» » » ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНА АЛАҢДАМАУҒА БОЛАДЫ

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНА АЛАҢДАМАУҒА БОЛАДЫ

 Шаһизада ӘБДІКӘРІМОВ, ақын:
   – Ақындыққа бетбұрыс жасауыңызға әлдекімнің әсері болды ма?
   – Мен Қармақшы ауданы, Жаңажол деген ауылда дүниеге келгенмін. Біздің ауыл дарияның жағасында орналасқан. Ол кезде ауыл керемет қой. Ауылдың айналасы көлдер. Дария тасиды да жатады. Айналаның бәрі аққу, қаз, түрлі аңдардан көрінбейтін. Шөптің де неше түрі болатын. Оның бәрі қазір түс сияқты. Қазіргідей жалаңаш дала емес. Осы бір табиғатты сүйдім. Сол әсер етті ме, әйтеуір, үй көрмейтінмін. Жасымнан еркін өстім, үйкүшік болған емеспін. Бес қыздың ортасындағы Өтетілеу деген шалдың жалғыз ұлымын. Мың бір түннің төрт томдығын бесінші сыныбымда оқыдым. Батырлар жырын, лиро-эпостық жырлардың бірде-бірін қалдырмадым. Шынын айтқанда, кітапты өте көп оқыдым. Алты оқитын кезім еді. Дастан деген көрші ағамыз болды. Әйелі – мектепте кітапханашы. Ескірген кітаптарды есептен шығаратын. Дастан ағам оны далаға тастай алмай, көлігімен әкеліп, өзінің сарайына жинап қоюшы еді. Шыққан жылдары 50-60-ыншы жылы демесең, су жаңа кітаптар. Ішінде қазақ тіліне аударылған әлемдік классик жазушылардың небір шығармалары бар, далада шашылып жататын. Оны Дастан ағаның балалары да, басқасы да оқымайтын. Бір күні сол кітаптардың барлығын сұрап алдым. Ол қуана-қуана берді. Содан бәрін шетінен үйге тасып, жатып алып кітап кеміргенмін ғой. Осы әдебиетті ынта қойып оқуым, оның үстіне табиғатқа деген махаббатым ақындыққа жол ашты деп ойлаймын.
– Сонда әдебиет те ізденіс маңызды ғой?
– Әрине. Жалғыз талантпен ұзаққа бармайсың. Мәселен, менің арғы тегімде белгілі ақындар болмаған. Бірақ менің әжем мен әкем өнерге өте жақын адамдар еді. Олар өлеңді шығарса шығаруы мүмкін ғой. Тек ізіне түспеген. Ал мен ақындықтың ізіне түсіп, ізденгендіктен осындай дәрежеге жеттім. Талантты екенмін деп, арқаны кеңге салуға болмайды. Қазір небір мықты да, нашар да, ортақол ақындар да бар. Солардың барлығының бойында шабытты қозғап тұратын талант бар шығар. Алайда өлеңнің көркемдігін, сұлулығын, басқа ешкім айтпаған ой мен тіркесті тауып алу үшін ізденіс қажет. Одан бөлек ақыл-санаңда ойды қорытатын табиғи түйсік болу керек шығар деп ойлаймын. Сосын білім керек. Қазіргі жас ақындар бір өлең жазып, мен былай деп айттым, мен жаңалық аштым деп ойлайды. Ал оны ертеректе басқа ақын қағаз бетіне түсіріп қойғанын оқымаса, қайдан біледі? Тіпті кейбірі қазіргі заманғы ақындардың аты-жөнін білмейді. Демек, шығармашылықтан мүлде хабары жоқ. Бұл – трагедия. Мысалы, кейбір жас ақындардан Ұлықбек Есдәулетті, Есенғали Раушановты білесің бе десем, білмеймін дейді. Мейлі мен анау ар жақтағы Қасым Аманжоловтарды айтпай-ақ қояйын. Қадыр Мырза Әліні білмейтіндер бар. Тұманбай Молдағалиевты айтсаң, анау ән шығаратын ақын ғой дейді. Еее, онда Е.Жақыпбеков, С.Ақсұңқарұлын сұраудың өзі бекершілік екен ғой деймін қарап. Мысалы, биылғы жылы мемлекеттік сыйлықты Тыныштықбек Әбдікәкімов деген ақын алды. Шынын айтқанда, кешегі сексенінші жылға дейін бұл ақынды ешкім білмейтін, танымайтын. Сөйтсе ол іштей дайындалып, әдебиетке жаңалық алып келгісі келетін, қазақ поэзиясында сілкініс жасауды алдына мақсат тұтқан ақын екен. Айналдырған бес-алты жылдың ішінде қазақ әдебиетіндегі тұлғалардың қатарына барып тұра қалды. Бұл ақындық талант пен ізденістің қуаты.
– Ал өңіріміздегі жас ақындардың ізденісіне көңіліңіз тола ма?
– Жалпы, жас ақындарға көңілім толмайды деп айтуға болмайды. Көш жүре түзеледі. Ертең олардың да арасынан мықты ақындар шығуы мүмкін. Мәселен, маған жас кезімде Қадыр Мырза Әлі сияқты ақындар сенің өлеңіңе көңілім толмайды десе, сөніп қалуым мүмкін еді. Өзіміздің өңірде де жақсы ақындар бар. Аты-жөнін бөліп-жарып айтпай-ақ қояйын. Мен оларға тек бірнәрсе айтамын. Көп оқысын. Ал ауылдың алты ауызын айтып жүре берем десе өздері білсін. Алайда әдебиетте атым мен қолтаңбам қалу керек, қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алуым керек десе – ізденсін. Онсыз ешкім мықты ақын бола алмайды. Бір нәрсені аңғару қажет. Осы кезеңдегі қазақ поэзиясы – әлемдегі ең озық поэзия үлгілерінің бірі. Орыстарда 60-ыншы жылдардың өзінде Е.Евтушенко, Кузнисов, А.Вознесенский сынды мықты ақындар болды. Арғы-бергісін түгендемегенде. Ал орыстардың қазіргі поэзиясы қазақтарға жете алмайды. Ал ертеректегі орыс ақындарымен қазақта тең түсетін ақындар болған. Қазір біз олардың поэзиясынан әлдеқайда биіктеп кеттік. Сондықтан поэзия әлемі туралы онша алаңдамауға болады. Тек сол жазған дүниені халыққа оқытудың жолдарын қарастыру қажет.
– Қазіргі қазақ журналистикасы жайлы ойыңызды білсек...
– Орташа. Мықты демейтін себебім, қазақ журналистикасында жауынгерлік, бүгінгі қоғамда болып жатқан, енді болатын жайттарды болжап, кеңірек қалам тербейтін адам аз. Мүмкін қазақ журналистикасының белгілі бір шектеуден шықпауы қоғамдық құрылымның әсері шығар. Оны жалғыз журналистикадан көруге болмайды. Бізге мемлекеттік деңгейдегі қамқорлық қажет. Екінші, шын мәніндегі сөз бостандығы керек. Ол билікке қарсы шабу емес, шындықты жеткізу, ешкімнің арына тимей-ақ, билікті сынамай-ақ, қоғамдағы теріс жайттарға билікпен қоғамның назарын аудару. Осылай жазатын бізде жауынгерлік рух жетіспейді. Оны істей де алмайтын жайттар болады. Өйткені көзге көрінбейтін ұстанымдар бізге оны рұқсат етпейді. Қазір мен қоғамның мұңын мұңдайтын бірдеңе жазсам, орта деңгейдегі бір шенеунік жамандап жатсың ғой деп хабарласуы мүмкін. Не сонда оны әкімдер ғана ойлауы керек пе, оны неге қоғам ойланбайды? Неге біз басшылардың аузына қарауымыз керек. Олардың бәрі ақылды деп кім айтты? Неге қоғам болып кемшілікті түзетпейміз?
– Сізді не алаңдатады?
– Мені еліміздің тағдыры алаңдатады. Әлемде тоғызыншы орын алатын аумағы қорқытады. Мынадай үлкен шекараны ұстап тұру қиын. Күндердің күні көптеген ел көз тікпесіне кім кепіл? Осы кездің өзінде алақ-жұлақ етіп отырғандар бар. Оны енді қарумен қорғай алмаймыз. Сондықтан Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры», «Мәңгілік ел» концепциясы, «Рухани жаңғыруын» осы бағытта қолдану керек. Мына ұлан байтақ атырап Әлемдік өркениеттің, адамзаттың алғашқы ордасы екенін дәлелдеу керек. Бұл жолдау керемет, даналық екен демей, сонда көрсетілген бағыттарды түсініп, сол бойынша жұмыс істеу қажет. Елімізді әлемге танытып, мойындатқанда ғана сырттан қатер төнбейтін болады.
– Қазір немен айналысып жатырсыз?
– Менің «Сүлейдария» атты жинағым және тәржімаларым шықты. Мен туралы тағы төрт кітап жарық көрді. Қырғыз ақындарымен ара-қатынасым жақсы. Біраз туындыларды қазақ тіліне аудардым. Өйткені менің екінші кітабым қырғыз тілінде шығып жатыр. 2003 жылы «Көк астындағы қағанат» деген жыр кітабым да аударылған еді. Ерулікке қарулық деген болу керек. Биыл қырғыздар Қызылорданың жиырмадан аса ақыны мен басы О.Сүлейменовтан басталатын тағы да жиырма қазақ ақындарының бір томдығын қырғыз тілінде 1000 данамен шығарып жатыр. Ал оның үйлестірушісі және демеушісі – облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. Жалпы тарихи деректер, ғарышқа байланысты дүниелер, өлеңнен бөлек, түрлі шығармаларды орыс пен қырғыз тілінен тәржіма жасаудамын. Сондай-ақ Байқоңыр ғарыш кешені туралы танымдық кітап дайындап жатырмын. 2020 жылы бағымды сынап, мемлекеттік сыйлыққа лайықты дүние берсем деймін. Тағы бірі – ұлы даланың ұлылығын танытатын үлкен туынды жазу жоспарда бар.
– Аға, халық назарын әдебиетке қалай бұрамыз?
– «Тұрсыным қалам ал дейді,
Үш ұлым жетім қалмай ма?» дегентоқсаныншы жылдары жазылған өлеңім бар еді. Сол кезде бүкіл адам нан табудың қамында жүрді. Кітап оқуың не, кітабын сатып, төрт бөлке нан мен екі консервіленген етке айырбастағандарды көргем. Ол заман артта қалды. Жастар кітапты қалай оқиды? Әкесі кітап оқымайды, кітап алып бермесе, оның ынтасы қалай ашылады? Үйінде кітап жоқ болса, оның махаббаты оянбайды ғой. Жиһаздар сіресіп тұрғанын қайтейін, үйінде баласы оқитын кітап болмаса. Сананы, миды сарқып жатқан ғаламтор. Бұл тығырықтан шығу үшін кітап оқу керек. Мысалы, дамыған технологияны түгесіп болған жапондықтар бәрінен жалығып, кітап оқуға көшіп жатыр. Жапон елінде «әрбір адам кітап оқу керек» деген қаулы бар. Қоғамдық көлігіне мінсеңіз, кітап оқып отырған жапондарды көрсеңіз, таңғалмаңыз. Бізде осындай дәрежеге жету керек.
– Мен өлеңімнен қателік кетпес үшін барлық жерін бітеп тастаймын дедіңіз. Ол не үшін қажет?
– Мен қазір әп-әдемі қылып он шумақ өлең жазып бере алам, бірақ одан бес кемшілік тауып алуың мүмкін. Өлең бір деммен шыққан соң қателіктерді байқамай қаласың. Оқыған біліміңді жазған дүниеңе бағыттай отырып, соның бойындағы асығыста жіберген қателіктерді қалыпқа келтіріп отырсаң, жақсы өлең шығады. Менің алдымда ана ақыннан қалмауға тиіспін, жыл сайын пәленше кітап шығаруым керек деген міндет жоқ. Келер жылға дейін жиырма өлең жазу керек деген де меже жоқ. Мен екі-ақ өлең жазуым мүмкін. Алайда, ол өлеңім талайды ұрып-жығатынын, көп ақынның талай кітабы ескерілмей жатқанда, менің сол өлеңім ескерілетінін іштей сезіп отырамын. Маған сол жетеді. Қатарларым, ақсақалдар мен балалар басына жастанып жатып оқитын кітап жазу деген қандай арман! Шіркін, сол күнге жетсек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Ақтілек БІТІМБАЙ
08 қаңтар 2019 ж. 1 164 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930