
Жарқын шығар уа, жұртым болашағың,
Кем болмаған едің ғой кеңдігіңнен.
Нұрлы таңда күй орнап жанға ғажап,
Көмейімде саңқ етті сұңқар үнім.
Арманыңды аяла, арда қазақ,
Сенен басқа біледі кім қадірін!?
Ұлықбек Бекұзақұлы

Мадақ        
Беу, Айналайын туған елім, өсірген.
Кездерім көп ессіздіктен есірген.
Түндігіңнен еркіндігің енгенде,
Түйсүгімнен талай жырды көшіргем.
Боз далада боздамайды боз інген,
Қалдырмадың көппен ерген көшімнен.
Азаттығым қан-қасаптан титықтап ,
Менің, “Алтын ғасырымда”  көз ілген .
Мұһмин болып мұңның жүгін сүйреген,
Алай-дүлей тұманды бір күйге енем.
Еркіндігім саздан соққан ескерткіш-
Жетімдердің көз жасымен иленген.
Пешенемнің шымайлары жалғасын,
Дүриямның бұрып берген арбасын.
Қатпардағы  һәріпіңмен оқимын,
Шатқалдағы  тағдырлардың таңбасын.
Серпілтетін сарғайғанда сананы,
Тарихымның үзілмесін парағы.
Ағыл-тегіл кемсеңдейді. сеземін
Мұңға толған қобызымның шанағы,
Уай, Әділет, әлемімнің бағысың.
Отты жырым жігеріңді  жанысын,
Менің бабам жаныменен өтеген,
Азаттықтың ақысын!!!
Ақтілек Бітімбай

ҚАСҚЫРДЫҢ КӨЗ ЖАСЫ
Бірнағы жыл өзекті таптады дерт,
Жатқан сонда сонардың батпағы кеп.
Қос ауызын аңшылар майлап жатты,
Ауыл маңын қасқырлар қаптады деп.
Ошақтан үй жылытар от арылып,
Қасқырға қалай тиген бұ тағылық.
Аң аулауға ауылдың бәрі кетті,
Барқынның тамырындай қопарылып.
Бөлтіріктер бабама дем береді,
«Дұрыс бере алам» деп елге нені.
Қасқырдайын қырылған қарға бауыр,
Басқырлықтан құтқарам деп келген еді.
Дүлей еді арландар дүре өтпеген,
Жүрекпенен ел сүйген, жыр от дер ем.
Бес бәйтерек шабылып ең әуелі,
Үш арысың атылды бір оқпенен.
Білді олар, бұл ғаламда жалған барын,
Алаштың нұр етем деп арамандарын.
Көксеректің көксегенін білгендіктен,
Азаттыққа ұмтылды арландарым.
Жан екпінін салатын алысқанша,
Атылды сол сапарда арыс қанша.
Қасқыр болып қалады олар мәңгі,
Торда өмір сүрмейді арыстанша.
Азуын айға мінеп жан шығарда,
Тазалық сыйлағандай таң шық арға.
Өлімді көрсетсе де көздеріне,
Айбатын шегіп өтті аңшыларға.
Аспанға ұшқан талай көп бөрігім,
Көбесі жырда ғана сөккен үнім.
Көкке қарап ұлығым кеп тұрады,
Ұрпағы болғасын ба көк бөрінің.
Жаратқаным қашанда тұрса демеп,
Ұрпағы да болады сонша зерек.
Қазақтың дәл осылай қарыштауы,
Арландардың арқасы болса керек.
Қазақ дейтін алпауыт ұлт құрғандар,
Қасқыр жас боп төгілген мықты армандар.
Хантәңірден тәңірге ұли бермек,
Қорқаудың құрығынан құтқарғандар.
Олар мәңгі істен де ұлық, күштен де ұлық,
Бұның бәрін тұратын іштен біліп.
Бірлік дейтін бүгінгі абаданға,
Бөлтірігін тасыған тістеп жүріп.
Ұнады айтшы, заманның қай қылығы,
Сыналар ма сенімнің сайлылығы.
Бүгінгі бәйтерекке нәр боп тамған,
Сенің жасың заманның қайғы-мұңы.
Бодандық тұл, боздатқан зарықтырып,
Бірақ сол мұң, еткізген алыпты ұлық.
Осы өлеңді құран қып бағыштаймын,
Қаламымды,
Қасқырдың көз жасына, малып тұрып.
Айдар САЙЛАУОВ

Сыйыну
Мезгілсіз кезде оянып кетіп өр намыс,
Болмашы іске балақ-білекті түреміз,
Анда бауырға Абылайлап та жүреміз.
Бесік басында анамыз жоқтау айтқанда,
Неменемізге күлеміз.
Аңыз даламнан қадыр-қасиет қашты деп,
Құлпытастарға қайғырып жатам бас сүйеп.
Түсік тастаған түйсіксіздердің арындай,
Эрмитаждардан табылмай
Іздеусіз кетті бас сүйек.
Сүйінер таппай сенделуін-ау санамның,
Жазылмауын-ай жалап жатсам да жарамның.
Қай жыртығыма жамау болады, білмеймін,
Сақтардан қалған сары алтын.
Жібек жеңіме қанды көзімді сүртемін,
Тот басқан найза туырлығымды түртемін.
Мынау далаға боқ басқан кезде туылсаң,
Сен қайтер едің Күлтегін!
Адырна біткен анталап тұрса атам деп,
Сұмырай біткен жатқанда жерді сатам деп.
Ықыластарың ықылық атып тұрғанда,
Сен қайтер едің Махамбет!
Қырантектілер құлап өлгенде қиядан,
Жылантектілер жемтігін тапты ұядан.
Аңдамай басып азаттығымнан айрылсақ,
Атылып кеткен Алихандардан ұялам...
Оғлан бабамның обаларындай тоналған,
Сол арман қайта ғасыр дертінен сор алған.
Қақпанға түсіп қасқыр қазақтың рухы,
Шыңғыс қағанның аппақ бұлтындай жоғалған.
Кіреукелерін күміс буына жалатқан,
Үрімге дейін үрім бұтағын таратқан,
Бабаларымның бейіті қалған бұл жерге,
Бір өзің жар бол Жартатқан,
Бір өзің жар бол Жаратқан!!!
Әлихан Мақашев

"Желтоқсан көшесі, N86 үй"
Ақиқатын білем деп анық жайттың,
Өткеннің шындықтарын анықтайт кім?!
Мен кеше Тарих шалдан әңгіме естіп,
"Желтоқсан" көшесіне барып қайттым:
Ол көше мұздай суық,тебіренген,
Боздақтар сұлап жатыр еміренген.
Ол жерде жастар жатыр елін сүйген,
Ол жерден талай қыршын өмір өлген.
Сол көшеде қалғандай маздап зар үн,
Өлімнің кететіндей қозғап бәрін.
Тәуелсіздік не екенін сезіндім де,
Рухыңа тәу еттім боздақтарым.
Ол көше қан-қан болған жазалы өңі,
Тым сұмдық,тым азапты,азалы еді.
Өздеріңнен бүгінге өлмейтұғын,
Қалып қалды "Тәуелсіз қазақ елі".
Маған мұра дархан жер,анау белдер,
Арқадан соққан салқын,самал желдер,
Бізге мирас боп қалған. Елім үшін
Ең құнды,ең бағалы адам мен жер.
Маған мұра атамның топырағы,
Маған мұра даламның атырабы.
"Ақтабан-Шұбырынды","сексен алты",
Қол бұлғап тарихымда жатыр әні.
Мен мына сахи жерге мұрагермін,
Шеше болып шерленіп жылап өлдім,
Әке боп қан майданда қан төккесін,
Келеді азат болып тұра бергім.
Бұл менің бабам қаны төгілген жер,
Аналар жасын төгіп егілген жер.
Тәуелсіз болу үшін ұрпақтары,
Ұлты үшін ұлдың жаны берілген жер.
Тәуелді емеспіз біз енді ешкімге,
Тарихым енді қайтып келмес мүлде.
Қандары төгілді шын қандастың да,
Жандары шықты білем жерлестіңде.
Анау жер көздің жасы көл болған жер,
Анау көл қайманаға ел болған жер.
Қиын-қыстау күндерде үш тұғырым,
Жағаға бас,қос жеңге қол болған жер.
Бермеймін бұл даланы мен ешкімге,
Мынадай киелі жер жоқ ешкімде.
Тарихқа тұнып тұрған төскейлерсіз,
Мен нағыз тірі жетім емеспін бе?
...Ішімізден жау шықты ішінара,
Мен оны алар емен түсіне ала.
Тәуелді бөрі болғым келмегесін,
Қасқыр боп қарсы шықтым КСРО-ға.
Ормандай орыстарды шың көрмедім,
Арыма сыз түсірді кімдер менің.
Мен кеше Керей болып көсілгенде,
Жеңіс еді әрдайым жүрген жерім.
Тәуелді болдым,басқа жоқ шеменім,
Қазаққа да азаттық жетсе дедім.
Со жылы қан алаңға шыққандығым,
Тәуелсіз ғұмыр еді көксегенім.
Туған жұртын мақтауда тосылар кім,
Әбілқайыр,Хан Кене осылармын.
Мен кеше "Абылайлап" жауға шауып,
Жекпе-жекте Шарыштың басын алдым.
Мен қазақпын ежелден сүйген жерін,
Кіндік қаны тамшылап тиген жерін.
86 алауын үрлегенмін,
Қарусыз-ақ жауымнан именбедім.
Қайталаймын бұл жерге мұрагермін,
Иесімін осынау құла белдің.
Мен кеше тарих болып тірілдім де,
Махамбет боп,Қайрат боп жылап өлдім.
...Келеді азат болып тұра бергім!
Ақсұңқар Алмахан
10 желтоқсан 2019 ж. 1 242 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031