» » » AMERIKADAN SALEM! ГАЛФПОРТТА ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

AMERIKADAN SALEM! ГАЛФПОРТТА ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

  Мектептегі орта білімді АҚШ-та жалғастыруды жөн көрген Әйгерім Мұхамбетқали қазір Галфпорт қаласында ағылшын отбасымен бірге тұрады. Осы аптада FLEX бағдарламасымен білім биігін бағындырғысы келген жерлесіміз оқырмандарға Миссисипи штатынан SALEM  жолдады.
 Америкаға FLEX бағдарламасы арқылы келген он жеті жастағы бойжеткен  осы кезге дейін қаладағы № 101 мектеп-лицейде білім алған. Алғашында ағылшындардың бір-біріне қамқорлық танытып, жылы сөзбен қолдау көрсететін болмысын қазақы қасиетке ұқсатқан ол елдегі білім саласының артықшылықтарын тілге тиік етті.
− АҚШ департаментімен бірге жүзеге асырылған FLEX бағдарламасы арқылы кез келген елдің жоғары сынып оқушылары осы мемлекетте тегін білім ала алады. Қазіргі таңда мен Галфпорт қаласындағы шағын мектептің 12 сыныбында оқимын. Бала күнімде әлемге саяхаттауды жиі армандаушы едім, қазір сол арманымның осы қалада орындалып жатқанына қуанамын.  Мұнда оқушылар студенттер тәрізді қажетті пәнді өздері таңдай алады, ал мұғалімдер мүмкіндігінше сабақты қызықты өткізуге барын салады. Мектептегі жасөспірім кезең оқушы үшін аса маңызды, себебі сол уақытта ол өз болашағы үшін мамандық таңдап, бала арманын ақиқатқа айналдыруға тырысады. Мұғалімдер осындай жауапты шақта оқушыға барынша қолдау білдіру керек, бізде осы дүние кемшін тәрізді көрінеді, − дейді кейіпкеріміз. 
Әйгерім Галфпорт қаласының алып жатқан аумағы айтарлықтай үлкен емесін, бірақ ол жерде ірі порт, кеме жасау орталығы және мемлекеттің маңызды туристік, рекреациялық, балық аулау аймағы орналасқанын айтады. Әрі өзі тұратын қала халқының ең басты мәселесін келесідей суреттеп берді.
−  Мұндағы тұрғындардың саламатты өмір салтын ұстанудың орнына зиянды тағамдарды шамадан тыс тұтынатыны жасырын дүние емес. Олар барлық нәрсенің оңай жолын іздейді. Спорттан алыс, аз қозғалатын халық үшін семіздіктің мәселеге айналуы белгілі дүние ғой. Бұл әрине мен тұрып жатқан қаладағы жағдай, ал үлкен қалаларда мысалы, Нью-Йоркте қимыл-қозғалыс көп, сондықтан тұрғындары бұл мәселеге алаңдамайды, − дейді ол.
Бос уақытын ас әзірлеп, би билеуге арнайтын Әйгерім қазіргі кезде испан тілін үйренуге басымдық берген. Алдағы уақытта өзі армандаған жоғарғы оқу орнына тапсырып, жиһангез атануды қалайтын Ақмешіттің қызы Америкада білім алып жүрген өзге де қазақ жастарымен жиі араласып тұратынын  қуана жеткізді.
− Біз бір-бірімізден бағдарлама барысында қандай әсер алғанымызды жиі сұрап тұрамыз әрі өзге елдің дамыған тұсымен кемшіліктерін ара-тұра талқылайтынымыз бар. Не дегенмен шет мемлекетте жерлесіңді жақын тұтасың ғой, сондықтан қиын сәттерде қолдан келген көмегімізді аянып қалмаймыз, − дейді Әйгерім.    

Гүлдана ЖҰМАДИН
16 сәуір 2020 ж. 639 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031