» » » СПОРТТАҒЫ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ – СЫЙЛАСТЫҚ

СПОРТТАҒЫ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ – СЫЙЛАСТЫҚ


Мөлдір ЖАҢБЫРБАЙ, Каратэ-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы:
Біздің анықтама: Мөлдір Жаңбырбай, 1997 жылы 18 мамырда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да денешынықтыру мамандығы бойынша білім алуда. Каратэ спорты бойынша Әлем және Азия біріншілігінің сан мәрте жеңімпазы
 Каратэ спорты Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілгеннен кейін, каратэнің шебері Мөлдір Жаңбырбай шыңға шығуға шындап кіріскенге ұқсайды. Бұлай деуіміздің басты себебі – қайсар қыздың тынымсыз тіршілігі. Спорт пен сабақты қатар алып жүрген Мөлдір 2020 жылы Токио төріндегі Олимпиадаға қатысу үшін барын салатын сыңайлы. Ол әзірге әлем және Азия біріншіліктерінде, түрлі халықаралық турнирлерде қоржынға қос-қостап жүлде салып жүр. Мәселен, үстіміздегі жылы Польшаның Быдгощ қаласында өткен әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, биік тұғырдан көрінді. Тиянақты, ұқыпты спортшының жанарынан жалын, бойынан күш-жігердің тасып тұрғанын сұқбат барысында байқадық.
– Мөлдір, жалпы, бала күніңізден каратэмен айналысып келесіз. Спорттың осы түрін таңдауға не себеп болды?
Расын айтқанда, бала кезімде тентек болдым. Мектепте, далада көп нәрсені бүлдіріп жүрдім. Төбелеске жақын едім. Бұл қыз балаға жат көрінуі мүмкін. Бірақ спортқа деген ынта осыдан басталды. Жауынгерлік жекпе-жектердің арасынан каратэні таңдап, қатысуға ниет білдірдірдім. Содан бастап жаттығудан қалыс қалмай қатысып келемін. Санамда «мен үшін каратэ – өмірімнің мәні» деген мақсат сайрап тұр. Алғашқы және негізгі бапкерім – Рүстем Әбжамиев. Спортшының жеңіске жетуіне талант, еңбектен бөлек, бапкер мен шәкірт арасындағы түсіністік те әсер етеді. Сол себепті бапкеріме ерекше алғыс айтамын. Міне, менің спортқа келуімнің қысқаша тарихы осындай.
– Жалпы, каратистер қалай жаттығады? Бір күндік жаттығуыңыз қалай өтеді?
– Спортшының жаттығуы күнделікті адамның атқаратын қызметі секілді. Дүйсенбі мен жұма аралығында екі мезгіл, сенбі күні бір мезгіл жаттығамыз. Жексенбі – демалыс күні. Әр жаттығуымыз 2 сағатқа созылады. Таңертең физикалық жаттығуға көңіл бөлеміз, кешкі жаттығуда бапкерімнен  тактикалық тұрғыда білім аламын. Кейде күніне үш мезгіл жаттығатын сәттер де болады. Бұл маған ең бірінші сенімділік береді. Егер қарсыласыңнан көп жаттықсаң, сен оны міндетті түрде жеңесің. Еңбек еш кетпейтініне осы күнге дейін көзім жетіп келеді.
– Каратэ-до 2020  жылы Токио қаласында өтетін жазғы олимпиада ойындарының бағдарламасына енді. Мұнымен айтқымыз келгені Мөлдірді Токио төрінен көре аламыз ба?
Бұл спорттың бағдарламаға енгені жағымды жаңалық болды. Тіпті, көңілге қуаныш ұялатты Каратэнің әлемдік қауымдастығы бұған көп жылдардан бері қол жеткізуді армандап келген еді, енді міне, ол ақыры жүзеге асты. Негізі каратэні Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу жұмыстары 30 жылдан бері жүргізілді. 1985 жылы Олимпиадалық спорт түрі ретінде танылды. Бірақ бағдарламаға енгізілген жоқ. Содан бері осы спорт түрінің ұйымдары тыңғылықты жұмыс істеп, биыл сол мақсаттарына жетті. Енді, миллиондаған каратэші «Олимпиада чемпионы боламын» деген арманын іске асырып көрмек. Құдай қаласа, мен де сол шыңнан көрініп қаламын деген ойдамын.
– Өзіңді барлық жарыстан топ жарып жүргеніңді білеміз. Соңғы жарысыңды байқасақ, яғни Окіnawa open халықаралық жарыста  жүлделі 3-орынды еншіледің. Нәтижеге қарасақ, сен үшін қиын болған секілді. Жалпы, алтын тұғырдан көрінуге не кедергі болды? Сол аламанды  тарқатып айтып берсең?
Жоғарыда айтып өткендей бұл спорт түрі Олимпиадалық ойындар қатарына енгеннен кейін, көркі қыза бастады. Спортшылар тыңғылықты дайындықпен қатар, жауапкершілікпен де қатысатын болды. Қазір барлық жарыстан бірінші орын алу мүмкін емес. АлОкіnawa open халықаралық турниріне тоқталсам, біріншіден – бұл жарыстың алдында аяқ жарақатына тап болдым. Соның салдарынан бір ай бойы жаттығудан қол үзуге тура келді. Екіншіден – Жапонияның климатына сіңісу қиынға соқты. Осындай қиындық бола тұра намысқа тырысып, жүлдегерлер қатарынан көріндім.
– Әлемдік каратэ-до шеберлерінің ішінен кімді үлгі тұтасың?
Әлемге әйгілі Энди Хуг, Брюс Ли сынды каратэшілер талайдың идеалы болуы мүмкін. Сол секілді танымалдылыққа ие болсам деп жаттығу залына келгендер бар. Бірақ мен біреуді үлгі етіп, еліктеуді қаламаймын.
Алған жүлделеріңнің ішінде қайсысы өзіңе ыстық?
– 2013 жылы Әлем біріншілігінде ел намысын әлемдік аренада қорғау мүмкіндігі туды. Австралияның Мельбурн қаласында өткен біріншілік сәтті басталған. Бірақ жарыстың бел ортасында қарсыласымның айласына түсіп, жарысты сол жерден аяқтауыма тура келді. Енді болмашы жерден қателікке бой алдырғаныма қатты ызаланып, қайтсем де есе қайтарамын деп елге оралдым. Содан екі-үш ай өткеннен кейін Біріккен Араб әмірлігінде Азия чемпионатының ақтық сынында есе жіберген қарсыласым алдыма топ ете қалды. Не керек, «сәті келген істің салмағы жеңіл» деп, ойсырата жеңгенім бар. Сол жүлде менің жүрегімде сақталып қалды.  
– Қазақстан біріншілігіндегі өзіңнің бастықарсыластарыңды түгел білетін шығарсың?
– 50 келіде бақ сынайтын қарсыластарымды бөліп жармаймын. Өйткені барлығы каратэның майталмандары. Татамиде қарсылас болғанымен, өмірде доспыз. Спорт болған соң біреуін жеңіп, біреуінен жеңіліп жатасың. Негізі, қарсыласың мықты болған жағдайда бәсекелестік туындайды. Бәсеке болған жерде шыңдала түсіп, үлкен жетістікке жетесің. Спортта «мына спортшыдан бәсім жоғары» деп ойласаң, жеңіліске ұшырап, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр боласың. Енді каратэнің аудиториясы өзге спорт түрлеріне қарағанда өзгеше. Мысалы, біздегі рейтинг мәселесі жалпылама есептеледі. Қазір қыздар арасындағы рейтингте көш бастап тұрмын.
– Спорттан бөлек, өзіңді қай саланың белесінен көргің келеді?
– Бұл сұрақ төңірігінде ойланып көрмеппін. Бәлкім жас болғаннан кейін шығар. Әзірге ойдың бәрі спортта. Әр нәрсенің өз уақыты бар деп ойлаймын. Бірақ өзімді спортпен ғана байланыстармын.
– Үлкен спорт  саған не берді?
– Әлбетте, спорттың берері мол. Ел көресің, жер көресің. Біршама адаммен араласып, ой-өрісіңді кеңейтіп, көкірек көзіңді ашасың. Адамды тани білуді, сыйлай білуді үйренесің. Жалпы, бұл өмірде ең басты дүние – сыйластық қой.
– Қазір каратэден басқа қандай іспен айналысасың?
– Мен студентпін. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да дене шынықтыру мамандығы бойынша білім аламын. Сондықтан менің бос уақытымның көбі оқуға кетеді.
Әр жылдың өз жемісі болады. Тауық жылы несімен мерейлі болды?
Уақыт шіркін тоқтаусыз шыр айналып, зымырап өтіп жатыр. Ескі жылдың есігін жауып, тағы бір кезекті жаңа жылдың табалдырығын аттадық. Қалай десек те, өзімізге берілген белгілі бір жылдық уақыт аралығынан аман-есен өтіп, екінші белеске бет алғанымызға қуануымыз керек.Өткенге салауат айтып, ертеңге үміт артып үйренген қазақпыз ғой. Осы орайда тауық жылына өкпе арта алмаймын. Биыл елімізде алғаш рет Азия біріншілігі өткені мәлім. Сол бәсекеде топ жарып, елдің ықыласына бөлендім. Бұл – еңбектің бағасы. Есігімізге енді кіретін ит  жылы табысты болсын!
Сұқбаттасқан:
Ерасыл ШӘРІБЕК
28 желтоқсан 2017 ж. 1 325 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031