» » » ҚАРСЫЛАСЫМА КӨП АЯУШЫЛЫҚ ТАНЫТАМЫН

ҚАРСЫЛАСЫМА КӨП АЯУШЫЛЫҚ ТАНЫТАМЫН

   Мақсат  ИСАҚАБЫЛОВ, Сыр барысы, Әлем барысының қола жүлдегері:

− Мақсат, бүгінгі болмысыңызға қарасақ, бала күніңізде де бірінші атаман атанып, талай мықтының жауырынын жерге тигізген тәріздісіз...
‒ Спортқа бала күнімнен әуес болғаным рас. Үй маңында достарыммен күресіп, алысып жүретінімді байқаған әкем бесінші сыныбымда мені қазіргі жаттықтырушым Болатбек Кенеевке тапсырды. Бірақ мектепте өз күшімді көп көрсете бермейтінмін, өйткені сол кезеңде балаға тән ұялшақтық мінез басым болды. Жалпы мен ғана емес, отбасымызбен спортқа жақын, жанкүйер адамдармыз деп айта аламын.
 Кілемдегі ең алғашқы кездесу де есіңізде болар...
– Әрине. Ең алғашқы бәсеке оқушы кезімде өзім туып-өскен Қармақшы ауданында өткен. Әр аптаның соңына қарай дәстүрлі түрде аудандық жарыс ұйымдастырылатын. Ең бірінші сондай бір жарыста үшінші орын алғаным есімде. Бірақ сол кездегі қарсыластың барлығы мектеп кезінде ғана спортпен айналысып жүрді де, кейін жоғары спортта көріне қоймады.
– «Әлем барысында» Айбек Нұғымаровқа жол бердіңіз. Сәттілік жетіспеді ме, әлде дайындық кемшін болды ма?
 Айбек Нұғымаровтың менен он жас үлкендігі бар. Жас айырмашылығынан бөлек ол кісі екі дүркін «Қазақстан барысы», екі мәрте «Әлем барысы» атанған мықты палуан. Шынымды айтсам, аламанда маған тәжірибе жетіспеді, қазір сол қателіктерден ой түйіп, жұмыс жасап жатырмын. Биыл өтетін «Қазақстан барысында», «Әлем барысында» кемшіліктерді түзеп, жеңіске жетемін деп үміттенемін. Одан бөлек осы жылы Азия чемпионаты, Әлем чемпионатына да дайындық жүргіземіз. Алғашқы оқу-жаттығу жиыны ақпан айының жиырмасында Алматыда басталады. Осылайша жыл бойы ұлттық құрамамен бірге оқу жаттығу жиындарына қатысып, тәжірибемді толықтырамын.
 –Әлем мықтылары мен біздің палуандарды салыстырсақ, қай тараптың мүмкіндігі жоғары?
 Кешегі өткен «Әлем барысына» шет мемлекеттен елуге жуық палуан қатысты. Қазір шетелде де қазақ күресінің федерациясы жұмыс жасайды, соның нәтижесінде Өзбекстан, Моңғолия, Грузия, Тәжікстан  палуандары да алдыңғы орыннан көрініп жүр. Бірақ төл күресіміз болған соң, өзге палуандарға біздің жігіттер есе жіберген емес.
 – Жеңіске апарар жолдың кедергісіз болмайтыны белгілі. Сіз де бұла күштің бәсекесінде біршама қиындықты еңсерген боларсыз...   
– Оныңыз рас, негізі байрақты бәсекенің жауапкершілігі бәрінен басым болады. Мысалы, кешегі «Әлем барысына» қатысушылардың тізімінде әуел баста мен жоқ болатынмын. Ол жерде біздің елдің намысын қорғайды деп төрт палуан белгіленген еді. Алайда Айбат Сетен есімді палуан жарысқа бір апта қалғанда аяқ астынан сырқаттанып қалды. Ұлттық құраманың бас бапкерлері ойласа келе маған сенім артып, жауапкершілік жүктейтінін айтты. Мұндай жаңалықты жарысқа екі күн қалғанда естідім, шынымды айтсам қатты қуандым, өйткені әлемдік додаға қатысудың өзі үлкен жетістік қой. Ол кезде мен де тамағыма суық тигізіп, сәл ауырып жүрген болатынмын, бірақ мұны жаттықтырушыма айтпадым. Өз-өзіммен күресіп, «маған елім осындай үлкен үміт артып отырғанда, әлсіздік танытуға болмайды» деп қобалжуды жеңдім. Ал кілемде жеңіске жеткенімде көзімнен еріксіз жас шыққанын жасырмаймын.
– Қазақта «батыр аңғал» деген сөз бар. Палуанның біз білмейтін осал тұсы қандай?
– Менің кілемдегі ең бірінші қателігім қарсыласыма көп аяушылық танытамын. «Қарсыласқа қатігездік көрсетпейсің» дегенді жаттықтырушыдан да, жанкүйерден де жиі естимін, алайда сол мінезді әлі күнге жеңе алмай келемін. Менде үнемі «денсаулығына зақым келтіріп алмаймын ба, оқыс қимылдап қалып бір жері ауырып қалмай ма?» деген ой тұрады. Негізі кілемдегі қарсылас өмірде досың болу керек. Бірақ қарсыласты белдесуде аяу дұрыс емес, өйткені сен жылы қабақ танытқаныңмен ол сені жығып кететіні белгілі ғой. Сондықтан ең үлкен кемшілігім деп осы қасиетімді айтар едім.
– Қазақ күресінің облыстағы деңгейі мен даму бағытына тоқталсаңыз...
– Аймағымызда қазақ күресінің дамуы жоғары деңгейде деп айта аламын. Ізімізден білегі құрыш, жігері қылыш палуан інілеріміз өсіп келеді. Одан бөлек облыс әкімдігі, спорт басқармасы да осы салаға ерекше мән беруде. Соның нәтижесінде Сыр палуандарының есімін ел танып, қолдау көрсететін жанкүйердің саны артуда. Сондай-ақ бізден кейінгі буын арасында Еңбек Сақтағанов, Айдын Жыланбасов, Нұрдәулет Жақсылық ініміз ел чемпионатында топ жарып жүр.
– Осы орайда өз салмағыңызда бірге шығатын палуан бар ма?
– Нұрым Сәлімгерей атты палуан бауырымды көпшілік таниды. Біз бала кезден бірге өстік, тіпті отбасымызбен жақын араласамыз. Анам
сұрағандарға «Менің егіз балам бар. Нұрымды түнде, Мақсатты күндіз босанғам» деп әзілдейді. Себебі, Нұрым қара, ал мен сарғыштаумын ғой (күліп). Айта кетейін, Нұрым желтоқсан айында Ақтөбеде өткен әлем чемпионатында 100 келі салмақ бойынша «Әлем чемпионы» атанды.
– Спортта да төрешілер тарапынан қателік кететінін естиміз. Күресте де әділетсіздік бола ма?
– Иә, төрешілер де кейде қателеседі. Ара-тұра бұрмалаушылықтар да болып тұрады. Дегенмен оларға шағымданғаннан гөрі, келесі жарыста мықтылығымды дәлелдеп, жеңуді  дұрыс санаймын. 
– Ал сіз үшін ең басты қарсылас кім?    
 Қарсыласты мықты немесе әлсіз деп бөлген емеспін. Дегенмен Айбек Нұғымаров, Руслан Әбдіразақов, Ерасыл Қажыбаев сынды палуандарды талайдың жауырынын жерге тигізген, жұдырығы жуан спортшылар деп айта аламын. Негізі қарсыластың осалы болмайды, сондықтан бәріне бірдей үлкен дайындықпен баруға тырысамын.
– Қазақ «ер-азамат сегіз қырлы, бір сырлы» болу керек дегенді жиі айтады. Ал сіз спорттан өзге қандай салаға қызығасыз? – Аптаның әр тәулігінде екі мезгіл, таңертең және кешкі уақытты жаттығуға арнаймын. Ал бос уақытта атқа мініп, саятшылыққа шығып қайтатын жақсы әдетім бар. Әкем үнемі ер жігіт атқа мініп, мылтық ата білу керек деп айтып отырады. Спорттан бөлек Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да бастапқы әскери дайындық және заңгер мамандығы бойынша білім алғанмын.
– Болашақ палуандарда қандай қасиет болу керек? Олар осы сәттен бастап нені ескергені дұрыс?
– Дәл қазіргі қоғамда жастар уақыттың қадірін түсіну керек. Болашағың үшін еңбек етіп, жастық жігеріңді жақсы дүние үйренуге жұмсасаң, ертеңгі күнге нық сеніммен қарай аласың. Ал палуанға тән қасиеттерге келсек, ер-азаматта бірінші намыс, ұлтшыл мінез, еңбекқор ұстаным болу қажет.
– Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
  • Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИН
06 ақпан 2020 ж. 575 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031