Менің ертегім
Ерте-ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауылы қызылда, құйрық жүні ұзында бір бай өмір сүріпті, төрт түлігі сай өмір сүріпті. Оның үйір-үйір жылқысы, келе-келе түйесі, табын-табын сиыры, отар-отар қойы болыпты. Мыңғырған малы, жүздеген қызметшісі бар байдың арманы жоқ шығар деп ойлайды былайғы жұрт. Балағынан он шақты бала өрсе де, оның да арманы бар еді. Әлемді шарлап, дүниенің төрт бұрышын аралағысы келеді. Ғаламның ғажайыбын тамашалап қайтсам деген ой жатса да, тұрса да маза бермейді. Неге кеткісі келетінін кейде тіпті өзі де түсінбейтін. Балаларының алды орда бұзар жастан асса, арты немерелерімен тұстас, он үшке толған еді. Ұл-қызының өзі жоқта қалай өмір сүретінін де сынап көрейін деген уәж ойлап тапты ақыры.
Бір күні түс көреді. Түсінде ай оңынан, жұлдыздар солынан туып тұр екен. Түсінде көргені түн сияқты болғанмен құшағын күн қыздырып, оның сәулесі жүзін қытықтап оятады. Көзін ашса, түндіктен күн сәулесі түсіп тұр екен. Күнде таңсәріден оянып, күн шықпай шырттай киініп, далада таза ауада серуендеп жүретін бай өзінің бүгінгі қылығына таң қалады. Ұйықтап қалғаным рас па деп ойлайды. Төсегінен тұрып жатып, түсін есіне алады да, еріксіз езу тартып, бір тәтті сезім бойын шарпып өткенін сезеді. Бұл бір жақсылық нышан екен деп ойлайды түсі жайлы. Бұдан әрі уақыт оздырмағаным дұрыс шығар дейді де, ертеңіне отбасы мен он екі қанатты ақ ордасын Аллаға аманаттап, байлығын балаларына бөліп беріп, өзі ас-суын әзірлетіп, жарау жүйрігін ерттеп мініп, жолға шығады.
Байекең айшылық алыс жерлерден өтеді. Жол бойы қаншама адамдармен дидарласады. Небір қызықты әңгімелерге құлақ түреді. Сапарының жүз пәленбайыншы күнінде кенеттен жол үшке айырылады. Үшеуінің де жолайырығында жазу бар еді. Оң жақтығысы «Шөл мен шөлейт», сол жақтағысы «Шың мен шатқал», ортада «Қала мен дала» деп жазылған еді. Бай әрі-бері ойланып, ортадағы жолға ат басын бұрады. Елсіз мекенде тоқтаусыз үш күн жүреді. Түс әлетінде айдалада алып бір теректің түбіне жайғасады. Жанында сылдырай ағып жатқан бұлақ бар еді. Бұлақтың мөлдір де мұздай суына шөл қандырып, бет-аузын жуып-шайып, тынығып алмаққа жантая кетеді. Көзі ілініп кеткен екен.
– Тұр, тұр! – деп оятады бір дауыс. Жан-жағына қарайды. Ешкім көрінбейді.
– Тұр, тұр! – дейді әлгі дауыс қайтадан. Орнынан тұрғаны сол еді, көзді-ашып жұмғанша әудем жерге ұшып барып, жерге қа йта тұра қалғанын аңдамай қалады. Кенеттен алып бәйтерек қақ айырылып, ортасынан су атқылай бастайды. Айнала көгеріп-көктеп сала береді. Көз алдында зәулім үй мен салтанатты сарайға толы шаһар пайда болады.
– Осындай қаланың салынуын күткелі біраз жыл болып еді. Тіпті содан бері ұзақ жылдар өткені сонша нақты айтылған күнін ұмытып та қалдық. Оны дәл білетін тірі жанды таппайтынымызға бәс тіге алам, – деді байды айнала ұшып жүрген бір құс.
Жіңішке әрі нәзік үнінен бірден таныды, «тұр, тұр» деп өзін оятқан осы құс екен ғой.
– Мені ұйқыдан тұрғызғаныңа қарағанда сен осы кереметтің болатынын алдын ала білген сияқтысың, – деді бай оны сөзге тартып, мейірлене қарап.
– Иә. Шаһарымыздың әміршісіне хабар бер деген жарлық келді.
– Әмірші? Қандай әмірші? Ондай жарлықты кім берді саған, – дегенінше болмады, қандай ғайыптан пайда болғанын белгісіз, адамдардың қалың нөпірінің өзіне қарай беттеп келе жатқанын көреді.
Дауылпаз ұрылып, керней тартылады.
– Шаһар әміршісін сайлаймыз! Шаһар әміршісін сайлаймыз, – дейді жаршы. Халық байекең тұрған жерді айнала қоршай қалды.
– Қазір бақыт құсы кімнің басына қонса, шаһарымыздың әміршісі де сол болмақ – дейді жаршы.
Халық бір деммен аспанға көз салды. Әлгі құс айнала ұшып келіп, байдың басына қонады.
– Сен біздің әміршіміз болдың! Біз саған бағынамыз! – деді халық бір ауыздан.
Бірінен соң бірі болып жатқан мына кереметтерге таң қалған бай өзінің осы қаланың әміршісі болғанына да сенер-сенбесін білмеді.
– Сендер кімсіңдер? Қайдан келдіңдер? Бұл қаланы кім тұрғызды? – деп сұрады. Бірақ оны ешкім естімеді. Әмірші ретінде өзіне құрмет көрсеткен халайық бұның таңданысын байқамаған сыңай танытты. Жиналған жұртшылық әп-сәтте ақ киізге көтеріп, ғажайып салтанатты сарайдың алдына алып келді. Байдың байқағаны, қала өте әдемі екен. Аспанмен таласқан ғимараттар бір-біріне ұқсамайды. Тәңірі мен табиғаттың ғажап үйлесіміндей, тіпті адам тұрғызған десе сенбейтіндей еді.
Әмрші сарайының қақпасының алдында кемпірқосақ сынды мың құбылып, бояуы күнге шағылысқан биші субұрқақтар әлдебір әсем әуеннің ырғағымен тербеліп тұрды. Айналаны қызылды-жасылды гүлзар қоршаған. Ақ мәрмәрмен өрілген қақпаның көлденіңнен ашылуының өзі ертегіге бергісіз екен. Сарайға барар жол жеміс-жидекті баққа оранған. Тамылжыта сайраған құстар үні құлақ түрген жанды жадыратқандай. Алтын жалатылған қабырғалар еңселі терезеден түскен күн сәулесіне шағылысып тұр. Жанға жайлы майда самал еседі. Еденге төселген қалың кілем жүріп келе жатқандай емес, бейне бір ұшып келе жатқандай әсер қалдырады. Алтынмен апталып, күміспен күптелген әміршінің тағына жайғасты байекең. Өң мен түстің арасында не болғанын тіпті бағамдап білер емес. «Ләппай, тақсыр, – деп иілген қызметші күміс кесемен сусын ұсынды.
– Сізге бір кісі келіп тұр, – деді уәзір.
– Кірсін!
Шапанының шалғайы жер сызған аққұба өңді, ақ сақалды кісі иіліп, құрмет көрсетті.
– Ассалаумағалейкум, әміршім!
– Уағалейкумассалам!
– Біз бір замандарда осы жерде өмір сүрген адамдардың ұрпағы едік, – деп бастады ол әңгімесін. – Уақыттың сиқыр күшімен көмескіленіп, көзге көрінбейтін біздің жағдайымыз сіздің осы қалаға табан тіреуіңізбен күрт өзгерді. Сіздің келуіңіз бізді сиқырдан босатты. Түсінде айы оңынан, жұлдызы солынан туған, күн құшақтаған бір адам келіп, бізді құтқаратыны айтылған бір замандарда. Сол уақыт бүгін туды. Біз сізге мәңгі қарыздармыз және қалтқысыз қызмет етеміз, – деп иіліп, ізет көрсетті.
Бай өзінің неге елден кеткісі келгенін, неге алыс жолға шыққысы келгенін енді түсінді. Мұның бәрі өзінің еркінен тыс болған оқиға екен.
Ж.САҒИДА