» » » Оқушы кезімнен-ақ ойымды жасырып қалмайтынмын

Оқушы кезімнен-ақ ойымды жасырып қалмайтынмын

  Нұрлан НҰРМАХАНОВ,
журналист, филология ғылымдарының кандидаты:

Нұрлан Көбегенұлы, сіз есіміңіз елге танымал аға журналистердің бірісіз. Қазір журналист мәртебесі туралы заң күн тәртібіне қойылғанын білесіз. Сонда бұл бұған дейін қоғамда мәртебеміз болмаған дегенді білдіре ме? Осыны сіз қалай қабылдадыңыз?
Журналист – о бастан тарихы тереңде жатқан, мәртебелі, қоғамға аса қажетті мамандық. Бүгінгі қоғамда саяси мәселелер жиі қозғалып тұрған сәтте заңның күн тәртібіне қойылуы биліктің бізді мойындай бастағаны болар, бәлкім? Дегенмен заңның аты – заң. Заңда белгілі бір шектеулер болуы мүмкін ғой, сондықтан журналистің мәртебесін зерделеуде осы саладағы мәртебесі биік мамандардың араласуы дұрыс деп есептеймін.
– Биыл журналистикадағы жолыңызға – 25 жыл. 45 жасқа келдіңіз. Жүрген жолыңызға осы күннің биігінен қарағанда не ойлайсыз?
– Қоғамдық саяси ахуалдың қиын болып тұрған кезеңінде, экономика жағынан жоқшылық қысқан жылдары, ел сегіз айлап ақша алмағанда, елді асыраған сол кезде ауылдағы төрт-түлік мал еді. Сол жылдары студент болдық. Шәкіртақы да кешігіп берілді. Материалдық жағынан қиындық сезілгенмен, рухани бай, кеудесі қазына асыл ағаларымыздың арқасында біздің рухани жан-дүниемізде жоқшылық болған жоқ. Сыр елінің аға буын журналистерінің көзін көрдім, олардан тәлім алдым. Өткен жылдарды ой сүзгісінен өткізсек, шығармашылық тұрғыдан алғанда еркін бағыт ұстандым, көзімді ашқалы тәуелсіз басылымдарда жұмыс жасағандықтан, өз-өзіме белгілі бір шектеу қойған емеспін. Өмірімнің өзегіне айналған журналистік жылдарым – шығармашылық жолым маған сонысымен қымбат.
– Өзіңіз айтып кеткендей, қиын қыстау кезеңде студент болдыңыз. Сол жылдары көптеген жас маман дипломы журналист болса да, мұғалімдікке бет бұрды. Сізде ондай ой болмады ма?
Мен Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың филология факультеті жанынан ашылған журналистика мамандығына алғаш құжат тапсырғандардың бірімін. Расында, оқу орнын бітіргеннен кейін менің алдымда екі таңдау тұрды. Бірі – журналист, бірі – мұғалім. Шындап келгенде, екеуінің бағыты да – ағартушылық. Алайда жүрегімнің таңдауы журналистика болды.
– Үйде жазатын адам бар ма еді?
Әрине бар. Айтсам, мақтанғандай боламын, өз тегімде де, нағашыларымда да өлең шығарып, жыр жазатын үлкен тұлғалар болды. Біздің үйге келмейтін газет-журнал жоқ-тұғын. Әкемнің көзі ашықтығы болар, сол кездегі "Мәдениет және тұрмыс" , "Білім және еңбек", "Жалын", "Жұлдыз" және түрлі балалар басылымдары, т.б. газет-журналдар келіп тұратын. Осы басылымдардағы ертегі-әңгімелерді анам маған оқытып, мазмұнын сұрап отыратын. Осының бәрі менің журналист болуыма әсер етті.
Сіз мен білетін адамдардың ішінде өте демократ адамсыз. Шынымен сіздің ішкі еркіндігіңізге кейде таң қалам. Үйде кенже бала емессіз бе?
Үйдің кенжесі емеспін, менен кейін бес жыл кіші бауырым бар.
 – Демек бес жыл еркелеп өскен баласыз...
– Иә, оның да әсері болуы бек мүмкін (күліп). Расында да, мектеп кезінен өз ойымды жасырып қалмайтынмын. Егер мұғалім дұрыс сабақ жүргізе білмей ме, онда мен шағым білдіремін, өз ұсынысымды айтамын. Мектебімізге аудан орталығынан орыс әдебиеті пәнінен қосымша сабақ беретін мұғалім келді. Бірде еш себепсіз сабағы болмады. Қабырға газетіне әлгі мұғалімнің міндетін дұрыс атқармайтынын жаздым. Содан мұғалімнің ісі жиналыста қаралып, сөгіс берілді. Әр адам, мейлі ол оқушы не мұғалім болсын, өз ойын бүкпесіз жеткізу қажет. Мектепте де, студенттік өмірімде де себепсіз "4" қойған мұғалімдерге уәжімді айтып, қарсылығымды білдіретінмін. Ол өз алдына ұзақ хикая. Бұл – әділеттілік жолындағы өзіндік ұстанымым.
– Ғылыми демалыстан кейін жұмысыңызды неге қайта «Халық» газетінде жалғастырмадыңыз?
– Журналистикада сатылап өскен жолымда, марқұм Әділхан Бәйменовтің есімі мен үшін ерекше ыстық. Ол кісі негізін қалаған Сыр бойындағы ең алғашқы тәуелсіз «Ақмешіт апталығынан» кейін «Халық» газетін жарыққа шығардық. Бұл газет облыстағы қоғамдық-саяси демократиялық бағытты ұстанған ең алғашқы басылым болды. Одан кейін ғылыми жұмысқа ден қойдым. Ғылыми жұмысыма байланысты алты ай журналистикадан қол үзуіме мәжбүр болдым. «Халық» қоғамдық-саяси газет болғандықтан, ғылым кандидаты атанғаннан кейін шығармашылығымды ағартушылық бағытқа арнауды жөн көрдім. Талай жылғы ойымның жемісі – "Әлімсақ" журналын жарыққа шығардым. «Әлімсақ» – Сыр бойы журналистикасындағы алғашқы журналдардың бірі. Шынымды айтайын, тоғыз ай ешбір еңбекақысыз тек қана журналдың жарық көруіне жұмыс істедім. Журналдың қырық беті деген үлкен салмақ қой. Сыр өңірінің тарихи белестерін, тарихи тұлғаларын, тарихи орындарын осы журнал бетінде тоқайластыру арманым еді. Осы тұста Аманжол Сақыпұлына айтар алғысым ерекше. Ол Сыр елінен бір журнал шығару керек деп жиі айтатын. Сол ойын мен іске асырдым, маған ең жақын тілекші болған да – Аманжол Сақыпұлы. Міне, жақында журналдың он жылдығын атап өттік. Он жылға арнап кітап басып шығардық. Он жылдың нәтижесін көптің алдына жайып салдық.
– Он жылдан астам уақыт болды. Мына заманда газет шығару оңай емес. Тіпті газет асырайды деп ойлаудың өзі ақылға сыймайды. Әлде сізді газет ғана асырап отыр ма?
– Адам әрбір дүниені бастағанда алдына үлкен мақсат қояды. Менің "Әлімсақ" журналын шығарардағы мақсатым Сыр елінің мәдениетін, әдебиеті мен тарихын таныту еді. Аллаға шүкір, тиісінше орындалып келеді. "Болашақ" университетінде аға оқытушымын, филология ғылымдарының кандидатымын. Кітаптарды редакциялаумен айналысамын. Пайдасынан гөрі жұртқа пайдалырағын көбірек ойлайтын, ағартушылық бағыттағы "Ұстаз мәртебесі" газетін жүргізуді өз міндетімдей көремін. Ізденген адамға жұмыс көп.
– Сіздің басқаруыңызда «Руханиятты жаңғырту» атты қоғамдық қор жұмыс істейді. «Руханиятты жаңғырту» «Рухани жаңғырудан» бұрын пайда болған деген әзіл-шыны аралас әңгіме бар. Бұл сәйкестік пе әлде шынымен де идеялар тоғысуы ма?
Сәйкестік деп айта алмас едім. Сол өзіңіз айтқандай, идеялардың тоғысуы болар. Арман алысқа жетелейді. Көкейімде жүрген  келелі істің бірі болатын. Рухани жаңғыруға бет бұруды 2009 жылдың сәуір айында бастадық. Руханияттың басылымы "Әлімсақ" журналы жарық көрді. "Руханиятты жаңғырту"қоры мен «Әлімсақ» журналының бірігуімен көптеген дүниені жарыққа шығардық. Соның бір парасы ретінде тұрақты түрде жас ақындар мүшәйрасын өткізіп жүрміз.
Біз сізді журналистика мәселелері десе жанып кететін адам ретінде жақсы білеміз. Журналистикаға қатысы жоқ адамдардың «Қазақстан Журналистер Одағына» мүше болуына мүлдем төзе алмайтыныңыз тағы бар. Бірақ өзіңіз журналистикаға ешбір қатысы жоқ адамдардың газет шығару ісіне атсалысасыз, жәрдем бересіз. Мұны қалай түсінуге болады?
Дұрыс айтасыз, журналист болмаса да Журналистер Одағына мүше талай адамды білем. Оның ішінде мұғалім де, дәрігер де, тіпті машинист те кездеседі. Кейіннен шектеу қойды, қазір кемінде бес жыл ақпарат саласында еңбек ету керек деген талабы бар. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі деген төсбелгісі бар адамдардан «бұл атақ не үшін керек?» деп сұраймын ғой. Сонда білгенім, бұл әсіресе, құдалықта абырой-бедел арттыруға жақсы екен. Ал, шынайы журналистерге не беріп жатыр бұл атақ? Ол тек қарапайым адамдардың тойдағы бір мақтангершілігі ғана. Ал, сіз айтқан газетке келсем, газеттің шығарушысы өзі көмек сұрап келді, сосын мен оған бағыт беруші ретінде жұмыс істедім. Көмектескеннің айыбы жоқ деп санаймын. Бұдан басқа түрлі тілекпен адамдар көмек сұрайды, әсіресе «Халық» газетінен бері қарайғы білетіндердің дені заң тұрғысынан құқықтық кеңес сұрай келеді, қай қайсысына да шама-шарқымша көмектесемін.Адамға көмек қолын созу міндетім.
«Ұстаз мәртебесі» деп тұтас бір газет шығарылғаны сынды қазақ бұқаралық ақпарат құралдары мұғалім мәртебесін көтеруге бір кісідей атсалысты. Бұны өзіңіз де жақсы білесіз. Ертеңгі күні мұғалімдерге мәртебе берілетін арнайы заң қабылданар болса, журналистердің өлшеусіз еңбегі бар оның ішінде. Бірақ мұғалімдердің дені осы мәртебесінің көтерілуін қазақ газеттеріне жазылу ісінен сырт айналу деп түсінетін сияқты.  Осы әділдік пе сіздіңше?
Бір оқиға есіме түсіп отыр. Газетке жазылу деген мәселе бұрыннан бар ғой, біреу еркімен жазылады, біреу мәжбүрлі түрде жазылады. Оқушы кезім болу керек, теледидардан Шерхан Мұртаза бастаған кіл мықтылар жиналған бағдарлама болып жатты, сонда осы мерзімді басылымдарға жазылу жайын талқылады. Шерағаңа: «Қазақ баспасөзіне мәжбүрлеп жаздыру керек пе?» деген сұрақ қойылды. Сонда Шерхан Мұртаза: «Керек!» деп жауап берді. «Қазақ басылымдарындағы қазақтың тыныс-тіршілігін тану үшін кейде осындай мәжбүрлікке баруға тура келеді», – деген еді Шераға. Бұған менің қосарым, газетте оқырманды ойландыратын пайдалы дүниелер жазылу керек, белгілі бір салмақ болу керек. Әр ақпарат құралы өз аудиториясымен етене жұмыс жасағанда ғана нәтиже болады.
– «Журналистер заң білмейді» деген мәселені жиі көтеретін адамсыз. Заң білмесем де журналист бола алам деп ойлауы мүмкін бір тілші. Ол неден ұтылады?
Тұлғалық жағынанұтылады. Шартты түрде, әрине. Қарапайым адам телеарнаға немесе қандай да бір басылымға келіп, осы мәселенің жайын білуге көмектесіңізші десе, егер журналист иығын қиқаң еткізіп, «мен оны білмеймін, анда барыңызшы, мұнда барыңызшы» десе, онда ол ұтылды. Дым білмейтін журналист болып шыға келеді. Журналист құқықтық, әлеуметтік, жеке еңбек шартына байланысты заңдарды білу қажет. Журналист – тұлға. Ол брифинг не іс шараларға қатысатын есеп беруші ғана емес, шиеленіскен жағдайда екі жақты татуластыруға жұмыс жасай білетін мәмілегер болу керек.
Біздің Сыр өңірінің журналистері жайында «сұрақ қоймайтын журналистер» деген пікір тарады қайсыбір жылдары. Тіпті афоризимге айналды десек қателеспейміз. Екі адам ғана сұрақ қоймайды: бәрін білетін адам және ештеңе түсінбеген адам. Біз таразының қай басындамыз?
Біз бәрін білетін және түсінетін адамдармыз (күліп). Әрине әзіл. Бірақ әзіл түбі зіл екенін өзіңіз де жақсы білесіз. Меніңше, редакторлар тарапынан талап болу керек. Мәселен, мен тілшілерді қандай да бір жиналысқа барар алдында сұрақ қоюға міндеттеймін. Сондықтан ол спикерді мұқият тыңдап, басынан-ақ сұрақ қоюға дайын отырады және сөз арасынан сұрақ тудыруға дағдыланады. Рас, бізде жиналыстарда уақытын өлтіріп, ұялы телефонын шұқылап отыратын журналистер бар. Қарап отырып қарның ашады.
– Сізді журналистикадағы заманауи тенденцияларды үйренуге талпынған адам ретінде бағалаймын. Әлеуметтік желілерде белсенділік танытуға тырысасыз. Пост жазасыз, басқаларға коммент қалдырасыз. Лайк басасыз. Бұны сіздің уақыт талабын түсінгеніңіз деп қабылдауға бола ма?
Қазіргі уақыт талабы біздің түсінгенімізге не түсінбегенімізге қарамайтын болды ғой (күліп). Заманауи технологияларды пайдалана білу арқылы журналист уақыт талабына ілеседі. Өнімін, яғни мақаласын, өткізеді, өзі жұмыс істейтін газет не журнал оқырмандарынан басқа да оқырман ойынан шығуға талпынады. Кері байланыс жасауға үйренеді. Мен жетекшілік ететін екі басылымның да электронды сайты бар, Facebook-те жеке парақшасы бар. Мүмкіндігімізше оқырман талабымен жұмыс істейміз.
– Балаларыңыздың журналист болғанын қалайсыз ба?
Мен балаларымның өз таңдауын жасағанын қалаймын. Таңдауларыңа қолдау білдіремін. Балаларым менің жазғандарымды оқиды, өз ойларын ашық білдіреді. Бірақ әзірге олардың журналист болуға ұмтылысы жоқ.
                                     Сұхбаттасқан Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
02 шілде 2019 ж. 972 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930