» » » Ғылымға бейімділік бірінші сыныптан басталады

Ғылымға бейімділік бірінші сыныптан басталады

Нұрғали Ақылбеков, жас ғалым:
Біздің анықтама:
  Нұрғали Икрамұлы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде химия мамандығы бойынша білім алды және осы оқу орнының «Физика-химиялық талдау әдістері» зертханасында инженер, жетекші маман қызметтерін атқарды. Білімін одан әрі жетілдіріп, педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін қорғады. 2014 жылдан бері Қазан ұлттық зерттеу технологиялық университетінде аспирант. Заманауи физика-химиялық талдау қондырғыларын меңгерген жас химик бұған дейін Арал өңірінің мұнаймен ластанған топырағын биопрепараттар арқылы тазарту технологиясын әзірлеген болатын. Енді медициналық химияда өзіндік қолтаңбасын қалдырды.



–  Химия пәніне деген қызығушылығыңыз неден басталды?
– Мектепте тарих пәніне қызығушылығым жоғары болды. Содан археолог боламын деп алдыма мақсат қойдым. Өйткені, сол кездегі археологиялық қазба жұмысында табылған дүниенің тарихын білуге құштар едім. Бірақ археолог болу бұйырмады. Кейін есейе келе, нарық сұранысын қанағаттандыру мақсатында химия пәнін таңдадым. Қиын сала болғандықтан химия пәнінен сабақ беретін мамандар жетіспейтін. Химия ғылымының берері мол, ол заттардың бір-біріне қосылуы мен айналуын және әртүрлі процестерді зерттейтін ғылым. Осы заңдылықтарды зерттеуге, анықтауға ынталы болдым. Химия ғылымына деген қызығушылығымды байқаған ұстазым – Нұрбол Аппазов. Ол бүгінде Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі. Университет табалдырығында білім алған тұста әрбір бастамамды қолдап, одан әрі қызығуыма ықпал етті.
– Облыс аймағындағы мұнаймен ластанған топырақты физика-химиялық әдіспен зерттеу жобасы туралы толығырақ айтып берсеңіз?
– Қызылорда облысы аймағы мұнай, газ, уран және басқа да табиғи ресурстарға бай  болғандықтан, оларды тиімді пайдалану қашанда өзекті. Мұнаймен ластанған топырақты зерттеу жұмысы ұдайы Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасында жүргізілуде. Зерттеу барысында заманауи үлгідегі физика-химиялық құрылғылар қолданылады. Біз ресейлік ғалымдармен бірлесе отырып, тек мұнаймен ластанған топырақты зерттеп қана қоймай, оны биопрепараттардың көмегімен тазартып, қайта қалпына келтірудің жолдарын қарастырдық. Осы мәселе аясында «Арал өңірінің мұнаймен ластанған топырағының мониторинг әдісін және ыстық климат жағдайында биопрепараттарды қолдану, тазарту технологияларын жасау» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмысын іске асырдық.
Қандай өнертабыстарыңыз бар?
  • – Негізгі өнертабысым – аса жоғары сәулелендіру  жағдайында күрделі эфирлерді синтездеу. Бактерияға қарсы дәрілік препараттардан 10 есе жоғары белсенділік көрсететін жаңа органикалық гибридті қосылыстарды жоғары жиілікті сәулелендіру жағдайында тұрмыста, парфюмерияда, өнеркәсіпте қолдану үшін жаңа органикалық зат ойлап таптық.
– Бүгінде диссертация қорғауға қызу дайындық үстіндесіз. Қандай тың мәселе көтермексіз?
– Рас, диссертация жазудамын. Күзде кандидаттық диссертациямды қорғау жоспарланған. Зерттеу барысында реакция негізінде жаңа антимикробты заттар синтезделеді. Сол түзілген заттардың физика-химиялық қасиетін анықтаймын. Жұмыс нәтижесінде саңырауқұлақтарға, паразиттерге қарсы биологиялық белсенділік көрсететін бензофуроксандар және медицинада антибактериалды дәрілік зат ретінде қолданылатын фторхинолондардан 10 есе жоғары биологиялық жаңа антибактериалды гибридті қосылыс алынды. Диссертация халықаралық ғылыми-ақпараттық компаниялар базасына (Web of Science (Thomson Reuters), Scopus) енген басылымдарда мақала түрінде жарияланып, бір өнертабысым Ресейде патенттелді.
–  Қазан қаласында білім алып жатқан жерлестеріміздің жай-күйі қалай?

  • –  Аймақ басшысының қолдауымен Сыр елінің жастары өңірге қажетті мамандықтар бойынша Ресейде, Татарстанда білім алуда. Бұл еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Жастардың шетелде білім алып, оны ел игілігі үшін пайдалануы құптарлық іс. Қазан қаласында қызылордалық магистранттар мен аспиранттар білім алуда. Мұнда зерттеу жүргізуге, озық технология жетістіктерін бағамдауға болады. Қазан қаласы ТМД елдері бойынша агроөнеркәсіп саласын әртараптандырған ел ретінде көш бастап тұр. Осы елдің озық тәжірибесін өзімізде жүзеге асыру жоспарланған. Ал мұнда білім алған жастардың алдыңғы легі бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде қызмет етуде. – Өткен жылы инновациялық жобалардың халықаралық көрмесіне, Италияның Милано Мариттима каласында өткен жас химиктер симозиумында қатыстыңыз. Қай елдің тәжірибесі көңілден шықты?
    – Инновациялық жобалардың халықаралық көрмесіне жиі қатысамын. Әсіресе, дамыған елдердің ішінде химия саласы бойынша үздік нәтиже көрсеткен Ресейдің тәжірибелері ұнайды. Сонымен қатар,  былтыр қараша айында Италияның Милано Мариттима қаласында өткен жас химиктер симпозиумында баяндама жасадым. Негізі орта ғасырдан бастау алған Италияның ғалымдары ғылымда едәуір жоғары көрсеткішке ие. Тіпті дамыған елдердің алдын орап кетеді. Симпозиумға келген жас химиктер мен Болонья университетінің профессоры Спинелли Доменикомен  тілдесудің реті келіп, тәжірибе алмастық.
    – Баланы жастайынан ғылымға, жаңалық ашуға қалай бейімдеуге болады?
    – Әр бала тумысынан дарынды. Тек ата-ана баланың қай салаға немесе өнерге икемі бар екенін дер кезінде анықтап, бейімдесе жеткілікті. Мәселен, АҚШ елдері баланың мүмкіндігін шектемеу қажет деген қағидаға берік. Тіпті, ол жақта баланың білімі бестікке емес, қандай жаңалық ашқанына қарай бағаланады. Мысалы, нөлдік сыныпты бітірген баланың өзі бір саланы зерттеу керек. Қалай дейсіз ғой? Әр балаға бір жануарды таңдап, соны зерттеуге тапсырма береді. Аз уақыт ішінде оқушы өз бетінше жануарлар кітабын оқып немесе бейнеролик көріп, ақпарат алады. Сынып болып зообақтағы жануарлармен танысады. Сол жиған материалдары бойынша жоба қорғайды. Осыдан бастап баланың бойында зерттеуге деген құлшыныс артады. Бала өз жобасын сыныпта көпшілік алдында қорғайды. Ондағы мақсат – бәсекелес орта қалыптастыру. Біз де осы тәжірибені 5 сыныпқа енгізсек артық  етпейді.
  • – Білесіз ғой, Елбасы латын әліпбиіне өзгерістер енгізді...
  • – Иә, латын графикасындағы апострафтар алынып тасталып, кей әріптердің диграф арқылы жазылатыны ұнады. Өйткені әріптердің апострофпен жазылуы техникалық тұрғыда қиындау. Осы уақытқа дейін әліпбиді бекіту мәселесінде екі жақты пікір қалыптасып жүрді. Соңғы нұсқа көпшілік көңілінен шығуда. Қазандағы жастар да әріптердің диграф арқылы жазылатынын қолдап отыр. Дегенмен, филолог болмағандықтан, бір жақты пікір  айту қиын.
    – Алда қандай жоспарларыңыз бар?
    – Кандидаттық жұмысымды қорғаған соң өзім білім алған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде қызмет атқарамын. Шетелден алған іс-тәжірибемді қазақ ғылымының дамуына жұмсаймын.
             – Дегеніңізге жетіңіз. Ғылым жолындағы ізденісіңізге сәттілік тілейміз.  
    Әңгімелескен: Айгүл ӘЛІШЕРОВА





23 ақпан 2018 ж. 1 152 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031