Арақпен достасу – адамдықпен қоштасу
Үйіне удай мас болып әрең келе жатқан інісіне ағасы "біздің әулеттен де атақты алқаш шықпай ма, деп қорқып едім, бауырым. Шүкір, сен шықтың ғой, әйтеуір" деп ұялтқан көрінеді. Міне, бүгінде шөлмекті серік еткен жандар көп. Әр бұрыштан шарапқа сылқия тойып, құлап жататындар да бар. Кеше балалар үйге жүгіріп келді. Мән-жайды сұрастырсам, қорыққан екен.
– Көшеде мастар жүр...
– Олар да адам ғой...
– Өз ұлына ұрсып жатыр, біз енді ойнамаймыз.
Ойын балалары мас адамды көріп, жан-жаққа қашыпты. "Мен мына үйге тығылып қалдым" деп сіңілім жылап келді.
Қ.Мырзаәлінің "арақтың істемейтіні жоқ, дәлірек айтсақ, істетпейтіні жоқ" деген сөзі рас болса керек. Бүгінде шөлмектің кесірінен не істеп, не қойғанын білмейтіндер көп. Шөлмек көрсе шөл қысатындардың көп болуынан елдегі қылмыстың көп болатыны жасырын емес. Тіпті қоғамда болып жатқан оқиғаларды естіп, жүрегің ауырады. Арақпен достастым дегенше адамдықпен қоштастым дей бер деген осы болса керек.

Қазір ішімдік атаулының дәурені жүріп тұрған бір кезең екендігі рас. Не ішемін, қандайын ішемін деп басты ауыртуға да тұрмайды. Ақшаңыз болса болды. Ішімдік атаулыға бостандық жүріп тұр. Осының себебінен ішімдікке әуестенушілердің жыл сайын көбейіп бара жатқаны ешкімге құпия емес. Ең бастысы, денсаулықты құртып, адамның санасын улап, адамгершілік қасиеттерден жұрдай ететін ішімдікке салынудың соңы қасіретті оқиғаларға соқтырып жатады. Досының басын жарып, келіншегін сабалау да осының салдары.
Маскүнемдерді емдейтін арнайы орталықтар жоқ емес. Жекесі де мемлекеттікі де бар. Дегенмен біріне пайдасы тисе, енді біріне түк көмегі болмайды. Өкінішке қарай, бірнеше айлық емдеу курсынан өтетіндердің бәрі бірдей ащы судан біржолата бас тартып кетпейді. Ауруханадан шыға сала араққа бас қоятындар жетерлік. Санасына сіңіп қалған ішімдікке деген құмарлық оларды емделіп шыққаннан кейін де еріксіз маскүнемдікке қайта әкеліп жатады. Барша қауым болып осы бір дертпен күш сала күресуіміз қажет сияқты. Қалай, қайтіп?!. Басты мәселе міне, осында…
Облыста рейд өткізіледі. Сауда орталықтарында түсіндірме жұмыстары да жүргізіледі. Дегенмен белгілі бір шара қолданылмайды. Мысалы, бір-екі дүкенге кең көлемде айыппұл салсыншы, өз қаражатын үнемдеу үшін ішімдік сатудан түбегейлі бас тартады. Бүгінде сатушының тұтынушыдан "жасың нешеде" деп сұрағанын да байқамайсын. Құжатыңды көрсет деп те айтпайды. Осылай жалғаса берсе қалай болмақ?
М.КЕНЖЕҒҰЛОВА