РОБОТ ЖАСАУДЫ МЕКТЕПТЕ ҮЙРЕТУ КЕРЕК
«Zhas project» жобасының қатысушысы және Тасбөгет кентіндегі №172 мектепте физика пәнінің мұғалімі, Айдарбек Шаянбеков:
– Бағдарлама туралы қашан естідіңіз?
– Осы жобаның ұйымдастырушылары мектептерді аралап, арнайы түсіндірме жұмысын жүргізді. Сол кезде «неге қатыспасқа» деген ой келді. Дегенмен болашақта сұранысқа ие болатын саланы ұсынуды жөн көрдім. Өзіңіз білетіндей, технология қазір күн сайын емес, сағат сайын дамуда. Мәселен, Ресейде робот жасаудың негіздерін оқушы 1-сыныпта оқиды. Осы дерек маған қатты әсер етті. Сондықтан робот жасауды мектеп қабырғасында үйрететін үйірме ашамын деп шештім. Жобаның шартына сәйкес, 6 ай тегін оқытамын. Ары қарай ақылы негізде болады деп жоспарлаудамын.
– Идеяңыздың ерекшелігі неде?
– Мен өскелең ұрпақтың білімін жетілдіруге үлес қосқым келді. Робот жасауды үйрету үшін арнайы лего құрастырмаларына тапсырыс беріп қойдым. Бүгін кешке келу керек. Бұл жинақтың көмегімен 5 түрлі роботты құрастыруға болады. Нарықта жинақтың құны – 160-170 мың теңге. Инновациялық арнайы мектептерде болмаса, қарапайым мектепте мұндай жинақ жоқ. Сатып алуға қаржы қарастырылмаған. Міне, сол себепті мен үйірмені мектепте аштым. Алдымен балаға роботтың бағдарламасын жасауды үйретеміз. Кейін оны құрастырып, басқаруды қолға аламыз. Сондай-ақ, оқушыларды осы сала бойынша өтетін олимпиадаларға дайындап, республика деңгейінде талантты жастарды танытқым келеді. Қазір маған мектептен арнайы сынып берді. Құралдарым келсе, жұмысты бастауға дайынмын.
– «Zhas project» туралы ойыңыз қандай?
– Ең алдымен бұл – тың жоба. Жас маманға, кәсіпкерге үлкен мүмкіндік. Дегенмен ақша толық түспеген соң, кей заттарды алып үлгермедім. Мәселен, миллион теңгенің 475 мың теңгесі түсті. Оған оқушы санына қарай есептеп, робот құрастыратын лего жинағын алдым. Бірақ оның бағдарламасын жазу үшін ноутбук қажет. Амал жоқ, оны келесі ретте түсетін қаржыға аламын. Оған дейін оқушылар алып келетін ноутбукпен жұмыс істейміз.
– Жоспарыңыз қандай?
– Алдағы уақытта мақсатым – робототехниканы жас ерекшелігіне қарай үйрететін оқу орталығын ашу. Басқа да +6,+7 жастағы балаларға арналған жинақтарды сатып алып, робот жасауды оқушыға жастайынан үйреткім келеді.
Әсел БЕГМАН