Өлмей тұғын артында сөз қалдырған...
Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізінқалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды. Абай қазақ руханиятының басты тұлғасы. Қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі.
Ұлы ақынның мерейтойлық шарасы Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында «Абай» спектаклімен басталды. Бұл спектакль жыл бойы жүргізіледі. Сондай-ақ қаңтар айының 29-ынан бастап Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Кемеңгерліктің биік шыңы– Абай » атты 4 бөлімнен тұратын кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ Абай Құнанбаевтың өнегелі өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау мақсатында «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе» атты поэззия кеші ұйымдастырылып, облыстық кітапхананың кішкентай оқырмандары Абай өлеңдерін оқыды.
Қазіргі заман – әлеуметтік желінің жүйткіген заманы. Соған байланысты қазақ жастары әлеуметтік желіде Абай атамыздың туындыларынан үзіндіні мәнерлеп оқу бойынша челлендж бастаған болатын. #Abai175 хэштэгімен танымал бұл челлендж күн өткен сайын ауқымын кеңеюде. Акцияға Ресей, Беларусь, Ұлыбритания, Италия, Египет, Түркия, АҚШ, Украина, Австралия, Қырғызстан, Франция және Қытай сияқты елдің интернет қолданушылары атсалысып үлгерген. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевта челленджді қолдап, ұлы ақынның өлеңін оқып, эстафетаны министрлер мен белгілі әнші Димаш Құдайбергенге тапсырды. Осылайша, өзімізден бастау алған бұл челлендж Еуразия кеңістігіне кең тарауы біз үшін үлкен жетістік!
Гүлдана Шайхызада,
№8 П.Д.Осипенко атындағы
мектептің оқушысы