Сыр елін, Сыр жерін көзбен көргеніме қуанамын
Тамылжыған тамыз айының аяғына таман қалаға бір топ қонақ келді. Бұл сіз күткендей әнші не артист емес, болашаққа үлкен үмітпен қарайтын бір топ оқушылар. Жалпы саны 70-тен аса балалар сонау Арқадан ат терлетіп келген. Ақмола облысының түпкір-түпкірінен жолға шыққан қонақтардың негізгі мақсаты – Сыр өңірінің тарихымен танысу. Айта кету керек, бұл шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өлкетану» бағыты, «Менің Отаным – Қазақстан» жобасы бойынша ұйымдастырылып отыр. Елге келген қонақтардың бірі – Асқар Несіпбаймен танысып, алған әсерімен бөлістік.
Асқар Несіпбай, Ақмола облысы, Бурабай ауданы, №9 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы:
– Асқар, Сыр еліне қош келіпсіз! Әуелі өзің жайлы айтсаңыз, оқырманға түсінікті болу үшін кеңірек таныссақ.
– Қош көрдік. Мен Ақмола облысы, Бурабай ауданы, №9 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысымын. Қазақтың талай әншісі мен ақыны өлең арнап, ән жазған сұлу Көкше жеріненмін. Сыр бойына алғаш келуім. Сөз жоқ, мен сияқты болашақ тарихшы-археологтарға бұл сапар керемет әсер етті.
– Сонда сөзіңізге қарасақ, арманыңыз тарихшы болу екен. Бұл нақты қадам ба?
– Әрине, бұл менің бала кезгі арманым. Мектеп табалдырығын аттағалы аңыз бен тарихи әңгімелерді құмарта оқып, қызыға тыңдайтынмын. Жоғары сыныптарда Қазақстан тарихынан олимпиадаға қатысып, облыстан жүлделі болып жүрдім. Соңғы жетістігім – былтыр ғана республикалық олимпиададан екінші орынды жеңіп алдым. Алдағы мақсатым да сол. Жоғары оқу орнына түсіп, археолог болсам, тарихи жерлерді зерттесем деймін.
– Арманыңыз орындалсын! Енді айтыңызшы, Қызылордаға сапар сізге ұнады ма?
– Керемет! Айтпақшы, туған қалаларыңызға 200 жыл толуымен құттықтаймын! Ұйымдастырушылар бірінші күні қаланы аралатты. Қай
жеріне апарса да, сапар қызықты болды. Қорқыт ата атындағы оқу ордасында болдық. Тарихи-өлкетану мұражайындағы көптеген заттардың әрқайсысының жекелей тарихын жете түсініп шықтым десем де болады. Сосын Ә.Тәжібаев атындағы кітапханаға бардық, ондағы IT-PARK орталығымен таныстырды. Шыны керек, мұндай үлкен ғимаратта орналасқан тамаша кітапхана маған қатты ұнады.
жеріне апарса да, сапар қызықты болды. Қорқыт ата атындағы оқу ордасында болдық. Тарихи-өлкетану мұражайындағы көптеген заттардың әрқайсысының жекелей тарихын жете түсініп шықтым десем де болады. Сосын Ә.Тәжібаев атындағы кітапханаға бардық, ондағы IT-PARK орталығымен таныстырды. Шыны керек, мұндай үлкен ғимаратта орналасқан тамаша кітапхана маған қатты ұнады.
– Тарихи ескерткіштерді аралап, Жұлдызды қалашыққа барып көрдіңіздер. Әсеріңіз қалай?
– Ең ұнағаны, Қорқыт бабамыздың кесенесі. Мен осы жаққа шықпас бұрын, сіздердің облыс жайлы, ондағы тарихи орындар туралы кітаптан оқып, қатты әсерленгем. Ал, көзбен көрген тіпті керемет. Қатты қуандым. Бабамыздың кесенесі, ондағы қобыз үні, Ақсақ қыз хикаясы... Қазақ елінің, оның ішінде Сыр бойының тарихи ескерткіштерге бай екендігі жайлы кітаптан бөлек, тағы көзім жетті. Қазақстанның орта ғасырлар тарихындағы гүлденген Сығанақ қаласының орны ше?! Сығанақ жайлы көп оқығам. Онда барғанда қала орнында әлі де зерттеу жүргізілу үстінде екенін естідік. Келешекте мен де осы тарихи орынның сырын ашуға үлес қосқым келеді. Ал, Байқоңырдағы Жұлдызды қалашық бізге, әсіресе төменгі сынып оқушыларына қатты ұнады. Аспан әлеміне апаратын алып кеменің өзін көру бізді сондай әсерлендірді.
– Осындай қызыққа толы үшкүндік саяхаттан кейін ойға не түйдіңіз?
– Маған да, менің сапарластарыма да Сыр еліне саяхат керемет ұнады деген пікірдемін. Жазық далада мұншама қызықты нәрселер бар деп мен басында ойламадым. Тарихты оқып-білген біз сияқты оқушыларға өте керек. Оларды көріп біз ата-бабамыздың өмір жолын түсініп, өз жерімізді, елімізді сүйіп өсуге үйренеміз. Отанымыздың тарихын білу, оны құрметтеу – әрбір азаматтың парызы. Осы саяхатқа келген әрбір ақмолалық оқушы көп пайдалы мәлімет алды деген ойдамын. Келушілердің атынан ұйымдастырушыларға көп рахмет айтамын. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-маңызын толыққанды түсініп қалғандаймыз. Өз қаламызға барған соң, сіздер жайлы, қонақжай Қызылорда, тарихи Сыр елі туралы ұстаздар мен достарыма, ата-анама мақтанышпен айтатын болам.
– Көп рахмет, Асқар! Жолдарыңыз болсын! Ақмола жеріне үлкен сәлем!
– Рахмет аға! Қызылордалықтарға көп алғыс айтамыз!
Ержан ҚОЖАСОВ