» » » ӘУЕН ТЕРАПИЯСЫН ЗЕРТТЕУДЕМІН

ӘУЕН ТЕРАПИЯСЫН ЗЕРТТЕУДЕМІН

Біздің анықтама
Айтолқын Ақынбабаева 1994 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық колледжінің «Педагогика және психология» факультетін тәмамдап, бүгінде аутист балаларға арналған «Асыл мирас» орталығында жұмыс істейді.
– Айтолқын, алдымен бір күніңізді сипаттап беріңізші...
– Таңертең сағат 8-де жұмысқа келемін. Одан кейін орталыққа келген балаларды күтіп алып, күнделікті жұмыс кестемізге сәйкес әдістемелік сабақтарымды өткіземін. Жұмыстан кейін бос уақытымды қызығушылықтарыма бөлуге тырысамын. Соның бірі – әуен терапиясы. Соңғы уақытта түрлі әуеннің аутист балаларға әсерін жан-жақты зерттеудемін. Мәселен, ұрмалы аспаптар баланың көңіл-күйін көтеріп, жағымды әсер етеді. Өзім ешқандай аспапта ойнай алмаймын. Дегенмен, гитара тартуды меңгергім келеді.
– Аутист балаларды тәрбиелеу саласына келуіңізге не себеп?
– Колледжде білім алып жүрген кезімде психологиялық ауытқуы бар балаға күтуші, әрі репетитор ретінде қосымша жұмыс істедім. Оны мектепке апарып, сабағына көмектесетінмін. Ол арнайы түзету мектебінде оқыды. Сол кезде сыныбында әртүрлі науқас балаларды көрдім. Олардың білім алуға ынтасы жоғары болғанмен, дұрыс бағыт пен күтімнің жоқтығынан көбінің деңгейі төмен екенін байқадым. Сол сәтте осындай балаларға қол ұшын бергім келетінін түсіндім.
– Осы аутист балалармен жұмыс істеу барысында қандай мәселе бар?
– Аутизм диагнозын ақпараттандыру, бұқараға жан-жақты түсіндіру жұмыстары соңғы жылдары ғана жолға қойылды. Баласының ауытқушылығын байқаса да, ата-ананың көбі «уақыт өте сөйлеп кетер, жазылып кетер» деген сенімде. Ертерек баланы дәрігерге көрсетіп, шара қолдануға асықпайды. Бұл бір жағынан қорқыныш сезімі, екінші жағынан бейқамдық менталитетімізге сіңіп кеткен. Осыны түбегейлі өзгерту керек. Ол үшін халыққа аутизм дертінің алғашқы белгілері кеңінен насихатталса екен. Сондай-ақ, түрлі әдістердің көмегімен баланы қатарына қосу мүмкін екенін айту керек және нақты кейіпкерлермен көрсету қажет. Шыны керек, бізде кәсіби мамандар тапшы. Аутизмге шалдыққан баламен жұмыс істеу үлкен жауапкершілік пен білімді талап етеді. Сондықтан осындай маман даярлайтын орталықтар, не ауқымды оқу орны ашылса игі болар еді. 
Ойып беруге:
Осы орталыққа келгелі бері есімде ерекше қалған бала бар. Ол алғаш келген кезде мүлде сөйлемейтін. Үш ай бойы баланың өзімен және ата-анасымен жүйелі жұмыс істедік. Осындай аз уақыттың ішінде ол сөйлей бастады. Тіпті адамның көзіне тура қарап, сұрақ қойды. Тынымсыз еңбектің нәтижесіне көзім жеткенде қуанышымда шек болмады.
– Өз тәжірибеңізде ерекше әсер еткен жетістігіңіз бар ма?
– «Асыл мирас» орталығына жұмысқа орналасқаннан кейін жылдың соңында мамандарды бағалау шарасы өтті. Сол кезде мен кәсіби маман ретінде мақтау қағазын алдым. Аз уақыт ішінде жеткен жетістігім өз ісіңді жақсы көрсең, алынбайтын қамал жоқ екенін дәлелдеді.
– Аутизм дертін көбіне көк түспен байланыстырады. Осының себебі неде?
– Әлемде 1000 адамның ішінде 2-не аутизм диагнозы анықталады. Соның ішінде ер балаға жиірек қойылады. Сондықтан оларға қолдау көрсету мақсатында аутизмді көк түспен ұштастыру белгіленді. Бүгінде аутизм дертін түбегейлі емдеу тәсілі жоқ. Оның алғашқы белгілер 3 жаста байқалады. Бала сөйлемейді, ойыншықтармен ойнамайды немесе бір қимылды қайталай беруі мүмкін, бір сөзбен айтқанда өзінің әлемінде өмір сүреді. Біздің мақсатымыз – баланы мүмкіндігінше түзетіп, қоғамға ілестіру. 2008 жылы БҰҰ бас Ассамблеясының шешімі бойынша 2 сәуір – аутизм дертін ақпараттандыру күні болып белгіленді. Осы күні барлық қаладағы ғимараттар мен ойын-сауық орталықтары көк түсті шамдармен жағылады. Сондай-ақ, халықтың назарын аудару үшін әуеге көк түсті шарлар ұшыру дәстүрге айналған.  
Сенімсіз сәттермен қалай күресесіз?
– Психология саласы бойынша білім алған кезде сенімсіздікті жоюдың түрлі жолдарын меңгердік. Өзіме ұнайтыны – шабыт беретін әңгіме оқу немесе бейнеролик көру. Сонымен қоса күйзеліспен күресудің бір әдісі – әуен терапиясы. Қамыққан сәтте классикалық әуен тыңдауды әдетке айналдырдым. Себебі ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, классикалық әуен адамның жүйке жүйесін тыныштандырып, ағзаға жағымды ықпал етеді. Өзім Бетховеннің туындыларын жиі тыңдаймын. Ал егер жаныңызды нақты бір мәселе мазаласа, ақ қағаз бен қалам алып, көңіліңіздегі өкпені, жағымсыз ойларды тізіп, емін-еркін жазып шығыңыз. Ескеретін жайт, грамматикалық қателігіне, сөйлемнің байланысуына мән бермеңіз. Ойыңызды жазып болған соң оны оқымай, жыртып, қоқысқа тастаңыз. Бұл әдіс – бойыңыздағы негативті қуат көзін жоюға жәрдемдеседі.
– Бақытты және бақытсыз балалық шақты қалай сипаттар едіңіз?
– Ата-анасының қолдауын сезініп, махаббатына бөленіп өскен адамның балалық шағы бақытты болған. Ал бақытсыз балалық шақ – ата-анасы бола тұра, баланың тиісті жылулық сезіне алмауы.
– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?
– Сөз бостандығы бар және инновациялық технологияларды бірінші ойлап табатын елмен болашағымды байланыстырғым келеді.   
– Егер бір ай бос уақытыңыз және шектеусіз қаражатыңыз болса, немен айналысар едіңіз?
– Еуропа елдеріне саяхаттар едім. Себебі саяхаттау еліңнің шекарасынан шыққан секілді ойыңдағы, бойыңдағы шекараларды бұзып, жан-жақты дамытады. Әсіресе, әлемдегі романтиканың символына айналған Парижге бару – арманым.
– Бес жыл бұрынғы уақытқа оралсаңыз, өзіңізге не айтар едіңіз?
– Айтолқын, уақытыңның басым бөлігін сабаққа бөлесің, білемін, дегенмен табиғат аясына шығып, түрлі мәдени орындарына жиі баруға  тырыс. Бос уақытыңды өзіңді-өзің дамытуға жұмса. Кітап оқы, таза ауада жиі серуенде және әр істе батылырақ бол!
– Жоспарыңыз қандай?
– Осы салада мол тәжірибе жинап, білімімді өзгеге үйрете алатын кәсіби тренер болғым келеді. Сондай-ақ, уақыты келгенде кәсіпкерлікке бет бұрып, дарынды балаларға арналған өнер мектебін ашу жоспарда бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан:
Әсел БЕГМАН
 
05 сәуір 2018 ж. 1 253 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031